Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық жас домбырашылар үздіктер қатарында

Жамбылдық жас домбырашылар үздіктер қатарында
ашық дереккөз
Жамбылдық жас домбырашылар үздіктер қатарында
Қазіргі күнде күй өнеріне ден қойып, ұлттық өнердің ұлықталуына үлес қосып жүрген өнерпаздар жетерлік. Ұлттық аспапты жетік меңгеруге құлшынған жастардың да қатары артуда. Облысымызда да қасиетті қара домбыраға қаршадайынан құмартып, қос ішектің қоңыр үніне елітіп өсіп келе жатқан жастарымыз аз емес. Жуырда Алматы қаласында Қазақстанның дарынды жастарын қолдау мақсатында «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың ұйымдастыруымен өткен «Домбыра Дастан» атты I Республикалық домбырашы балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауда қос бірдей жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрініп, облысымыздың мерейін асқақтатты. Белгілі домбырашылар мен күйшілер қатысып, кәсіпқой қазылар алқасы төрелік еткен байқауда 35 жеткіншек сынға түсті. Сол байқауға Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің шәкірттері қатысып, 6-11 жас аралығындағы бас жүлде мен 8 миллион теңгенің сертификатын Аяна Дәулетбай, 12-15 жас аралығында І орын мен 6 миллион теңгенің сертификатын Бақдәулет Жанатбек жеңіп алды. Жеңіспен оралған үздік домбырашыларды аудан басшысы Ерлан Қадыралыұлы қабылдап, айтулы жетістіктерімен құттықтаған еді. Оларға Алғыс хат табыс етіп, сый-сияпат үлестірген. Аталған дүбірлі додада үздік домбырашы атанған екі өреннің бір ауданның тумалары әрі екеуі де Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі болуы тегін емес. Бұл сол өнер мектебінің ұжымы өз еңбегін адал атқарып отырғанын айғақтайды.

Өнерімен өрге жүзген Аяжан

Дуы басым «Домбыра Дастаннан» абыроймен оралған жасөспірімнің бірі – Аяжан Дәулетбай Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы екен. Ол «Домбыра» сыныбы бойынша аудандық Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің үздік шәкірті. Үйірмеге 7 жасынан қатысып жүр. Бірлесу-Еңбек ауылында тұратын Аяжанды өнер мектебіне атасы күнделікті өзі тасиды. Сарвиназ Қосанова апайы мен Нұрберген Қырғызбаев ағайынан 3 жыл көлемінде тәлім алған ол осы уақыт аралығында біршама белесті бағындырып, түрлі додада топ жарған екен. Қаршадай ғана өнерлі қыздың аудан, облыс, республика көлеміндегі сайыстарда бақ сынағанда жүлдесіз қалған кезі жоқ. Атап айтар болсақ, республикалық ең алғаш бақ сынаған «Балдәурен» конкурсында үшінші орын иеленген. Биылғы жетістіктеріне тоқталсақ, республикалық «Жас екпін», республикалық «Жас жұлдыз», облыстық «Жас музыканттар» байқауларының бас жүлдегері. Осы жарысқа бара жатқанда отбасына «Мен жеңіспен келемін, бас жүлдені аларыма сенімдімін» деп нық айтқан көрінеді. Бәлкім осы сөзді аузына Алла салған болар, әлде өз дайындығына расында да сенімді болды ма екен? Қалай десек те соншама үміткердің ішінен суырылып шығып, бас жүлдені қанжығалау оңай емес. Десе де бұл жеңістің артында оның өнерге деген махаббаты, ізденімпаздығы мен ұстазының еңбегі жатқаны анық. Жеті жасынан қолына домбыра ұстаған жас күйшінің алға қойған мақсаты айқын. Ол бізбен әңгімелесу барысында мектеп бітірген соң, қай сала маманы атанса да өнерді тастамайтынын аңғартты. Жас дарын кезекті бір жеңісінен кейін Ахмет Жұбанов атындағы республикалық өнер мектебіне шақырту алғанын да айта кетуіміз керек. Бірақ ата-анасы «Қанша дегенмен әлі бала ғой, бәлкім өсе келе ойы өзгеруі мүмкін» деп оның жас ерекшелігін ескеріп, ол ұсыныстан бас тартуды жөн көріпті. Әйтсе де біз «мұндай мүмкіндіктер әлі алда» деп көңіл жұбатқан болдық. Күй өнеріне деген қызығушылығы басым Аянаның анасының айтуынша, өнерлі қыз сабағында да үлгілі оқушылардың қатарында. Өнер мектебіндегі дарынды жеткіншектерден құралған «Көкіл» домбырашылар ансамблінің мүшесі. – Қызым домбыра үйірмесіне жеті жасынан бастап қатысып жүр. Өнер мектебіне алғаш жетектеп апарғанымда тоқыма үйірмесіне жазылғысы келген. Бірақ кесте тігуді үйде апасынан да үйреніп жүрген соң, домбыраға қатысқанын жөн деп таптық. Таңдауымыз дұрыс болған екен. Аянаның бұл аспапқа деген қызығушылығы көңіл сүйсінтеді. Күніге жаңа ән-күй үйренуге жаны құмар. Жасы кіші болса да талпынысы қайран қалдырып, менен «Адай», «Балбырауын» күйлерінің нотасын тауып беруді өтініп жататын. Заманауи әндерді де нотаға қарамай-ақ орындай береді. Қызым күй біткенді үлкен құмарлықпен, асқан ыждаһаттылықпен орындайды. Оның бойындағы талантты шыңдап, дарынын жетілдіре түсіп, үлкен сахнаға жол ашқан тәлімгерлері Сарвиназ Қосанова мен Нұрберген Кырғызбаевқа алғыс айтамын, – дейді анасы Әлия. Жалпы Аяна атасы мен әжесіне жақын. Сабағы мен үйірмесінен тыс уақытта әжесі екеуі бірге отырып тігін тігеді, тоқыма тоқиды. Бар білгенін немересінің бойына сіңіруді мақсат тұтқан әжесі қай жарыс болса да Аянаның қасында еріп жүреді. Киетін киімі, шаш үлгісі бәрін өзі қадағалап отырады. Осындай қаймағы бұзылмаған қазақы отбасында ата мен әженің тәлімін алып жетіліп келе жатқан Аянаның ұлттық аспапты дәріптеуі тегін емес. Еліміздің үздік домбырашы қызы бар болғаны – тоғыз жаста. Оның дарыны шыңдалып, өресі кеңейіп талай-талай асуларды бағындырары сөзсіз. Жас та болса Аянаның бойында өнер адамына тән қасиеттер қалыптаса бастаған. «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді халық. Қазір үйдің үлкендері қаршадай қыздың бойына осы қасиетті де сіңіріп жатқандай. Өйткені қарапайым, тәрбиелі әрі биязы мінезі оны болашақта кішіпейіл, мейірімді жан болып бойжететінін аңғартады. Есейгенде өзі үлгі тұтатын Айгүл Үлкенбаева апайы секілді дарын иесі болғысы келеді.

Шанағынан күй саулаған...

Бақдәулет Жанатбек – қарапайым, мейірімі мол, сыныптастарының арасында беделді, ұйымдастырушылық қабілетке ие жас буынның бірі. Білім мен өнердің айдынында қатар жүзген ол – Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы. Оқу озаты. Жас қыранның асқар тау әкесі мен ардақты анасы оның тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, дара, қабілетті жас өрен жастайынан өнерге құмар болып өсіп келеді. Бойындағы таланты қанмен берілген десек те болады. Әкесі Елдос та домбыраның құлағында ойнайтын күйші. Өнерге жастай қадам басқан Бақдәулет те М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің домбыра үйірмесінде дәріс алады. Осы өнер ордасына келгенде бірден-ақ ұстаздарының назарын аударды. Себебі жас өрен зейін-зеректігімен де, домбыраға құмарлығымен де, айналасына жұғымды мінезімен де тәлімгерлеріне ұнайтын. Жетекшісі Рабиға Қасымбекова не күй үйретсе, соны қағып алады және айнытпай, бұзбай орындайды. Қазақтың небір қағысы қиын, иірімі күрделі, мазмұны терең туындыларын он төрт жасар бозбала түгілі, «мен күйшімін» деп жүргендердің өздері кейде шығарманың шырқау биігіне «шыға алмай» саусақтары сыр беріп жататыны бар. Ал Бақдәулеттің басбармағы да, балаңүйрегі де, яғни он саусағы түгел ойнап тұр! Мейлі шертпе күй болсын, төкпе күйіңді де, батыстың, шығыстың күйін, адайдың күйі дейсің бе Бағдәулет сол күйлердің бәрін жетік орындайды. Бағзы дәуірден тін тартқан сол сарын, қилы-қилы тағдыр, жан толқынысы күйші жігіттің шанағынан саз болып төгіліп жатады. Әр өңірдің күйшілік дәстүріне, күйдің шығу тарихына, мазмұнына, авторына, орындау шеберлігіне үлкен мән береді. Домбыраға деген қызығушылығы мен еңбекқорлығының арқасында бүгінде бірнеше додаға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бақдәулеттің ұстазы Рабиға Қасымбекқызы жас домбырашының бойындағы өзіне деген сенімділігін, дарынын байқап, жастайынан бірнеше байқауларға қосып, өнерін шыңдай түсуде. – Бақдәулет өнерге зор жауапкершілікпен қарайды. Сабаққа қалмай келіп, үй тапсырмасын мұқият орындайды. Өзі өте алғыр, домбыраны қатты жақсы көреді. Тың туындыларды үйренгісі келіп, сырттан естіген күйлерін «апай, мына күйді үйретіңізші» деп бағдарламадан бөлек жаны қалаған өзге күйлерді де меңгеруге құмар. Сайыстарға да тыңғылықты дайындалады. Жоғары деңгейлі додаларға барып, республикалық байқауда өзге өңірлерден келген өнерпаздармен бақ сынасып, жеңіске жету – мұндай жастағы бала үшін оңай емес. Мен мұны қазақ өнеріне деген құрметі мен дарындылық дер едім. Жақында өткен республикалық «Домбыра Дастан» байқауында 1-орынды иеленгенде ол үшін қатты қуандым. Талабы таудай шәкіртіммен мақтанамын, әлі де талай белесті бағындырып, мықты күйші атанарына сенемін, – дейді ұстазы Рабиға Қасымбекқызы. Өнерлі жас мектепте іс-шараларға белсенді қатысып, мектеп, қоғам өмірінен тыс қалған емес. Оның бойындағы мұндай адами қасиеттер отбасынан алған тағылымды тәрбиенің ұшқыны десек, артық айтқанымыз болмас. Озық ойлы ұланның додаларда асығы алшысынан түсіп, оқушылық кезеңі марапаттарға толы. Толығырақ айтсақ, 2018 жылы республикалық «Күй құдіреті», халықаралық «Русская мозаика», 2019 жылы республикалық «Жас музыкант», халықаралық «Taraz music start», республикалық «Жас жұлдыз» online-байқауларынан бірінші орынды қанжығасын байлапты. Одан бөлек 2019 жылы республикалық «Күй құдіреті» және 2020 жылы халықаралық «Астана мерей» байқауларынан екінші орынды жеңіп алған. Биылдың өзінде республикалық «Жас музыкант» байқауының бас жүлдегері болса, жоғарыда аталған «Домбыра Дастан» байқауында да бірінші тұғырға көтеріліп, 6000000 теңгенің жүлдегері атанды. Кәсіби дайындық пен шеберліктің арқасында болашағынан үміт күткен жетекшісінің, отбасының, өзі туып-өскен аудан, тіпті облыс мерейін асқақтатты. Дарынды күйші «Көкіл» домбырашылар ансамблі және «Желдірме» фольклорлық ансамблінің мүшесі. Балалар жылы қарсаңында Н.Тілендиевтің шығармашылығына арналған кеште К.Әзірбаев атындағы оркестрмен қосылып өнер көрсетті. Жас өреннің болашағы алда, оның әлі де өнер көгінде жарқырай түсетініне сенеміз. Жас күйшінің осындай жетістіктеріне тәнті бола отырып, өнер биігінде қарлығаш қанатың талмасын, қазақтың қасиетті қара домбырасының үнін бүкіл әлемге паш етіп, ұлттық өнердің құдіретін өзгеге таныта бер демекпіз!

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар