Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жалған ақпарат таратудың жазасы қандай?

Жалған ақпарат таратудың жазасы қандай?
ашық дереккөз
Жалған ақпарат таратудың жазасы қандай?
Жалған ақпарат тарату кімді болса да жарға жығатыны белгілі. Оның салдары мемлекетке экономикалық шығын әкеліп қана қоймай, сол ақпаратты таратқан адамның отбасына оңай тимесі тағы анық. Дегенмен осыны біле тұра адам аяғы көп болатын жерлерде «жарылғыш зат қойылды» деген жалған ақпаратпен күштік құрылымдарды да, жұртты да әбігерге салып қою әрекеттері тыйылмай тұр. Осындай «тірлікті» қызық көре ме, әлде өзге де мүдделері бар ма, әйтеуір жалған ақпарат таратушылар да күштік құрылымдардың бас ауруына айналып отыр. Мұндай жағдайлар елімізді айтпағанда, облыс орталығы Тараз қаласының өзінде де жыл сайын тіркеліп тұрады. Бәрін тізбей-ақ, яғни соңғы жылдары болған, елдің есінде әлі сақталып тұрған оқиғаларға аз-кем тоқтала кетсек. 2018 жылы Тараздағы №2 ауруханада жарылғыш зат бар деп телефон арқылы жалған ақпарат берген адам қолға түсті. Сол жылы 7 ақпан күні тіркелген оқиғаға қатысты күдікті 12 ақпан күні анықталды. Полицияға хабарласқан телефон қоңырауы түнгі 3 сағат 36 минутта тіркелген. Белгісіз азамат «Салтанат» ықшамауданындағы 7 қабатты емхана ғимаратында 1 келі тротил затының бар екенін мәлімдеп, артынша оны жаруға уәде беретінін айтқан. Күдіктінің мұндай қадамға не үшін барғаны белгісіз. Оқиға орнына жедел топ жетіп, 2 медицина қызметкері мен күзет қызметкері эвакуацияланған. Іздестіру нәтижесінде 43 жастағы азамат құрықталды. Кінәсін мойындаған ол бұрын істі болып сотталған қала тұрғыны болып шықты. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың мәліметінше, ол күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша айып тағылып, тергеуге алынып, тиісті жазасы тағайындалған. Сондай-ақ 2021 жылы Тараз қаласындағы ірі сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны жөнінде қоңырау шалынған. Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жедел басқару орталығы кезекші бөлімінің «102» тетігіне белгісіз адамнан Тараз қаласындағы «MART» сауда орталығының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Аталған сауда орталығына келген полиция қызметкерлері 300-ден астам адамды шұғыл эвакуациялады. Ғимаратқа толық тексеру жүргізілді. Алайда жарылғыш зат табылған жоқ. «Қазіргі таңда көрінеу жалған ақпаратты хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды», делінген ведомство мәліметінде. Сол жылы осы тақылеттес тағы бір оқиға жұрттың зәресін алған еді. Ол азамат әлеуметтік желі арқылы Байзақ ауданында болған жарылысқа қатысты өзге де ақпарат таратып, ол кейін жалған болып шықты. 27 тамызда полицейлер «Instagram» желісін бақылау кезінде Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің аумағында болған жарылыстан қалған оқ-дәрілерді жоюға болмайтынын және оның күші жойқын екенін айтқан бейнежазбаны анықтады. Оны таратқан Тараз қаласының 26 жасар тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ жарылыстан көптеген азамат зардап шекті деген ол дене бөліктері жұлынған құрбандар да бар екенін айтып жар салған. Көп ұзамай қолға түскен ол өз ісіне өкінетінін айтып, анықталмаған ақпарат салғаны үшін елден кешірім сұрады. Былтыр да мұндай жағдай облыс орталығын азан-қазан қылған еді. Тараз қалалық полиция басқармасына Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен сол оқу орнының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесіндегі оқу орнының барлық корпустарына жарылғыш заттар қойылғаны және ол 1 сағатта жарылатыны туралы «Telegram» парақшасына белгісіз абоненттен хат түскендігі туралы хабарлама келді. Шақырту орнына жедел түрде облыстық полиция департаментінің 22 автоэкипажы, 100 полиция қызметкері, арнайы саперлер мен кинолог мамандары, төтенше жағдайлар және жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды. Колледж қызметкерлері мен студенттер және басқа да азаматтар қауіпсіз жерге көшірілді. «Тексеру жұмыстарының нәтижесінде жарылғыш зат анықталған жоқ. Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) тергеп-тексеру амалдарын қолға алды. Әрине, жоғарыда айтып өткеніміздей, мұндай жағдайлар өте көп. Оның жазасы да жеңіл емес. Бірақ тоқтайтын түрі жоқ. Еліміздің заңнамаларында осындай қылмысқа қандай жауапкершілік, жаза қарастырылғанын бір шолып шығуды жөн көріп отырмыз. Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Бірақ көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жоғарғы соттың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сенсек, 2015-2016 жылдары – 2, 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 1, 2019 жылы 3 іс қаралған. «Қылмыс құрамының басты шарттарының бірі – таралған ақпараттың қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі. Яғни таралған ақпарат қоғамда резонанс тудыруы қажет. Істердің аздығынан сот практикасын да болжау қиын», дейді заңгер Болатбек Ержан. Мысалы, 2019 жылғы Арыс оқиғасына қатысты «WhatsApp»-тағы «4-сынып бастауыш мектебі» чатында жалған аудиожазба таратқаны үшін Арыс қаласының тұрғыны 3,5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. Өз кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімге келгендіктен оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмады. «2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде осы оқиғаларға түк қатысы жоқ фотосуреттерді «Facebook»-те «Қызылорда қаласындағы митинг» деп жариялаған азамат 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы «YouTube» сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей қаласының тұрғыны кінәсін мойындап, 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды», дейді Болатбек Ержан. Заңгер сот практикасында стандартты емес істер де кездесетінін атап өтті. 2018 жылы Астана тұрғыны өзінің теміржол вокзалын жаруға бара жатқаны жайлы хабарлаған. Бұл іс 273-бап – «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» ретінде қарастырылмай, 274-бап бойынша сот үкімі шыққан. 2017 жылы Ұлттық ұлан сарбазы қызметі аясында марапат алу үшін жалған муляж жасап, кейін өзінің бомбаға ұқсас зат тапқанын командирлеріне хабарлайды. Сот айыпталушыға 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жалған ақпарат тарату 274-баппен шектелмейді. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жалған ақпарат таратушылар жазаланады. Мәселен, 174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алаауыздықты қоздыру. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алаауыздықты қоздырса – екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 273-бап. Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау – 5000 АЕК (17 250 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату – қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін – 1000 АЕК (3 450 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту; бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату келесі екі баппен қаралады және айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады. 439-бап. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау – жеке тұлғаларға ескерту жасауға не 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға; әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет үшін 40 АЕК (138 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 456-1-бап. Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу – көрінеу жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастыру – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (103 500 теңге); орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (172 500 теңге); ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (345 000 теңге) көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады; әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, айыппұл мөлшері екі есе көбейеді. Жала жабу қылмыс деп танылмайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабы – «жала жабуды» қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдады. 130-бап. Жала жабу. Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін – 1000 АЕК (3 450 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көпшiлiк алдында, БАҚ, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет үшін – 2000 АЕК (6 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу; түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. 2011 жылы Ресей билігі де «жала жабуды» қылмыс деп танымай, әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызған болатын. Алайда біршама уақыт өткен соң түзетулер енгізіліп, ол Қылмыстық кодекске қайтарылды. Қазір Ресейде «жала жабу» бойынша бас бостандығынан шектеу не айыру санкциялары қолданылмаса да айыппұл көлемі арттырылған. «Соңғы он жыл бойы медиа қоғамдастық «жала жабуды» қылмыс деп танымауға күш жұмсады. Бұл бір күннің, бір адамның не ұйымның ғана еңбегі емес, журналистер, құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар қатысқан өте ұзақ процесс. Халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан туралы ескертпелері де әсер етті», дейді «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова. «Иә, бұл қылмыстық жауапкершілік емес. Сонда да қомақты айыппұлдар мен қосымша шектеулер болуы мүмкін. Әкімшілік кодекске ауыстыратыны бізді қуантса да таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Іс қозғап, әкімшілік өндірісте жауапкершілікке тарту жеңілірек. Осы бапқа қатысты әкімшілік айыппұлдардың көлемі қандай болады деген сауал туып отыр», дейді заңгер. Фейк таратушылардың қателігі Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмас үшін азаматтарға жалған ақпарат таратудан сақтануы керек. Заңгер Болатбек Ержанның сөзінше, ақпараттың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде таралуы шарт емес. Ол мессенджерлердегі шағын топта жарияланса да қылмыс саналатынын айтады. Журналист, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова ақпаратты тексерудің оп-оңай екенін, алайда адамдар енжарлық танытып, назар аудармайтынын айтады. Оның сөзінше, смартфонда геолокация қосылып тұрса, бейнежазбаның қандай телефонға және қашан түсірілгені айқын көрінеді. Интернетке метадатасын өзгертпей жүктегенде деректердің барлығы бірге жүктеледі. «Адам бір ақпаратқа назар аудармай, тексеруді қажет етпей өтіп кетсе де, кейін біреумен дауласқанда аргумент ретінде оны шын ақпарат ретінде беретін феномен бар. Ақпарат адам санасында сақталып қалады. Сөйтіп, жалған ақпаратпен күрескердің өзі де фейк ақпаратқа сеніп, оны кейін қолдануы мүмкін. Сондықтан әрбір ақпаратты тексеріп тұруды әдетке айналдыру керек», дейді Б.Орынбетова. Ол Қазақстанда деректердің көп бөлігі ашық екенін, stat.gov.kz және goszakup.gov.kz сайттарынан қажетті мәлімет алуға болатынын айтты. Психолог Қарлыға Бүйенбай адамдар әлеуметтік желіде жалған ақпаратты әдейі не білмей тарататынын айтады. Әдетте біріншісіне себеп – жарнама жасау қажеттігі болса, екіншісінің негізгі себебі – жалған сөйлеу әдеті. Ал әдет қалай қалыптасады? «Кез келген бала табиғатынан сезімтал келеді. Тіпті оған ата-анасы сөзбен айтпаса да не айтқысы келгенін сезіп-біліп тұрады. Ата-ана баласына қатысты қандай да бір шындықты қабылдағысы келмесе, балалар өтірік айтуға дағдылана бастайды. Өйткені бала үшін ең жақын адамының махаббатынан айырылып қалу – трагедия», дейді психолог. Оның сөзінше, балалардың сәби шағынан жазадан құтылып кету үшін өтірік айтуы уақыт өте келе әдетке айналады. Бала өтірік айтуға дағдыланады. Адамдардың жалған ақпарат тарату мен жалған ақпаратты оңай қабылдауының түпкілікті себебі – олардың бойында бала кезден қалыптасқан әдетте жатыр. Дайындаған Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар