Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Медиация жүйесінің маңызы зор

Медиация жүйесінің маңызы зор
ашық дереккөз
Медиация жүйесінің маңызы зор
Тарихында талай-талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың күрескерлік рухына еріксіз тәнті боласың. Көшпелі ғұмыр кешсе де көшелі іс қылып, көргенділік пен көрегенділік таныта білген бабаларымыздың жолы – тағылымға толы. Алмағайып замандарда аталы сөзге тоқтап, әрбір дауды ақыл-парасатпен шешкендігінің өзі тектіліктің белгісі. Мұндайда көпті көрген билердің сөзі маңызды рөл атқарған. Терең танымымен, ерен пайымымен ерекшеленіп, әділдігімен қара қылды қақ жарып төрелік айтқан даналардың өсиетті әңгімелері арада қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жойған емес. Дана қазақта «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген сөз бар. Осы орайда туындаған кикілжіңдерді сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешу мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жіті көңіл бөліп, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында нақты міндеттерді айқындап берді. «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде. «Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы» заң қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек», дей келе, Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау мен сот жүйесі реформасы жөніндегі өкілдік комиссия құрылатынын айтты. Бірде белгілі батыр, әрі шешен Шақшақ Жәнібек Төле биге сәлем бере келіп: – Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып, билік құрайын ба? Елде кәрің болса, жазулы хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, – депті. Сонда Төле би: – Өгізді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда жадағайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң, мылтық жи, жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал, мақтаншақ жігіт жисаң – ұятқа қалдырар. Үркеншек ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі –құрт болар, тұман түбі – құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш. Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр, кәсіп болмай нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы», деген екен. Міне, елге құт болған билердің ізгілікті істері уақыт тынысымен жаңғырып, бүгін де өз жалғасын тауып келеді. Осы орайда Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің байыпты бастамаларын ерекше атап өткен ләзім. Қазыналы қариялар Жамбыл облыстық сотымен тығыз байланыста жұмыс істеп, көптеген істердің медиация тәртібімен шешілуіне, ағайын арасындағы ауызбіршілікті нығайтуға сүбелі үлес қосуда. 2022 жылдың 27 желтоқсанында Жамбыл облыстық сотымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында облыстың билеріне медиация бойынша семинар-тренинг өткізудегі мақсат та осы жұмысты одан ары жандандыруға бағытталған еді. Іс-шараны Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков ашып, дау-жанжалды шешуде медиация институтының маңызы мен қажеттілігін атап өтті. Аталған тренингті республикалық медиаторлар қауымдастығының басшысы, медиатор Нұрбала Оразқұлова жүргізді. Басқосу барысында облыстық соттың судьясы Дәулет Тасыбаев ҚР «Медиация туралы» Заңының сот тәжірибесінде орындалуы туралы мәселелерге тоқталды. Іс-шара аясында қатысушылар медиация тақырыбын, оның негізгі бағыттары, жанжалды шешу әдістері мен келіссөзді жүргізу жолдарын жан-жақты талқылады. Теория практикалық жаттығулармен бекітілді. Семинар нәтижесі бойынша билерге сертификаттар табысталды. – Дана қазақта «Ағадан – ақыл, атадан – нақыл» деген сөз бар. Үлкен кісілерден үлгі алатын тұстарымыз көп. Бұл тұрғыда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаевтың жетекшілігімен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесі 2018 жылдан іске кірісті. Есімі елге белгілі азамат Оңдасын Есіркепов төрағалық ететін Билер кеңесі келелі істердің басы-қасынан табылып жүр. Әсіресе облыстағы даукестік деңгейін төмендетуге қосып жатқан үлесі зор. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде ажырасу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл іске тағдыр деп қарағанымызбен елімізде барлық тіркелген некенің 40 пайызының бұзылып жатқаны жанға батады. Ерлі-зайыптылар дәм-тұздары жараспай екі жаққа кеткеннен кейін балаларға таласады. Бейкүнә сәбилердің еш кінәсі жоқ. Біз істі қарау барысында мән-жайларды толық анықтауға тырысамыз. Сонда ойынқұмарлықтың да белең алып бара жатқанына көз жеткізіп отырмыз. Әсіресе жастар арасында тапқан-таянғанын құмар ойынға тігіп, қарызға белшесінен батқандар көп. Мұндай үйде береке болмайтындығы белгілі. Қазіргі таңда біз осы бағытта медиаторлармен, билер кеңесімен көп жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті әкімдіктердің жанынан «Бастау» жұмыс тобы құрылған. Неке бұзуға шағым жазған отбасы иелерін әуелі сол жұмыс тобына жібереміз. Сол жерде билер, медиаторлар, психологтар, әкімдік өкілдері сөйлеседі. Мүмкіндігінше екі жақты бітімге шақырып, шаңырақты шайқалтпаудың жағдайын жасайды. Егер татуластыру мүмкін болмай жатқан жағдайда тиісті ұсыныстарын береді. Тағы бір өзекті мәселе, көршілер арасында келіспеушіліктердің көбеюі. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз бар. Шариғатта да көршімен тату болу керектігі туралы айтылады. Бауырды күнде көрмеуің мүмкін. Ал Құдай қосқан көршімен бет көріспей жүре алмайсың. Сондықтан да барынша түсіністік танытып, сыйластыққа сызат түсірмеген абзал. Өйткені көршімен арада кикілжің туса, күнделікті көріп жүргендіктен өшпенділік те үдей түседі. Ең дұрысы – ортақ мәмілеге келіп, қол алысып, құшақ айқастырса екен дейсің. Осындай ірілі-ұсақты жанжалдарда билер кеңесінің сөздері шешуші мәнге ие болып жатады. Билер кеңесінің азаматтық белсенділігімен, қоғамдық бастамаларымен тұрмыстық түйткілдердің түйіні тарқатылуда. Қоғамдық жұмыс болған соң ол кісілерге айлық жалақы да төленбейді. Соның өзінде аянып қалмай, ел-жұртты ынтымаққа ұйытуға күш салып жүр. Бір сөзбен айтқанда, билер кеңесінің мүшелеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Ж.Рүстембеков. Халқымыздың ертеден-ақ бірлікке ұйып, береке тапқаны бабалардан қалған өсиеттерде де айтылады. «Іргесі берік елді жау ала алмас, аузы бір елді дау ала алмас» деген. Бүгінгі қоғамда дауласқанды жауластырмай, бітімгершілікке шақыратын медиацияның алар орны айрықша. Осы мақсат аясында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері оң септігін тигізуде. Нәтижесінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Жоғарғы соты өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Бұл тұрғыда қоғамдық бірлестіктің Орталық кеңесі «Дәнекер» пилоттық жобасын жасап, ережесін бекітті. Жобаның көздегені де медиация тәртібін басшылыққа алып, дау-жанжалды шешуде қазақ билерінің тәжірибесіне сүйеніп, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру. – 2018 жылдың 18 қарашасында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 7 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кіріскен. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі зор, өмірлік тәжірибеге ие ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі жақты бәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда. Аудандық, ауылдық билер кеңесінің төрағалары болып есімі елге белгілі, халық сыйлайтын, тыңдайтын, құрметтейтін ардагерлер бекітілді. Облыстық билер кеңесінің бастамасымен қоғамдық орындарда болатын дау-дамайлардың, келіспеушіліктің алдын алуда, оны сотқа дейін жеткізбей шешуде билер кеңестерінің жұмысын одан әрі жақсартуға мән берілуде. Облыстық билер кеңесі республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасын басшылыққа алып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал деңгейін төмендету, құқықбұзушылыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды сақтау, жастарға, тұрғындарға құқықтық және адамгершілік тәрбие беру. Сондай-ақ аса ауыр емес қылмыстарды, отбасылық-тұрмыстық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей медиация тәртібімен тараптарды татуластыруға басымдық берілуде. Облыстық билер кеңесі іске кіріскен алғашқы күннен бастап облыстық сотпен бірлесе отырып «Билер кеңестері жайлы ереженің» жобасы жасалды. Аталған ереже 2019 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында өткен ардагерлер ұйымдарының республикалық жиынында талқыланып, мақұлданды. Сонымен қатар өз жұмыстарында басшылыққа алулары үшін басқа облыстарға таратылды. Ереже қабылдағаннан кейін кезекті мәселені – билер кеңестерінің мүшелерін оқытуды, бұрын айналысып көрмеген істің қыр-сырымен таныстыруды қолға алдық. Бұл жұмыс 2019 жылдың қаңтар айында басталды. Облыстық соттың ұйымдастыруымен облыстық соттың үлкен залында облыстық билер кеңесі мүшелері мен аудандық билер кеңестерінің төрағаларына арналған семинар өткізілді. Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңын басшылыққа алып, жұмыстарын жүргізулері үшін 85 ардагерге «Кәсіби емес медиатор» сертификаттары тапсырылды. Барлық деңгейдегі билер кеңестері құрамының біліктілігін арттыруға арналған осындай оқулар аудан орталықтарында да өткізілді. Бірнеше ауданның, ауылдық округтің билерін бір орталыққа жинап оқыту да жолға қойылған. Атап айтқанда, осындай жиындар Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Жуалы, Талас аудандары мен Тараз қаласында өткізіліп, 400 адамға сертификаттар тапсырылды. Бұл өз кезегінде билердің дауласқан тараптарды сотқа дейін бір мәмілеге келуіне кеңінен жол ашты, – дейді облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов. Жамбыл облысында билер кеңестері дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үдерісі барысында шешу бағытында іргелі жұмыс жүргізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Олар аз ғана уақыт ішінде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешіп, адамдар арасындағы өзара тату қарым-қатынастың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізуде. Айта кету керек, облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен 7 алқа мәжілісі, 3 «дөңгелек үстел», 22 семинар кеңес өткізіліп, 209 азамат қоғамдық қабылдауда болды. Облыстық және аудандық баспасөз беттерінде билер кеңестерінің жұмыстары туралы 300-ге жуық мақала жарияланды. Билер кеңестерінің іс-тәжірибесі туралы 3 кітап жарық көріп, жетістігі туралы жергілікті телеарналардан 6 рет көрсетілді. Сонымен қатар облыстық билер кеңесі «Үздік би» байқауын өткізді. Шерхан Мұртаза атындағы орталықта «Шешендік өнер – асыл қазына» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылып, қазақ халқының дәстүрлі шешендік сөздері, халық жүрегінде сақталған құнды мұралары мен асыл қазыналарымыз жас ұрпаққа кеңінен насихатталды. Облыстық билер кеңестерінің белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2019 жылы 420 дау-дамайлық істер қаралды. Оның ішінде соттан алып қаралғаны – 120. 2020 жылы 490 дау-шара шешімін тапқан болса, оның 150-і соттан алынып қаралған іс. 2021 жылы жалпы билердің көмегімен облыс соттарында 718 азаматтық іс бойынша татуластыру рәсімдері жүргізіліп, оның ішінде 322 азаматтық іс өндірістен қысқартылды. Жалпы билердің көмегімен қаралған істердің 44,8 пайызында тараптар татуласқан. Оның ішінде билердің көмегімен 100 азаматтық іс неке бұзу даулары бойынша, 60-ы жер дауы, 85-і қарыз өндіру, 77-сі міндеттемелі шарттарды орындау даулары бойынша татуласумен аяқталды. 2022 жылы билердің қатысуымен 437 іс қаралған. Отбасылық істер бойынша 356 татуласу шешімі жүзеге асты. Билер кеңесі қараған мәселелердің дені азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар. – Бір атап өтетін мәселе, билер кеңесінің тиімділігіне көз жеткізген сайын жұртшылықтың оған сенімі де артып келеді. Өткен мерзім ішінде билер кеңестерінің ұйымдастыруымен өңірлердегі билердің жұмыстарын насихаттау, түсіндіру, озат тәжірибелерді тарату мақсатында семинар-кеңестер өткізілді. «Дәнекер» жобасын жүзеге асыру барысында аудандардағы билер кеңестерінің жұмысын ай сайын саралап отырмыз. Әр аймақта облыстық семинар-кеңестер өткізіліп, тәжірибелер алмасуда. Солардың ішінде билер институтын қалыптастырудағы өзіндік ізденісі бар билер кеңесінің қатарында Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлының іс-тәжірибесі атап өтуге тұрарлық. 2021 жылғы 26 қаңтарда ол облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасында есеп берді. Атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, Талас аудандық билер кеңесінің кеңсесін тірек орталығы деп атау жөнінде қаулы қабылданды. Осындай шешім қабылдауға билер кеңесінің тәжірибесі себеп болып отыр. Сонымен қатар С.Әбсадықұлы «Дәнекер» қанатқақты жобасын белсенділікпен атқарып, осы істің танымдылығын арттырғаны және дау-дамайларды төмендетуге ықпал еткені үшін облыстық «Үздік би-2021» байқауының жеңімпазы атанды. Татуласудың балама әдістерін қолданғанда қандай оң нәтижеге қол жеткіземіз? Біріншіден, дау-дамайды сотсыз жылдам шешуге, екіншіден, уақыт пен қаржы шығынын үнемдеуге, үшіншіден, соттардың жүктемесін төмендетуге, төртіншіден, осының арқасында қоғамда азаматтар және заңды тұлғалар арақатынасында ауызбіршілік сақтауға мүмкіндік туады. «Дау мұраты – біту» қағидасын басшылыққа алып, ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы даулаушылықты төмендетуге ықпал ету мақсатында баспасөзге зор мән берудеміз. Билер кеңестерінің жұмысы туралы республикалық, облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар топтамасы тұрақты түрде жарияланып келеді. Аудандық билер кеңесінің жұмыс істей бастағанына үш жарым жыл уақыт болды. Сол аралықта 19 елді мекенде билер кеңестері құрылып, қазіргі таңда аузы дуалы, сөзі уәлі деген 60 би іріктеліп, жұмыс істеуде. Мысалы, 2022 жылы билер кеңестері 201-ге жуық дау-дамайды зерделеді, 60 іс аудандық сотпен бірге қаралды. Халық құқық қорғау органдарына беталды шағымдана бермей билер кеңестеріне жүгініп, дау-дамайды айғай-шусыз шешудің тиімді екенін түсінді. Соңғы жылдардағы талдау ерлі-зайыптылардың ажырасуының ауылдарда сирей бастағанын байқатты. Ауданда билер кеңесінің жанынан «Шешендік өнер мектебі» ашылды. Ашылғалы бері аудан көлемінде 6 мәрте сабақ өткізіліп, 3 мәрте шешендік сөз бен бата беруден жарыс өткізілді, – дейді Оңласын Қарабайұлы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту туралы берген тапсырмасы аясында билер кеңестері де байыпты бастама көтеріп, лайықты үлгі көрсетіп келеді. – Өркениетті елдерде даулардың 70-80 пайызы медиация тәртібімен шешіледі. Бұл жүйенің берері мол. Біздің елімізде де бұл бағытта арнайы заң қабылданған 10 жылдан астам уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізілуде. Қазіргі таңда ажырасу, қарыз алу, басқа да азаматтық істерге қатысты бітімге келіп жатқандар бар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста ортақ мәмілеге келіп, татуласумен аяқталған істер 39-40 пайыз деңгейінде болып тұр. Алдағы уақытта адвокаттар, билер, кәсіби және кәсіби емес медиаторларды жұмылдырып, бұл көрсеткіштерді едәуір жақсартсақ деген ойдамыз. Қоғам болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Әркімнің өзіндік көзқарасы бар. Тараптардың әрқайсысы өз әрекеттерін дұрыс деп санайды. Содан қарама-қайшылықтар туындайды. Дегенмен біз азаматтарға дауларды мәдениетті түрде шешудің тетіктерін үйретуіміз керек. Мұның барлығы, түптеп келгенде, адамдардың ой-санасына, адамгершілігі мен таным-түсінігіне байланысты. Осы орайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тарапынан медиация институтын дамытуға баса назар аударылуда. Сондықтан да алдағы уақытта билер кеңесі мен медиаторлар өзара ынтымақтастықты арттыра отырып, бірлескен жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, – дейді Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-бабамыз ұрыс бар жерде ырыс болмайтынын меңзеген. Дау туындаған жағдайда оны сотқа жеткізбей шешудің өзі парасаттылықты байқатады. Бұл тұрғыда Жамбыл облыстық сотының билер кеңесімен бірлесіп атқарып отырған жұмысы шын мәнінде де үлгі етіп көрсетуге тұрарлық.

Бақыт Жалғас

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар