Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАЛАП БОЛСА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ

ТАЛАП БОЛСА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ
ашық дереккөз
ТАЛАП БОЛСА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ
Елімізде жұмыссыздықты жою шаралары қарқынды жүргізілгенмен, шындап келгенде бұл мәселе түбегейлі өз шешімін тапқан жоқ. «Екі қолға бір күрек іздеу» қоғамда белең алып тұрған басты мәселе. Әсіресе жастардың жұмыссыз болуы қоғам дертіне айналған. Біздің өңірде де жұмыссыздық мәселесі күйіп тұр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, аймақтағы жұмыссыздар саны – 4,9 пайыз. Оның ішінде басым көпшілігі – жастар. Өздерінен сұрай қалсаңыз, бір-екі дипломы бар, бірақ тұрақты жұмысы жоқ. Бос жүрген бүгінгі буын әсіресе ауылдық жерде жиі кездеседі. Олардың кейбірі мұнысын лайықты жұмыс табылмағандығымен байланыстырса, тағы бірі төленетін еңбекақының аздығын алға тартады. Қазіргі қазақ қоғамында біз үшін аты да, заты да бөтен NEET жастар деген терминнің қолданысқа енгеніне де біршама уақыт болды. Мұндай санатқа орта мектептен кейін оқымаған, яғни не оқуда, не жұмыста жоқ, біліммен де, еңбекпен де шұғылдануға құлықсыздық танытқан жастар жатады. Жұмыссыздықтың жойылмауына басты себеп болып тұрған негізінен осы NEET жастар. Расымен жергілікті жерде жасөспірімдерге жұмыс жоқ па? Әлде бұл «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» кері ме? Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Кенжебек Олжабайдың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздар саны 25 875 адамды құраған. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны есепті мерзімде 194 451 адамнан 169 036-ге төмендепті. Еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың IV тоқсан қорытындысымен 4,9 пайызды құраған. – «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың саны соңғы жылдары өсіп, облыста жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына 241 мың 546 тұрғын тартылды. Атап айтсақ, 2017 жылы жұмыспен қамтудың белсенді іс-шаралары 38 мың 178 адамды қамтыса, өткен жылы осы бағдарламаға 58 мың 78 азамат қатысты. Бағдарлама іске асырылғаннан бері 180 мың 939 әулиеаталық жұмысқа орналасты. Оның ішінде 120 мың 261-і тұрақты жұмысқа орналасса, 60 мың 678-і уақытша жұмыс орындарына жолданды, – дейді ол. Сонымен қатар бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімдік кәсіптік қайта даярлау курстарына 16912 адам тартылған. Осы курстан 15986 адам өтіп, екінші мамандық алып шығыпты. Ол курсты аяқтағандардың жұмысқа орналасу пайызы 2017 жылы 28,7 пайыз болса, 2021 жылы 99,4 пайызды құраған. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 6093 адам 25,8 миллиард теңгенің шағын несиесін алып, кәсіп бастаған. Олар 3594 қосымша жұмыс орнын ашқан. Сондай-ақ бұл бағдарламаның шарапатын «Жастар тəжірибесі» бағдарламасына қатысушылар да көрген. Атап айтсақ, бес жыл көлемінде жастар тәжірибесі арқылы 12079 жас маман жұмысқа орналасса, оның 7669-ы әлеуметтік, 39871-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Қазір еңбек етіп, жағдайын түзегісі келген жастарға барлық жағдай жасалып жатыр. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқуға жіберіліп, мамандық игеруге де болады. Мамандығына сай жұмыс табылмаса қайта даярлау курстары бар. «Керек тастың ауырлығы жоқ», дегендей, мүмкіндік болса оқы! Мемлекетіміз «жастар жұмыссыз қалмасын» деген ниетпен кәсіпкерлік негіздері бойынша да өтінім тастаған азаматтарды оқыту курсынан өткізіп, жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар ұсынуда. Осы арқылы да жеке кәсіп ашып, пайдаға кенеліп жатқандар жетерлік. Іздемеген адамның жоғы ешқашан табылмайды. Жоғарыда аталған жастарға арналған бағдарламалар – еңбек өтілі жоқ, бос жүрген жастар үшін айтарлықтай қолдау. Көпке бірдей топырақ шашудан аулақпыз әрине. Жұмыссыз жастардың барлығы бірдей еңбекке икемсіз, келешегі күмəнді деу де орынсыз. Бірі – көңілге қонымды жұмыс таппаса, келесісінің жалақысы мардымсыз. Ал кейбіреулеріне тұрақты жұмысқа орналасу үшін еңбек өтілі керек. Тараз қаласының тұрғыны Алтынай Әбдіманапқызы жоғары оқу орнын «Экономист» мамандығы бойынша 2020 жылы тəмамдаған. Бастапқыда өз саласы бойынша жұмыс таппапты. Лайық деп барған жұмыс орны еңбек өтілін сұрап, оның көңіліне қая түсірген. – Оқуымды аяқтаған соң мамандыққа сəйкес жұмыс таппадым. Уақытты көп созбай жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. «Жастар тəжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 ай бойы өз мамандығым бойынша жұмыс істедім, айлығым сол кезде 60 мың теңге болды. Соның өзі мен үшін зор қолдау еді. Осылайша еңбек жолым басталып, біраз тəжірибе жинақтадым. Ұжым арасында өз қарым-қабілетімді көрсеттім. Кесімді уақыт аяқталған соң өзімнің мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа аса қиындықсыз орналастым. Сондықтан еңбек етуге ниетті адамның екі қолына бір күрек қашанда табылады. Тек босқа уақыт өткізбеу керек, – дейді жас маман. Иə, Алтынайдың мұнысы – өзі құралпы көп жастарға үлгі. «Жұмыс жоқ, жалақы аз» деп қол қусырып қарап отырғаннан еңбекке араласуға талпынған жөн. Өйткені еңбекке құштар жанға елде қолдау жеткілікті. Талаптанған адам мақсатына жетеді. Ниет еткен адамға екі қолға бір күрек табылары сөзсіз. Қорыта келе айтарым, «Жұмыссыз жастар» тізіміне енгенше, берілген мүмкіндікті тиісінше пайдаланған абзал.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар