Бірлескен істе береке бар
Жуырда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев аймаққа қарасты Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандарында болып, жергілікті мәслихат депутаттарымен, шаруа қожалық иелерімен жолығып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап көрді.
Сәкен Қаланұлы әуелі Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
1999 жылы құрылған шаруа қожалықтың негізгі бағыты – егіншаруашылығы және егінді кластерлік әдіспен өндіріп, өңдеу. 50 адамды жұмыспен қамтыған шаруашылық мемлекет тарапынан берілетін барлық жеңілдіктерді игілігіне жұмсауда.
Сеит-Хасан Ахаев басқаратын шаруашылық жоғары сұранысқа ие 25 түрлі макарон өнімін Астана, Алматы, Тараз қалаларына саудалайды. Сенатор мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер жайын, ұсыныс-пікірін сұрап білді. Өз кезегінде шаруа қожалық басшысы маусымдық жұмыстар кезінде жанар-жағармайдың уақытылы берілмейтінін атап өтті.
Келесі кезекте Сенат депутаты Көгершін ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген заманауи спорттық-сауықтыру кешеніне барды. Аталған спорт нысаны тамыз айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Кешенде волейбол, баскетбол, футбол және басқа да спорт үйірмелері ашылатын болады. Сәкен Қаланұлы Жақсылық ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 75 орындық «Нұр-Ай» бөбекжай бақшасының да жұмысын көріп, бөбекжайдағы жатын, асхана бөлмелерін аралап шықты. Халық қалаулысы келесі кезекте Құлан ауылындағы 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көріп, мердігерлермен тілдесті. Жұмыс сапарының соңында Сәкен Қаланұлы аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Жиында халық қалаулылары аудан шаруаларына жанар-жағармайдың алдын ала берілуі қажеттігін, науқандық жұмыстар басталар уақытта жанармай алу қиындық тудыратынын жеткізді. Сенат депутаты бұл мәселені жіті назарға алып, шешілуі жолына септігін тигізетінін атап өтті.
Мұнан соң Сәкен Қаланұлы Меркі ауданына аялдап, өңірдің жалпы ахуалымен, оның ішінде бірқатар нысандардың жұмысымен жеке танысты. Сенат депутаты алдымен былтыр күрделі жөндеуден өткен «Балауса» балабақшасында болды. Сенат депутаты келесі кезекте аудандық мәдениет үйінің конференция залында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жиында аудандық мәслихат депутаты Тәуіржан Алтынбаев теміржол тарифінің қымбаттығын алға тартты. Оның айтуынша, Қарағандыдан Түрксіб стансасына бір вагон тауар әкелу және сол вагонды 40 шақырым жердегі Меркіге жеткізу құны дерлік бірдей екен. Бұл жергілікті шаруалардың жұмысын қиындатып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауына себеп болуда. Сенат депутаты бұл мәселені назарға алып, арнайы зерделеу жүргізілетінін жеткізді.
Сапар барысында сенатор Сарымолдаев ауылындағы спорт кешенінің, Аспара ауылындағы 150 орындық білім ордасының құрылысымен, су ұңғымаларының жай-күйімен, «Трансфер» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты.
Сенат депутаты Сәкен Арубаев Қордай ауданына да ат басын бұрып, бірқатар мәселелерден хабардар болды. Сапар барысында ол Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының егістік алқабын көрді.
Шаруа қожалық жетекшісі Евгений Трубников биыл 130 гектарға күнбағыс, 47 гектарға арпа, 200 гектарға дәндік жүгері, 90 гектарға қант қызылшасын орналастырғанын айтып, көкейдегі мәселелерін де тілге тиек етті.
– Биыл ғылыми негізде испандық мамандардың көмегімен аймақта алғаш рет пилоттық жоба ретінде мына өзіңіз көріп отырған алқапқа тұқым алу үшін тамшылатып суару әдісімен күнбағыс дақылын орналастырдық. Дегенмен судан тапшылық көріп отырмыз. Біздің талап-тілегіміз –
егер күнбағыстан өнімді төмен алған жағдайда шығынды өтеудің жолы қарастырылса. Мысалға, егер бау-бақша, яғни қарбыз, басқа да дақылдың шығынан өтеуге гектарына 400-500 мың теңгеден беріледі деген ақпарат естідім. Күнбағысқа да осылай төленсе, – деді ол.
Жалпы бүгінде Қордай өңіріндегі 36 000 мың суармалы алқаптың 6000 гектарына су жетпей отыр. Сәкен Қаланұлы шаруа мәселесін мұқият тыңдап, шығынды басқа да дақылдармен бірдей есептеуге жұмыс жүргізетінін жеткізіп, мұндай пилоттық жобаға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар сенатор Қордай ауданындағы «Левый ветка» каналын көріп, шаруалардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Халық қалаулысы келесі кезекте жаңадан салынып жатқан мемлекеттік архивтің құрылысын көрді. Мұның алдында мекеме қызметкерлері 1953 жылы салынған нысанда жұмыс жасаған. Сенат депутаты жаңа үлгіде бой көтеріп жатқан нысанның құрылысымен танысып, мұрағат қызметкерлерімен кездесу өткізді. Архив директоры Қатира Уәлиева жалпы архив саласы бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. Ол бір ғана архив мекемесі жылына 3000-ға жуық мемлекеттік қызмет түрін ұсынатынын, дегенмен айлық жалақы төмен екенін, сала қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет статусы берілсе деген ой-пікірін алға тартты. Жалпы мекемеде 53 мыңға жуық архив құжаты сақталуда. Сәкен Қаланұлы айтылған талап орынды екенін, мәселелер бойынша зерделеу жүргізетінін баса айтты.
Сенатор Қордай ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов қатысты.
Жиында сөз алған Сәкен Қаланұлы Сенат қабырғасында атқарылған жұмыстар жайлы мағлұмат беріп, белсенді азаматтармен пікір алмасты.
– Бірқатар аудандарды аралап, бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп отырмын. Мақсат –
заңдарға қоғамның қажеттілігі үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Халық арасында жүргендеріңізде мына заңның тармағына өзгеріс енгізілсе жұмысымыз жеңілдейтін еді деген талап-тілектер болса, бірге қарастырып, зерделеп қарасақ. Сіздер ұсыныс енгізсеңіздер, мен бұл мәселелерді жерде тастамас едім, – деген Сәкен Қаланұлы халық қалаулыларының өтініш-тілектеріне назар аударды. Депутаттар АХАТ бөлімшесіндегі көрсетілетін қызметтерді, нақтырақ айтсақ, некеге тұру, сәби тууы, адам өліміне қатысты төленетін төлемді азайту, 40 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығындағы кәріз жүйесін реттеу, қайтарымсыз грант мөлшерін көбейту, кедендегі өткізу бекетіндегі тексеру пунктін модернизациялау, яғни жылдамдатып өткізу секілді бірқатар халық сұранысын жеткізді.
Сәкен Қаланұлы көтеріліп отырған мәселелер орынды екенін, назарға алатынын алға тартты. Сондай-ақ Сенат депутаты өңірдегі құрылыс нысандарын аралап, «ОтарБиофарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты.
А.Бекенқызы
Келесі мақала