«Мөлдір бұлақ» балаларды қуантуға дайын
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Батырхан Жолдас та балалар мен олардың ата-аналары алдында сөз сөйледі. Ол бүгінде елімізде 200-ден астам бала сауықтыру лагері бар екенін, алайда олардың 17-сі ғана оқу-сауықтыру, яғни жыл бойы жұмыс істейтін орталық екенін айтты.
– Еліміздегі жыл бойы жұмыс істейтін он сегізінші лагерь Жамбыл жерінде, қарт Тараздың төрінде ашылып отыр. Осындай айтулы оқиғаның куәгері болғаныма шын қуаныштымын. Балаларға қажетті жағдай жасау үшін бәріміз аянбай еңбек етуіміз керек. Өйткені балаларға жасалған әрбір игілікті іс – болашағымызға жасалған үлкен қадам. Балаларға жасалған құрметті елімізге жасалған инвестиция деп санау керек. Міне, осы ұстанымды Жамбыл жерінен көріп отырмын.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған жылдары біз көп лагерьлерді жоғалтып алдық. Олардың саны 600-ге жуық. Соңғы отыз жылдың ішінде мемлекет қаражаты есебінен балалар сауықтыру орталықтарына үлкен инвестиция құйылған. Сол сияқты балалардың жазғы демалу лагерьлерімен қамтылу көрсеткіші де төмендеу еді. Осыны ескере келе, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің алдына екі міндет жүктеді. Оның алғашқысы – 2026 жылға дейін ел аумағында 50 сауықтыру орталығын құру. Екінші тапсырмасы – резиденцияларды балалардың игілігіне беру. Осы екі тапсырманы да тұңғыш рет ел аумағында Жамбыл өңірі жүзеге асырып отыр. Осы игілікті іске үлесін қосқан әр азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Ел аман, жұрт тыныш, балаларымыздың болашағы жарқын болсын, – деді Батырхан Нұрланұлы.
Облыстық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев та ізгі лебізін жеткізді.
Ашылу салтанатына арналған концерттік бағдарламаның соңында «Мөлдір бұлақ» лагерінің туы көтерілді. Мұнан соң қонақтар жаңа нысанның құрылымымен танысты. Жалпы алаңы 10 гектарды құрайтын облыстық оқу-сауықтыру орталығында 5 жатын корпус, 2 бассейн, душ, монша, спорттық алаңдар, медпункт, әкімшілік корпус, үйірмелерге арналған ғимарат, коворкинг орталығы және гольф клубы бар.
Бүгінде кешеннің алға қойған міндеті – баланың ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарын, ғылым мен практиканың жетістіктерінің негізінде қалыптасуына, дамуына және кәсіби біліктілігінің артуына, оның бәсекелестікке қабілетті тұлға ретінде дамып, өсіп-өркендеуіне әсер ететін сапалы білім алуы үшін барлық жағдайларды жасау. Жыл бойына қызмет ететін орталық бір ауысымда 50 баланы қамти алады. Ауысымның ұзақтығы жазда 15 күнді құраса, қыс мезгілінде балалардың 20 күн демалуларына мүмкіндік жасалған.
Мекемеде маусымдық жұмыс істейтін қызметкерлер саны жалпы 20-ға жуық. Яғни мұнда 4 тәрбиеші, 7 тәлімгер, 3 медицина қызметкері, педагог-ұйымдастырушы, 2 денешынықтыру мұғалімі, аға тәлімгер және әдіскер қызмет етеді.
Мұнда балалар түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықтарын шыңдаумен қатар, волейбол, футбол, баскетбол сынды спорттық ойындарды ойнай алады. Сондай-ақ аталған мекемеде шахмат, тоғызқұмалақ және асық ату сынды ұлттық ойындарды дәріптеуге де ерекше көңіл бөлінген. Бұл – балалардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда ерекше рөл атқармақ. Бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, бой сергітулері үшін мерекелік кештер, байқаулар мен экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жас ұрпақты тәрбиелеу мен олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, бос уақытын пайдалы және қызықты өткізуге ықпалдасу мектепте берілетін біліммен қатар маңызды саналады. Сондықтан бұл орталықтың жұмысы өңірдегі оқушыларымыз үшін аса маңызды болмақ.
– Резиденцияның балалар демалысын ұмытылмастай қызықты етіп өткізетін сауықтыру лагеріне айналуы үшін үздік деген мамандар тер төкті. Лагерьдің құрылысына жергілікті бюджеттен 610 миллион теңге бөлінді. Жаңа сауықтыру лагерінде облыстың түкпір-түкпірінен келген 5-9-сынып оқушылары демала алады. Жыл он екі ай жұмыс істейтін мекеме болғандықтан оқушылардың білімін осында жалғастыра алатындығын айта кеткім келеді. Ол үшін мұғалім, педагогтар жұмыс істейді. Уақыт өте үздік мамандарды тарта отырып, техникалық және шығармашылық үйірмелердің жұмысы жолға қойылады. Сонымен қатар орталықта ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалған. Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету маңызды міндет болса, «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы бұл іске өз үлесін қоспақ. Тұрақты негізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орындар 10 пайызға қарастырылған. Яғни бір ауысымда кемінде бес демалушы осы санаттағы балалардың өкілдері болады, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен.
Алғашқы маусымда демалып жүрген 50 баланың осында келгеніне 3 күн болған. Десе де балалар аз уақыт ішінде лагерь тәртібіне үйреніп, бір-бірімен достасып үлгерген. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының кішкентай тұрғыны Нұрсұлтан Шүкірбек «Мөлдір бұлақ» лагеріне келгенін өміріндегі ең бақытты сәттерінің бірі санайды.
– Мен осында келгеніме өте қуаныштымын. Лагерьден үйренгенім көп болып жатыр. Алдымен – еңбек пен тәртіпке үйрендім. Күн тәртібіне сәйкес таңертең ерте тұру, жаттығу жасау, онан соң уақытпен таңғы асқа бару, асханаға бірімізді-біріміз итермей, жұлқымай кезекпен кірудің барлығы да тәртіпке баулу деп білемін. Ас ішіп болған соң тұрып кетпей ыдысыңды тапсырып, кезекшілігің келгенде асханадағы апайларға көмектесуді еңбекке үйрету дер едім. Сондай-ақ мұнда қаншама дос таптым. «Мөлдір бұлақ» табиғаты әсем жерде орналасқан. Тәрбиешілеріміз бізге Табиғат-анаға құрметпен қарау керектігін айтты. Яғни жайқалып өскен гүлдер мен ағаш бұтақтарын сындырмай, аяғымызбен таптамай жүрген жөн. Сұлулығын сөзбен сипаттау мүмкін емес әсем табиғатты аялау керектігін бұрыннан білеміз. Апайларымыз қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды тағы да еске салды.
Лагерьде спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар, логикалық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Кеше өзім сүйіп ойнайтын футболдан жарыс өтті. Жалпы осындағы демалысым жақсы өтіп жатыр, – дейді Нұрсұлтан.
Сондай-ақ салтанатты кеште аймақ басшысы мен өзге де қонақтар облыстық техникалық-шығармашылық орталығындағы өнертапқыш балалардың жұмысын көрді. Балалар қонақтарға өздері жасаған ұшақтарын аспанға ұшырып, кемелерін суға жүздіріп, яғни қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Мұнымен қатар «Асық ату», «Бестас» секілді қазақтың ұлттық ойындары да ойналды. Жетігенмен тамылжыта ән шырқаған оқушы қыздардың өнері де көпшілікті тәнті етті.
Қорыта айтқанда, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік дамуына, білім алып, жақсы демалуына, бос уақытын пайдалы өткізуіне арналған нысан балаларды қуантуға дайын. Лагерь қазіргі заман талабына сай мамандандырылған күзет жүйесімен және барлық корпуста бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Аталған мекемеде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған.
Келесі мақала