Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтың өтініші жерде қалмайды

Халықтың өтініші жерде қалмайды
ашық дереккөз
Халықтың өтініші жерде қалмайды
Өткен жылы аймақ басшысы Мойынқұм ауданының тұрғындарымен екі рет кездесу өткізген. Бұл кездесулерде барлығы 20 мәселе көтеріліп, 10-ы шешімін тауып, 8-і орындалуда. Тұрғындар тарапынан айтылған екі мәселе әлі күнге орындалмаған. Ал биыл осы өңірде облыс әкімі халықпен кездесуді 4 рет өткізіп, онда 30 мәселе назарға алынған болатын. Осы уақыт аралығында көтерілген мәселелердің 9-ы толығымен шешілсе, 20-сы орындалуда. Өзекті тағы бір мәселе мүлдем орындалмаған. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Жиында Мойынқұм ауданына қатысты тапсырмалардың орындалу нәтижесі және әлеуметтік желіге түскен өтініштердің шешілу барысы қаралды. Кеңесте алдымен облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Ерсұлтан Жарқынбай баяндама жасады. Бас инспектордың айтуынша, қазіргі таңда ауданда бақылауға алуды қажет ететін 50 мәселе бар. Оның ішінде 12 мәселенің шешімі қаражатқа байланысты. Қаражатты қажет ететін 12 мәселені шешуге 2,8 миллиард теңге, тарқатып айтсақ, республикалық бюджеттен – 2,1 миллиард, жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге керек екен. Оның сөзінше, аймақ басшысының тұрғындармен кездесуінде айтылған өтініштердің дені – ауызсу, ауылдық округтер мен мектептерді интернетпен қамту, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, ауруханаларға жедел жәрдем көліктерін беру, аудан ішінде ауылдарға қатынайтын қоғамдық көлік беру секілді өзекті мәселелер. Алайда халық өтініші жерде қалмай, жүктелген тапсырмалар ретімен орындалуда. Мәселен, Шығанақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясында күндізгі стационар жағдайында ем алуға жағдай жасау мәселесі өз шешімін тапқан. Халық сұранысымен ашылған дәрігерлік амбулаторияның күндізгі стационар бөлімі 5 төсекке арналған. Барлық науқас клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдауда. Бір жыл ішінде 480 науқасты емдеуге мүмкіндік бар. Аудан бойынша ауызсу тарату имаратындағы су тұшытқыш мембраналық қондырғының пайдалануына, техникалық қызмет көрсетуіне аудандық бюджеттен жеткілікті қаражат бөлу мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. Жамбыл, Қылышбай, Шығанақ ауылдарына суды тазарту стансаларындағы мембраналық қондырғыны күтіп ұстауға биылғы қажетті химиялық реагенттерге 7,2 миллион теңге қаржы бөлген. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен Мыңарал, Шығанақ, Мирный, Қияқты, Бурылбайтал елді мекендеріне мембраналық қондырғы орнату және оны 1 жылдық қызмет көрсетуге 311,9 миллион теңге қаржы қарастырылған. Баяндамашыны мұқият тыңдаған облыс әкімі халық сұранысын өтеуге салғырт қарамау керектігін ескертіп, жүктелген міндеттердің сапалы орындалуы маңызды екенін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде ауданда басты 3 мәселе менмұндалап тұр. Ауызсу, елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ Радай өзені арқылы өтетін көпір жайы. Бірнеше жыл бойы Мойынқұм фермерлері көпірді қалпына келтіруді сұраған. Жаңғыртылған жағдайда бұл оларға бірден егістіктен егін жинау уақыты мен жанармай үнемдеу мәселелерін шешуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жиында облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков жеке азаматтардың арыз-шағымдарының қаралу барысын баяндады. Ауызсу тарту, ағаш отырғызу, интернетпен қамту секілді өзге де бірқатар мәселелерге қатысты басқарма басшылары мен аудан әкімінен жауаптар алынды. Нұржан Нұржігітов тұрғындардың әрбір өтініші, көтерген мәселелері назардан тыс қалмай, оларды сапалы шешу шаралары тұрақты түрде жүзеге асуы тиіс екендігін атап өтті. – Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарда халықпен тек кездесіп қана қоймай, оларды алаңдататын мәселелерге барынша көңіл бөлуіміз керек. Олардың өтініштерін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде нақты шешу жолдарын жүргізуге міндеттіміз. Бұл бойынша берілген тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет. Ол жеке бақылауымда болады. Сонда ғана тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімін нығайта аламыз, – дей келе, облыс әкімі басқарма басшыларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне де өз деңгейінде тиісті жұмыстарды үздіксіз жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, басқа аудандар бойынша да берілген тапсырмалардың орындалуын талдау алдағы уақытта да жалғасатын болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар