Ең, ең, ең...
...көне мумия табылды
Жыл басында зерттеушілер Египеттің астанасы Каир қаласының маңынан көне қабір тапты. Археологтардың айтуынша, қабірде ең көне әрі ең жақсы сақталған мумия болуы мүмкін. Мумия 4 300 жыл өмір сүрген бесінші және алтыншы династияға тиесілі делінеді. Ол Саккардағы сатылы пирамиданың жанындағы қабірдің 15 метрлік шахтасынан табылған. Археологиялық топтың жетекшісі Захи Хавасстың айтуынша, Гекашепес есімді ер адамның мумиясы ерітіндімен мөрленген әктас саркофагында жатқан. «Бұл мумия Египетте осы уақытқа дейін табылған ең көне және ең «толық» мумия болуы мүмкін, дейді Захи Хавасс. Бұдан басқа қабірлерден бесінші әулеттің соңғы перғауыны Унастың тұсында ақсүйектердің бақылаушысы және діни қызметкер болған Хнумджедефтің қабірі табылды. Қабір күнделікті тұрмыс-тіршілікті бейнелейтін суреттермен безендірілген. Тағы бір қабірде «құпияларды сақтаушы және сарайдың ұлы көсемінің көмекшісі» Мәриямның мумиясы болып шықты. Қабірлердің арасынан көптеген мүсін табылды. Оның бірінде ер адам мен оның әйелі, олардың бірнеше қызметшісі бейнеленген....бойы ұзын сүтқоректі
Әлемдегі бойы ең ұзын сүтқоректі – ұзындығы 2 метрден асатын, шоқтығына дейінгі биіктігі 3 метрге жететін, жерден басының төбесіне дейін 5-6 метр болатын керік. Ол жұп тұяқты күйіс қайтаратын жануарлар типінің бір тұқымдасы. Орталық, Шығыс Африканың оңтүстік аймағындағы бұталы, сирек орманды, жазық далалы жерде мекендейді. Керіктің салмағы 500-1000 келіге дейін тартады. Басы онша үлкен емес, мойны өте ұзын, бірақ омыртқасының саны – жетеу. Бір не екі жұп түкті мүйіздері болады. Тұлғасы қысқа әрі мығым, алдыңғы аяқтары артқы аяқтарынан ұзын әрі мықты. Керіктің жүрегі сүтқоректілердің ішіндегі ең үлкені. Ол минутына 60 литр қанды өткізіп, қан қысымы адамдыкінен 3 есе жоғары болады. Жалпы керіктер 10-12-ден топтанып, күндіз жайылады. Негізінен акацияның бұтақтарымен, жапырақтарымен қоректенеді. Олар тұрып төлдейтіндіктен бұзауы 2 метр биіктіктен құлап туады. Жаңа туған төлдің бойы 1,8 метр, ал салмағы 50 келідей болады. Оны 6 айдай емізеді....алғашқы мектеп
Адам баласы балаларын ерте кездерден-ақ оқыта бастаған. Әрине, ол кезде ұстаздардың дипломы немесе арнайы білімі болмаған. Бар болғаны өзі өмір сүріп жатқан тайпа дұрыс деп баға беретін ережелерді үйреткен. Осы ережелерді білудің арқасында балалар өз өмірін аман сақтап қала алған. Мысалы, кейбір тайпалардың балалары бөгде адамды көрген кезде жүресінен отыратын болған. Бұл достық қарым-қатынасты білдіреді. Келесі бір тайпалар баскиімін шешетін болған. Айтпақшы, бұл әдет көпшілік елдерде осы күнге дейін сақталған. Кездескен кезде мұрын түйістіріп, жайылған алақанын жоғары көтеретін тайпалар да болған. Мамандардың айтуынша, қол бұлғап сәлемдесу осыдан қалған. Ал қазіргідей беттен сүйіп амандасу ол кездегі адамдар үшін жат қылық. Ересек балалар аң аулап, мерген болуға үйренсе, қыздар өсімдіктер мен жануарлардың терісінен киім тігуді үйренген. Бұдан кейін балалар қазіргідей сынақ тапсырған. Оларды отпен, ұрып-соғумен тексерген. Сынақтан өткеннен кейін тайпаның толыққанды мүшесіне айналған. Уақыт өте келе, қазіргіге ұқсас мектептер пайда бола бастаған. Алғашқы деректерге сүйенсек, ең алғашқы оқу орны Ежелгі Шығыста пайда болған. Ертеректе жоғалып кеткен Шумерлер тайпасы жайында тек ХІХ ғасырда ғана айтыла бастады. Шумерлер Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығында өмір сүріп, тұрған жерлерінде мәдени орта қалыптастырған. Олар жер өңдеп, тігін тігу, киім тоқу, мыс пен қоладан қару-жарақ және сазбалшықтан бұйымдар жасаған. Біздің заманымызға дейін 3000 жылдың өзінде жазу үлгісін қалыптастырып, алгебра ережелерін меңгеріп, кез келген саннан түбір шығара алатындай дәрежеге жеткен. «Тақтайшалар үйі» атты мектептері болған. Оқушылар сазбалшықтан жасалған тақтайшаларға жазатындықтан мектептер де дәл осылай аталған. Мектеп басшысын «уммиа» деп атаған. Оған «аға мырзалар» көмектескен. Яғни тәртіп пен білімге жауап беретін ұстаздар. Бүгінгі таңда шумерлік балалардың жазып қалдырған тақтайшалары табылып отыр. Осындай тақтайшалардың бірінде оқушы жазған шығармасында ұстазына алғыс айтқан.
Келесі мақала