Басты мақсат – елге адал қызмет ету
Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ашық қоғамды қалыптастыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және азаматтардың сұраныстарына уақытылы ден қою басты назардағы мәселе. Азаматтардың құқығын қорғап, олардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жедел және сапалы қарау мәселесі ішкі істер саласындағы маңызды бағыт. Өтініштерді уақытылы қарап, оңтайлы шешімін табу халықтың полицияға деген сенімін арттыратыны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық полиция департаменті басшылығының үнемі бақылауында.
Халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және осы қызметте ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин азаматтарды жеке жиі қабылдап тұрады. Жұртшылықтың ішкі істер органдарына деген сенімділік деңгейін көтеру мақсатында тұрғындармен кері байланыс орнатуда.
– «Жаңа Қазақстан – жаңа бағыт, жаңа міндет. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс. Мәселен, «полиция – халыққа жақын болу қажет» деген қағида күн тәртібінен түспейді. Өзімізге жүктелген үлкен жауапкершілік пен тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеміз. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен халық арасындағы қарым-қатынасты нығайта беру – басты міндеттеріміздің бірі. Полиция үшін ең маңыздысы – ел сенімі. Ішкі істер органдарындағы жаңару жолдары өз жемісін беретіндігіне сеніміміз мол, – дейді Арманбек Хәкімбекұлы.
Полиция департаментінің басшысы облыс азаматтарын жеке қабылдауға қатысты атқарған жұмыстарын «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұрақты жариялап отырады.
«Осы аптада менің қабылдауыма 15 азамат келді. Сарысу ауданының 28 жастағы тұрғыны «WhatsАpp» топтары арқылы тауарларға тапсырыс жасап, алаяққа ақша берген. Ол өз тауарын 11 ай бойы күтіп отыр. Интернет қолданушылары бейтаныс адамдарға көзсіз сеніп, ақша жіберетін жағдайлар, өкінішке қарай, көп кездесуде. Қазір желіде жалған интернет-дүкендер мен жеке жарнамалар өте көп. Ғаламтор арқылы тауарларды сатып алғанда абай болыңыздар», делінген А.Баймурзинның соңғы жазбасында.
Сонымен бірге Байзақ ауданының тұрғындары мал ұрлығы дерегі бойынша жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше малды тапқан, бірақ ауыл тұрғындары бұл ұрланған малдың барлығы емес деп отыр. Алайда ветеринариялық паспорттарының болмауына байланысты дәлелдей алмайтындарын айтып отыр. Департамент бастығының тапсырмасымен істі тергеп-тексеру үшін Тараздан арнайы топ жіберілді.
А.Баймурзин ауыл тұрғындарына әрбір үй жануарына ветеринарлық төлқұжат алудың маңыздылығын атап айтты. Осылайша ұрланған малдың иесі екеніңізді дәлелдеу оңайырақ болады. Барлық өтініштер бойынша жауапты бөлініс басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ полиция генерал-майоры тұрғындардың әрқашан өтініш-тілектерін тыңдауға және сындарлы ұсыныстарды бірге талқылауға дайын екенін жеткізді. Департамент бастығының қабылдауына 8(7262)99-72-94 нөмірі бойынша жазылуға болады.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері департамент бастығы 171 тұрғынды, оның орынбасарлары – 34, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылығы 914 адам қабылдаған.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала