ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖАҚТАМАЙДЫ!
«Тараз сервис және технология» колледжінде «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі онлайн-режимде студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы дәріс өткізді. Бұл іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» бағытындағы әлеуметтік жоба шеңберінде ұйымдастырылды.
Дәріске «ЖАҢАРУ» Республикалық қоғамдық бірлестігі басшылығы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агеттігінің облыс бойынша департаментінің басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басшылығы, студенттер, «Adaldyq alany», «Әдеп» жобалық кеңсесі, ҮЕҰ және бірқатар саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Сонымен бірге «ЖАҢАРУ» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиев, төрағаның орынбасары, «Нұр-Сұлтан» қалалық филиалының директоры Даулеткерей Рахметуллин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты комитет төрағасының орынбасары, жобаның бас сарапшысы, қоғамдық кеңес мүшесі Бейбіт Мамраев пен Орталық аппараттың бас сарапшысы Қабдулла Алиев және өңірлердегі филиалдардың басшылары ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде қатысты.
Алдымен «ЖАҢАРУ» РҚБ облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев кіріспе сөз сөйлеп, дәріске қатысып отырған басшылар мен спикерлерді, және дәрістің бағдарламасын таныстырды. Ол өз сөзінде, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» қоғамдық бірлестігінің жұмысына тоқталды.
– Бірлестік 2014 жылдың желтоқсан айында құрылған, барлық өңірлерде филиалдары жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ел Президентінің саясатын жүргізу және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Бүгінгі іс-шарамыз ел тағдырын айқындайтын тарихи кезеңде өтіп отырғанын айтуымыз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз жаңа дәуірге аяқ басып, жаңа да әділ Қазақстанды құру үшін ауқымды саяси конституциялық реформаларды жүзеге асыру мақсатында 5 маусымда бүкілхалықтық референдум өтеді.
«Қоғамның басты талаптарының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалай да жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді», деді Мемлекет басшысы биылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте.
Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек дегені де бар. 2019 жылы ел билігінің тізгіні қолына тиісімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелеріне арналған алғашқы кеңесінде жемқорлыққа қарсы жоспарының жеті негізгі шарасын атап, жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен ымырасыз күресуге шақырды, «Балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн», деп атап өтті Қ.Тоқаев. Осы орайда, «ЖАҢАРУ» бірлестігі Орталығының «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» жобасы бүгінде өте маңызды және орынды деп санаймыз, – деді Қасымхан Естемесұлы.
Мұнан соң сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Дәурен Омаров жастарымызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу маңызды екенін атап өтті. Осы бағытта аталмыш оқу орнымен бірге жұмыс істеуге шақырды. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жастардың өз құқықтарымен қатар, міндеттерін қатар алып жүру қажеттігін алға тартты. Басқарма басшысы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Адалдық сағаты» қолға алынғанын, адалдық департаментімен бірлесе отырып, қазір жастармен заманауи кездесулер еркін форматта онлайн өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Мұнан соң, «Тараз сервис және технология» колледжінің «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының жетекшісі Рамазан Серікбайұлының, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті департаментінің басшысы Алуа Назарбекованың, облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаеваның баяндамалары тыңдалды. Іс-шарада студенттер қонақтарға сауалдарын жолдап, жауап алды.
«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ төрағасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы қоғамдық кеңесінің мүшесі Мэлс Семғалиев бұл шараның маңыздылығына тоқталып, республикадағы сыбайлас жемқорлық ахуалы туралы, жобаның негізгі мақсаты мен нәтижелігіне назар аударды және алдағы болатын конституциялық референдумға қатысуға шақырды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Лесбек Ілебаев, «Жамбыл – адалдық алаңы», «Әділ жол» РҚБ филиалының басшысы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Назима Жұбандықова кейбір мәселелер бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
Жиын соңында жиналыстың қарары бірауыздан қабылданды.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала