«ХАЛЫҚҚА ҚАУІП САУАТСЫЗДЫҚТАН»
Ер жігіт үшін елінің қорғаныс саласында қызмет ету теңдессіз бақыт. Мұндай абырой екінің біріне бұйырмайтын нәсіп. Құдайға шүкір, біз тәуелсіздік алғаннан кейін әскеріміздің айбынын асыруға барынша күш салып келеміз. Осы орайда тәуелсіздікті сақтап тұруда Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінiң де еңбегінің ерен екенін атап өткен жөн. Жалпы Отаныңның қауіпсіздігін күзеткеннен артық абыройлы іс болсын ба?! Біздің кезекті сұхбатымыздың сәті Кеңес үкіметінің тұсында Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып, полковник шенімен зейнетке шығып, кейін елдік мәселелер төңірегінде де біраз тер төгіп, бүгінде Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы қызметін атқарып, ақсақал болып жастарға ақылын айтып жүрген Сауранбек Жамалбековпен түскен болатын.
– Жақында ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 31 жылдық мерейтойын атап өттік. Бұл мерекенің сізге ардагер ретінде қандай әсері болды?
– Иә, уақыт өз дегенін алмай қоймайды екен. Біз де жалындаған жас, форма киген сарбаз болдық. Ал қазір көздің нұры тайды, баяғыдай қуат жоқ. Сондықтан кейде экран бетінен жастарға қарап, өзіңнің жас кезіңді еске алып бір күрсініп аласың да қоясың. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Одан бөлек мені тәуелсіздіктен кейінгі ұрпақтың көзқарасының мүлдем бөлек болғаны қуантады. Әрі өз Отанымыздың осындай берік құрылымды әскери базасының қалыптасуы оның өркендеп, дамуының өзін мерекеден де артық мереке деп ұғынған жөн.
Әрі әр саланың өзінің тарихы мен жаңа кезеңге аяқ басу сәттері болады. оның бәрін лайықты деңгейде атап өтіп тұрғанның еш әбестігі жоқ. Сол сияқты біздің қазіргі таңдағы Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқаратындардың да өзінің белгілі дәрежеде деңгейі бар. Олардың қатарындағы жастарды білімі жоғары, білікті мамандар деп есептеймін. Олар күні-түні халықтың қауіпсіздігін, Отанның тұтастығын, шекараның беріктігін күзетеді. Сондықтан сала мамандарына қоғам құрметпен қарауы керек. Ал жаңағыдай мерекенің атап өтілуін де сол құрметтің бір бөлшегі деп қараған дұрыс шығар.
– Дұрыс айтасыз. Бірақ халқымыз сала қызметкерлеріне құрметпен емес, керісінше қорқынышпен қарайтын сыңайлы. Әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін. Сіз қалай ойлайсыз?
– Сыртқы күштердің әсерінен бе, әлде басқа себептердің әсер етуінен бе, ішінара көзқарас дұрыс болмай жатады. Халыққа қарсы қызмет істеп жатқандай көрсететін де жат пиғылды ақпараттар жоқ емес. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Халқымыз тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін, тыныштық пен тұрақтылықты сақтау қашанда маңызды екенін естен шығармауы тиіс. Әрі Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне деген сенімдеріне жат пиғылды ақпараттар арқылы балта шауып алмауы қажет. Әсіресе жалған ақпарат вирус іспетті. Адамға тез жұғады. Әрі адамнан адамға тарайды. Өкінішке қарай, қазір адамдардың жалаң ақпаратқа сенуінің кесірінен ұлттық идеологиямыздың өркендеу жолына кесе-көлденең тұрып жатырмыз. Ал Қаңтар оқиғасы тәуелсіздігімізге түскен сынақ болды. Әскеріміз де, халқымыз да бар мен жоқтың арасында қалғандай күй кешті. Қайта Президентіміздің сабырлы саясатының арқасында тәуелсіздігіміздің қылшығын да қисайтпай сақтап қала алдық. Сол кезде қызмет істеген ҰҚК қызметкерлерінің еңбегі ерен. Әрине, кейін бір-екі қызметкер турасында керағар пікірлер айтылып қалатыны шын. Бірақ бір адам бүкіл ұлттық қауіпсіздіктің айнасы бола алмайтынын да аңғарғанымыз абзал.
Жауабымды толықтыра түсер болсам, Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет істеп жүргендерге қастандық көзбен қарамағанымыз жөн. Әрі ҰҚК қызметкерлері де өзін қызмет этикасына сәйкес ұстауы керек деп ойлаймын. Көрінген жерде қызметтік куәлігін көрсетіп, елді сескендіріп, қалай болса солай жүрсе, әрі осы салада қызмет істейтінін мақтан көріп, күллі жұртқа жариялап жүрсе, әрине заңға да, этикаға да жат дүние.
Меніңше, біздің ҰҚК-ге құпиялық пен қырағылық әлі де болса көп керек. Олардың қайда қызмет істейтінін барынша ешкім білмеуі тиіс. Әйтсе де құзырлы орган туралы пайдалы ақпарат халыққа көптеп таратылып, насихатталуы қажет. Сонда ғана халықтан құрмет, ал сала қызметкерлерінен сол құрметке лайық қызмет болады.
– Елдің егемендігін сақтауда кешегі батырлардың үлесі зор. Ал бүгінгінің батыры кім деп ойлайсыз?
– Бізде бір тарихи көзқарас қалыптасқан. Кешегі бабаларымыз қолына қылыш, шоқпар алып жауға шауып, батыр атанған деп ойлаймыз. Көз алдымызға Қабанбай, Бөгенбай, Қойгелді десе, денесі еңгезердей, алып қара күштің бейнесі елестейді. Бұл қате көзқарас. Біздің кешегі бабаларымыздың өзі батыр деген атқа екі жаудың басын алып жете салмаған. Олар ақылдылығымен, қол бастай алатын көрегенділігімен, парасаттылығымен, Отанына деген адалдығымен ғана батыр деген атаққа ие болған. Бүгінгінің батырының бойынан да сондай қасиеттерді іздеуіміз керек. Өз қызметін жауапкершілікпен атқарып, адал істеген, еңбегімен бала-шағасын асыраған адамның бәрі батыр деуге лайықты. Қыста ақ боранның өтінде, жазда аптап ыстықта қызмет атқарып жүрген қорғаныс саласындағы қызметкерлеріміз, шекара қызметіндегі әскерлеріміз, бәрі-бәрі бүгінгі заманның батыры деуге лайықты. Тіпті өзі кәсіп ашып, байып, адал жолмен жинаған ақшасын ауылын көркейтуге жұмсап жүрген адамдар бар. Оларды біз қалай батыр деп атай алмаймыз? Меніңше, батырлық дөрекілік пен қатігездік емес, керісінше мейірімділік пен адалдық. Бойынан осы қасиеттер табылған адамдардың бәрін батыр деп атауға болады.
– Ал батырлық адамға қайдан келеді?
– Ананың сүтімен, атаның ісімен дариды. Бірақ оны да дамытып отыру керек. Батырлықтың басы – тәрбие. Ішіне білім жинаған адам ешқашан сатқындық жасай алмайды. Ал таза, әділ жолмен жүрген адам ешқашан ешкімнен тайсалып, қорықпайды. Міне, батырлықтың келетін жолы да осында жатыр. Ұрпағым ер болсын десең, онда өзің ел үшін еңбек етуден аянбауың керек. Әрі батырлықты қазіргі жастар жуан жұдырықпен шатастырып алмауы тиіс. Атақты Бауыржан Момышұлының «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген керемет сөзі бар. Осыдан артық не айтуға болады. Алайда батырлықтың екі түрі бар. Бірі ісімен дәлелдейтін шынайы батырлық болса, екіншісі ауызбен ғана айтылатын жасанды батырлық. Жастар осының аражігін ажырата білсе екен деймін.
– Жалпы біздің ұлтқа қауіп қайдан деп ойлайсыз?
– Халыққа қауіп – сауатсыздықтан. Қазіргі жастар ізденбейді. Кітап оқымайды. Газет-журнал қарамайды. Телефонға телміріп, интернеттің шырмауына маталған. Сауатсыз материал мен мазмұнсыз мақалалар жастарымызды адастыруда. Сондықтан да жастар интернет алаяқтарына, басқа да ақпараттық шабуылдарға көп ұшырайды. Адам шынайы ақпаратты, сарапталған материалды, сараланған ойды тек қана кітап пен газет-журналдан таба алады. Егер сауатсыздық жалғаса берсе, онда біздің болашағымыз бұлыңғыр. Адам өмірге жұмыс істеймін, ақша табамын деп қана келмейді. Адам бірінші рухани жан тыныштығын қанағаттандыру үшін, санасын сауаттылықпен тәрбиелеп, біліммен демалу үшін келеді.
Екінші бір мәселе – білімді адам өзін де, Отанын да қорғай алады. Тіпті керек десеңіз жиған білімі арқылы Отанына еңбек сіңіре алады. Сауатсыздық жайлаған жерде ғылым өркендемейді. Жат діни ағымдардың жетегінде кету, есірткіге құмарту секілді жат әдеттердің арғы жағында сауатсыздық жатыр. Одан кейін сауатсыздық пен білімсіздіктің үлкен-кішісі, аз-көбі болмайды. Ол бір адамның бойынан табылса, бүкіл елге кесірі тиеді. Сананың қараңғылығы деген соншалықты қауіпті күш екенін әрбір адам білуі керек.
– Соңғы жылдары әскери борышын ерікті өтеушілер қатары азайған. Жігіттердің дені жалтарып, түрлі сылтау мен бармаудың жолын іздеп әлек. Отанқорғаушыларымыздың бұл әрекетіне қандай баға бересіз?
– Біз азаттық алғаннан кейін мүлдем артқа шегініп кеттік деп айта алмаймыз. Керісінше біз өз мемлекетімізді гүлдендіруге әрекет жасадық. Соның арқасында қазіргі таңда Орта Азияда қуатты мемлекетпіз. Әскеріміз де жыл сайын өзінің қуаты мен күшін арттыруда. Қалай болмасын бір елдің тәуелсіздігін сақтап тұруда оның әскері маңызды рөл ойнайтыны анық. Біз жастарымызға Отан қорғаудың тек қару алып соғысу емес екендігін түсіндіруіміз керек. Отан алдындағы борыш әскерге барып, міндетін өтеумен ғана шектелмейді. Оның өзі үлкен мектеп. Әскерге бару мақтанатын іске айналуы тиіс. Әр адам өз болашағы үшін күрессе, онда ол ұлтқа қызмет етіп жатырмын деп ойлай берсе болады. Өйткені сенің дұрыс жүріп, тәрбиелі ұрпақ өсіргеніңнің өзі мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосқанмен бірдей. Әскерге барудан бас тартатын адамдардың да санасы уланған. Мынадай бейбітшілік пен тыныштық ұйысқан мемлекетте, осындай мамыражай дәуірде өз Отаныңның әскері қатарына барып сап түзеп, әскери біліміңді арттыру қандай ғанибет, бақыт десеңізші. Әскер адамның ерік-жігерін шыңдайды. Жігіттің бойына ұлттық рух сіңдіретін бірден-бір орын. Сондықтан одан қашудың орнына жастарымыз қайта баруға асығуы керек. Қазір ғылым мен техниканың заманы. Қай салада болмасын техника тілін меңгермесек, артта қалғанымыз қалған. Сондықтан әскери салада да түрлі жаңа әдістерді ойлап табу керек. Қазіргі ең озық технологиялық қаруларды қолдану әдістерін, ондағы сарбаздардың ерік-жігерін шыңдайтын ұлттық тағылымы мол, жастарды патриотизмге тәрбиелейтін, оларды ерлік жасауға ынталандыратын сабақтар өткізілуі тиіс. Яғни бұл саладағы идеологияны жандандырып, әскери сабақтарды қызықты да сауатты өткізіп, жастардың арасында оң көзқарас орнату қажет. Сондай-ақ әскерге барған адам машық жасап, қаруды қолдану әдісін біліп, форма киіп қана қайтып келмеуі керек. Олардың саяси сауатын, мәдени көзқарасын ашып, кәдімгідей білім беруіміз керек. Яғни әскердің өзі үлкен тәрбие орталығы және білім ордасына айналуы тиіс. Сонда ғана олардың арасындағы құр барып босқа уақыт өткіземіз деген көзқарас жойылады. Екіншіден, ата-аналардың өзі баласының өміріне әскерге барудың қаншалықты әсер ететінін біліп, өздері-ақ жіберетін болады.
– Алайда біздің халықтық менталитетіміз де көп дүниені шешетін сияқты. Мысалы, кейде біз танымал әнші немесе басқа да өнер адамы белгілі дәрежеде қылмыс жасаған жағдайда оның өзін ақтап алуға тырысып жатамыз. Бұл мінезіміздің соңы неге апаруы мүмкін?
– Заң қашанда қараға да, ханға да ортақ екендігін естен шығармауымыз керек. Заңға құрмет көрсету – өзіңді сыйлау. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп кесіп айтқан. Міне, сол қағиданы біз ел болып естен шығармауымыз керек. Сонда ғана қуатты мемлекетіміздің іргесін тіпті де бекемдей түсеміз. Ең әуелі, адам әділдікті өзінен талап етуі тиіс. Ал өзіңде ондай әділдік жоқ болса, онда сенің ешкімге ренжуге құқың жоқ екенін ұмытпағанда ғана қоғамда әділдіктің абыройын асқақтата аламыз. Біз енді өз елінің заңына бағынатын, оған құрмет ететін сана қалыптастыра алсақ, онда тәуелсіздігіміздің бағы тіпті де баянды болмақ.
– Бүгінгі таңда өзіңіз сияқты ардагер ақсақалдарымыздан құрылған билер кеңесі деген ұйым жұмыс істейді. Билер кеңесінің билігі не шешеді?
– Бірауыз сөзбен айтқанда, біз үлкенді сыйлаған және тыңдаған елміз ғой. Қазіргі таңда билер кеңесіндегі мүшелер заңға өзгеріс енгізуге әсер ете алмаса да ел арасында заңдылықтардың бұзылмауына өз ықпалын жасайды. Біз көбінде отбасылық мәселелерді, ағайын арасындағы туындаған дау-шарларға қатысты жұмыстарды сотқа жеткізбей қарап, шешуге тырысамыз. Қоғамдағы отбасы құндылықтарының бұзылмауына, ерлі-зайыптылардың ажыраспауына себепкер екі елдің араздаспауына дәнекер боламыз. Мұндай даулар бұрын да қазақ арасында жиі болған. Оны сол кездегі билер өз қарауларына алып, шешіп отырған. Көбінде біздің алдымызға отбасылық жанжалға байланысты шағымданып келіп жатады. Біз оларды тыңдап, өз алқа мүшелерімізбен ақылдасып, әр екі тарапты жарастырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала