Халықтың қауіпсіздігі қадағалаудан тыс қалмайды
Елімізде табиғи апаттар мен болжаусыз келген оқыс оқиғалардың салдарынан жыл сайын талай қазақстандық зардап шегеді. Әрине, апат айтып келмейді. Дейтұрғанмен қандай жағдай болмасын кез келген табиғи немесе техногендік апатқа сақадай сай болуымыз керек. Сондықтан сала мамандарына артылатын жауапкершілік жүгі салмақты.
Биыл облыс аумағында көміртегі тотығымен уланудың 8 жағдайы тіркеліп, салдарынан 11 адам зардап шегіп, 1 адам қаза болған. Сондай-ақ биыл аумақтық бөлімшелермен авариялық-іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 778 тұрғын құтқарылып, төтенше жағдай аймақтарынан 313 адам эвакуацияланып, 199 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетілген.
Жалпы департамент қызметінің басты міндеттерінің бірі – табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу екені анық. Бұл бағытта облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, уақытылы анықтау және оның салдарын жою мақсатында қарқынды жұмыс жүргізілуде.
– Облыс аумағының ғарыштық мониторингін жүргізуге 2023 жылы 8 миллион 830 мың теңге бөлінді. Сөйтіп, базамызға ғарыштық мониторингтің 181 суреті түсті. Оның ішінде облыс аумағындағы су басу аймақтары көрсетілген 126 сурет, термиялық серифтер (жоғары, орташа және төмен температура ошақтары) көрсетілген 4 сурет бар. Біз осыған сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдары мен азаматтық қорғау қызметтері және кезекші-диспетчерлік қызметтері арқылы халыққа хабарландыру жіберіп, алдын ала ескерту жасап отырамыз. Мысалы, жыл басынан бері тұрғындардың қаза табуына және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы 82 дауылды ескерту жарияланды. Әрі облыс халқына 210 жағдайға байланысты хабарламалар жіберу арқылы қолайсыз гидро және метеожағдайлар туралы алдын ала хабарланды.
Сондай-ақ маусымдық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында облыстық, қалалық және аудандық комиссиялардың отырысы өткізіліп тұрады. Биыл комиссияның 32-і отырысы өтіп, төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған 108 мәселені қарады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев.
Өрттен бөлек, елді мекендерді, экономика объектілерін және халықты су тасқыны қаупінен қорғау да департамент қызметкерлерінің тұрақты бақылауында.
– Біз аймақтағы 7 су қоймасының, оның ішінде Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан 2 су қоймасы мен облыс өзендерінің арналары бойынша тасқын сулардың қауіпсіздігін тұрақты түрде бақылауда ұстаймыз. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасының іс-шараларын іске асыру мақсатында Талас өзенінің арнасы бойынша жағалауды қауіпсіздендіру жұмыстарын жүргізуге биыл 1 миллиард 723 миллион 600 мың теңге бөлінді. Қазірге дейін ұзындығы 2,5 шақырым жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Іске асыру мерзімі жыл соңына дейін жалғасады.
Бүгінге дейін гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін тексеру және нақтылау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Биыл 19 гидротехникалық құрылыста реконструкциялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған жергілікті бюджеттен 133,4 миллион теңге бөлінді. Ал 83 миллион 355 мың теңгеге аса қауіпті 12 гидротехникалық құрылысқа құлақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен құру бойынша есеп жүргізілді. Қазір жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда, – дейді Ермек Жамбылұлы.
Жалпы бірінші кезекте әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауапты. Әсіресе су айдындары мезгіл талдамай адамның өліміне себепші болады. Суға тұншығып зардап шегетіндердің дені жасөспірім балалар. Сондықтан балаңыздың қауіпсіздігін қадағалауды естен шығармағаныңыз абзал. Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 3 адам суға батып қаза тапса, біреуі бала.
Осы орайда «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы қатаң ұстанған департамент қызметкерлері биыл Тараз қаласындағы «Дельфин» және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешендерінің базасында 955 баланы оқытып, оларға жүзу қағидасын сақтау туралы ақпарат берген.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Жедел-құтқару жасағының» қызметкерлері Қаратау қаласының «Жартас» су қоймасында және Жаңатас қаласының «Комсомольское» қалалық жағажайында 100 балаға жүзу дағдыларын үйреткен.
Сондай-ақ республикалық Азаматтық қорғау оқу-әдістемелік орталығында жергілікті атқарушы органдардан 78 тыңдаушы білім алып, сертификат алса, департаментте 889 адам оқытылған. Ал шаруашылық объектілерінде 2 368 оқу-жаттығу өткізілген. Міне, осындай сақтық шараларын сақтау негізінде облыс аумағында шомылуға тыйым салынған жерлерде 360 белгі және ескерту сипатындағы 20 ақпараттық стенд орнатылған.
Келесі мақала