Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ШАШҚА БАЙЛАНЫСТЫ НАНЫМ-СЕНІМІ

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ШАШҚА БАЙЛАНЫСТЫ НАНЫМ-СЕНІМІ
ашық дереккөз
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ШАШҚА БАЙЛАНЫСТЫ НАНЫМ-СЕНІМІ
Сабалақтан қағанатқа айналған халқымыздың шашқа деген көзқарасы мен оны күту жолдары бөлек болған. Тіпті шаштың магиялық қасиеті бар деп есептеген. Сонымен қатар шаш қоюдың түрлі мағынасы да болған. Арулардың сұлулығын да шашқа байланысты бағалаған. Шашпен адамның тағдырын байланыстыратын бұл ұғым қазақ баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап-ақ қалыптасады. Мысалы, қазақта «Қарын шашы алынбағанның қарғысы қатты» деген сөз бар. Егер аңызға сенсек, адам баласының төбесінде орай болады екен. Сол орайға Тәңірдің көзі түседі деген де сенім бар. Ал дана аналарымыз шаштың бойын бойлап жамандықтың бәрі түсіп қалады деп ырымдаған. Сондай-ақ дүниеге келген сәбидің 40 күннен кейін алғаш рет шашын алады. Әрі шашты таза алуы тиіс. Өйткені алғашқы шашты «қарын шаш» деп атайды. Сонымен қатар егер ұл бала болса, 40 күнге жеткізбей қырқынан шығарады, ал қыз баланы 40 күннен асырып барып қырқынан шығарып, «қарын шашын» алады. Мұның да астарында байлыққа байланысты наным-сенімнің бір ұшы жатқаны анық. Өйткені қызға қалыңмал көп аламыз, ал ұлға аз береміз деп ырымдаған. Сондай-ақ алынған шашты да даланың кез келген жеріне шаша салмаған. Баланың бақыты мен байлығы малдың құмалағы сияқты көп болсын, шаш сияқты санаусыз болсын деген түсініктен шашты қораның ішіне, төрт түлік көп жүретін жерлерге тастаған. «Қарын шашын» алғаннан кейін де баланың өміріне аса қатты назар аударған біздің халқымыз, ең бастысы, перзентінің амандығына көңіл бөлген. Сондықтан ұлдарының төбе шашын өріп, оны «айдар» деп атаған. Айдар баланы тіл-көзден аман сақтайды деп сенген. Сонымен қатар аттың жалына қоңырау, тағы басқа да сылдырмақтар қосып өрген. Оны да «айдар» деп атаған екен. Бұдан бөлек жауға баратын батырға да арнайы айдар тағып, оның ерлігін көрсетіп тұратын ат қойған. Сондай-ақ айдар қою қазақ халқында ғана емес, Азия халықтарына да тән қасиет. Түркілер айдарды «кежеге» деп атаған. Осыған қарап айдарды биліктің символы ретінде де қарастыруға болады. Мысалы, қазақ мерейі асып, қуанышы тасыған адамды «айдарынан жел есіп тұр» деп айтады. Оның үстіне айдар көбінде құстардың ішіндегі қораздарының басындағы тәжі болып есептеледі. Яғни қазақтың айдар қоюының да табиғатпен байланысты қағидасы бар. Балаларға арналған тағы бір шаш үлгісі – кекіл. Кекілді баланың «қарын шашын» алғаннан кейін жан-жағын тазалап, бір шөкім қылып қойып қоятын болған. Кекілі бар бала өте сүйкімді көрінеді. Әрі кекілі бар бала өзін еркін ұстайды деп есептеген. Сондай-ақ баланың маңдайындағы періште оны тіл-көзден сақтап жүреді деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Қазақта кекілден бөлек, «тұлым қою» деген де бар. Бұл қыз балаларға қойылған шаш үлгісі. Оны қыз баланың «қарын шашын» алғаннан кейін қояды. Әрі сол бойы тұлымды алмай, қыз бойжеткенде шашына қосып өріп жіберетін болған. Бір жағынан, бұл қызды жинақылыққа үйретеді және әдемі, сымбатты қылып көрсетеді. Сөз тіркесіндегі «құлыншағым», «тұлымшағым» деген сөздер осыдан қалса керек. Әрі қыз баланы Қызырдың деміндей көріп аялаған халқымыз аруларын ардақтап, барынша еркелеткен. Сол себепті де қыз баланың өскенше тұлымшағы желбіреп жүрсе, тұрмысқа шыққаннан кейін-ақ тұлымын жинап, бұрымына қосып өретін болған. Ал отбасылы әйелдің тұлым тарқатып, шаш жаюы жамандықтың символы ретінде көрсетіледі. Қазақ аруларды сынағанда да шашына қарап баға берген. Тіпті ақындар шаштың өзіне бір бөлек әлем қалыптастырып жібергендей. Мұқағали Мақатаев «Келші қалқам, шашыңнан иіскейін, иіскейін тек қана тиіспейін» деп жырласа, ұлы Абай «Қоңыр қара шашы бар, жібек талды» деп суреттеді. Демек, шаштың қыз баланың өмірінде алатын орны бөлек. Ал шашты күтіп ұстау, сәндеу бір өнер десек те болады. Халық өлеңдеріндегі «Ақ үйден бір қыз шықты көзі үлкен, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп айтылған жолдар шаш күтіміне байланысты сырдың шетін шығарып тұрғандай. Қазақ жігіттері қыздарға сыйлық ұсынғанда бірінші күміс тарақ, сүйек тарақтар беретін болған. Оның да арғы жағында тазалық пен тәрбиенің негізі жатқанын жасыра алмаймыз. Ал арулар шашын өріп қана қоймаған. Оған түрлі иісті шөптерді қолданып, әрі шаштарын қобыратпай шашбау, шолпы, шашқап сияқты зергерлік бұйымдарды тағып, сол арқылы өздерін көріктендіре түскен. Шаш туралы айтқан әлем халықтарының түсінігіне келсек, ғалымдардың зерттеуінше, шаштың құрамында 14 түрлі элемент, тіпті алтынның да бар екенін дәлелдеді. Ал қазақ шаш түскен жерді мұқият тазалайды. Тағамға, дастарқанға түсіп кетуіне жол бермеген. Алайда ғылым шаштың құрамында пайдалы элементтің бар екенін айтады. Мысалы, шаштың құрамында кездесетін L-цистеин көбінде аспаздық салада қолданылады екен. Оны нанға және қамырға қосатын көрінеді. Әрі шаштың тағы бір пайдасы – адам бойындағы бірден-бір айғақ зат болып табылады. Шаштың түр-түсі сіздің қай ұлттың өкілі екеніңізге дейін анықтама бере алады. Сондай-ақ шаш қылмыскерлерді анықтауға да көп септігін тигізеді. Әрі тағы бір қызықты жайт, әлемдегі ең қымбат шаштың 100 грамы 1 600 АҚШ долларына сатылған. Оның түсі аққұба болған екен. Мейлі, қалай болмасын қазақ дүниетанымына құрметпен қарап, оны жаңартып, жаңғырту – біздің басты парызымыз. Сондықтан қашанда әр істің астарына қарап, оның мағынасын біліп, ат қойып, айдар таққанда оның ежелгі мәнін сақтауға барынша назар аударғанымыз жөн. Әрі балаларымыздың шаш қою үлгісін де қазақыландыруымыз керек-ау деген ой айтқымыз келеді. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар