Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«KIDS GO FREE» АРҚЫЛЫ БАЛАЛАР ТЕГІН ҰШАДЫ

«KIDS GO FREE» АРҚЫЛЫ БАЛАЛАР ТЕГІН ҰШАДЫ
ашық дереккөз
«KIDS GO FREE» АРҚЫЛЫ БАЛАЛАР ТЕГІН ҰШАДЫ
Бала кезімізде әуеде қалықтап ұшып бара жатқан ұшақ көрсек, «самолет, самолет, мені өзіңмен ала кет» деп айқайлап, ұшақ көзге көрінбей кеткенше жүгіруші едік. Біздің бала қиялымызда ұшаққа міну арман секілді болып көрінетін. Ал қазіргі заманның балалары не деген бақытты десеңізші?! Олай дейтініміз, енді балалар да ұшақта турпакет аясында Қазақстан бойынша тегін ұша алады. Бірақ барлық баланың тегін ұшуға мүмкіндігі жоқ. Яғни 2019 жылы қолға алынған «Kids go free» жобасы арқылы 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаңызға туристік пакет сатып алуыңыз керек. Туристік пакетке жатын орны, тамағы, экскурсиясы кіреді. Сонда ғана сіздің балаңызға ұшу билеті тегін болмақ. Өткен жылы жарқын жобаның мүмкіндігін 20 мың бала пайдаланған екен. – «Kids go free» жобасы туризмді дамыту, әсіресе балалар туризмін дамыту мақсатында жүзеге асты. Көптеген ата-аналар демалыстарын тиімді пайдалану үшін, кезекті еңбек демалысын тамаша өткізу үшін турлар сатып алады ғой. Балаларға арналған турпакет те тура сол секілді. Тек мұнда тур сатып алғанда балаларға ұшақ билеті тегін болады. Туристік пакет алған жағдайда ғана балалар тегін ұша алады. Басқа жағдайда мүмкіндік жоқ, – дейді «KAZAKH TOURISM» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов. Қайрат Серікұлының айтуынша, Қазақстан бойынша барлық әуе компаниясы арқылы ұшуға болады. Балалардың санына шектеу қойылмайды. Балалар ата-аналарымен немесе жақын туыстарымен ұшуы керек. Ал билет алу үшін «Kids go free.kz» сайтындағы тізімде көрсетілген тур операторларға хабарласасыз. Отбасыңызға сәйкес келетін турпакетті таңдайсыз. Қажетті құжаттарды ұсынып, келісімшарт жасайсыз. Сондай-ақ мамандар жас туристер мен ата-аналары арасында ТОП-3 тізімге кіретін туристік бағыттарға Ақтау, Алматы және Түркістан қалалары кіретінін айтады. Осы жылдың жазында Алакөл көліне саяхат туры ашылды. Сонымен қатар тур операторлар жаңа Көкшетау – Бурабай курорты, Петропавл – Имантау – Шалқар, Павлодар – Баянауыл, Қарағанды – Қарқаралы бағыттарын әзірледі. Ал жоба аясында мегаполис қалаларға саяхаттап барсаңыз қайда демалуға болады? Астана қаласында «Оазис» жағажай клубы мен «BalQaragai» демалыс аймағы және «Ailand» отбасылық демалыс орталығы, «Жетісу» саябағы жаныңызға ерекше жайлылық сыйлайтыны сөзсіз. Ал Алматы қаласындағы балалармен демалуға арналған орындар тізімінде «Kids go free» ботаникалық бағы, «Family Park» пен «AlmatyHawaii & Miami аквапаркі», орталық мәдениет және демалыс саябағы бар. Оператор Кәмшат Орынбекқызы көне, киелі Түркістан қаласына саяхаттағандар Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелеріне барып, тағы да басқа көрікті жерлерді аралайтынын айтады. – Балалар тарихқа сүңгіп, қазақтың ұлы хандары, батырлары мен билері туралы көптеген аңыздар және дастандармен таныса алады. «Керуен сарай» кешенінде демалуға болады. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда қатарлары мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес, кинотеатр және отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Қазақстанның үздік қолөнершілерінен шеберлік сағаттарын алуға болады, – дейді К.Орынбекқызы. Сондай-ақ турпакетті алу үшін ата-ананың жеке куәлігі, балалардың туу туралы куәлігі және туроператорлармен келісімшарт қағазы, төлем жайлы түбіртегі болуы керек. Ең маңызды мәселе – турпакеттің бағасын білмек мақсатта операторларға хабарласқанымызда баратын адамның санына, қонақүйдің сапасына, күнделікті ішетін ас-суына байланысты екенін жеткізді. Яғни баға әртүрлі. 300 мың мен 1 миллион теңгенің арасы. Тур сатып алу арқылы ақшаңызды 30-40 пайыз үнемдейсіз. Айта кетейік, 2 жасқа дейінгі қазақстандық сәбилер де көп жағдайда шетелге тегін ұшады. Дегенмен тіркеп, «бос билет» алуыңыз керек. Әйтпесе балаңызды қалдырып кетуге немесе өзіңіз де қалуға мәжбүр боласыз. 2-12 жас аралығындағы балаларға орын алу міндетті. Көбіне бағасы ересектер билетінің жартысына жуық болады. Тағы бір айта кететін жайт, егер дәл ұшатын кезде бала екіге толып қойған болып, билет алғанда «екі жасқа дейінгі бала» деп көрсетсеңіз, баланы өткізбейді. 3 жасқа дейінгі балалардың арбасын тегін тасымалдайды. Мүгедек балалар тегін ұша алады. Біздегі әуекомпаниялардың ішінде мұндай жеңілдік тек «SCAT»-та бар. Бірақ жылына бір рет қана алуға болады. Әрі баланың жанында міндетті түрде ересек адам еріп жүруі керек. Оған билетті кәдімгі тарифпен алады. Баланың мүгедек екенін растайтын құжатты көрсету міндетті. Жеңілдікпен берілетін билеттер «SCAT» әуе компаниясының сату кеңселері мен өкілдіктерінде ғана рәсімделеді. Тәй-тәй басқан бастаманың қарқыны жаман емес. Әйтеуір жұртшылықты елең еткізген жаңалық жақсылығымен келгей. Әзірге барды ұқсатып пайдалансақ та игі.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар