Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АНАММЕН ӘЛІ КҮНГЕ СЫРЛАСЫП ТҰРАМЫН»

«АНАММЕН ӘЛІ КҮНГЕ СЫРЛАСЫП ТҰРАМЫН»
ашық дереккөз
«АНАММЕН ӘЛІ КҮНГЕ СЫРЛАСЫП ТҰРАМЫН»
Ерқанат МАНЖУОВ, облыстық мәслихаттың депутаты: – Анамның аты-жөні – Күлшаруан Момынова. Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданының (қазіргі Еңбекшіқазақ), Тескенсу ауылының тумасы. 1940 жылы төртінші сәуірде дүниеге келген. Математика-физика пәнінің мұғалімі. Қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген. Әкем 12 жыл Іле ауданындағы Николаевка ауылында (қазіргі Жетіген) қызмет еткен. Орыс ұлтының өкілдері көп қоныстанған ауыл ғой. Анам сол ауылдағы мектепте орыс тілі пәнінен сабақ берді. Кейін туған мекені Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылына қайта қоныс аударды. Зейнетке шыққанда әкем мен анамызды Алматыға көшіріп алдық. Анам зейнетке шыққаннан кейін де жекеменшік мектепте сабақ беріп көрді. Бірақ білім берудің жаңа тәсілдеріне көңілі толмады. Жалпы жекеменшік мектептерде балалар ақша төлейді де, уақтылы сабаққа қатыспайды. Кейде келмей қалады. Анама сол жағы ұнамаған секілді. Қазір анам да, әкем де үйде. Анам алпыс жасында арабша әріп танып, Меккеге барып келген. Аллаға шүкір, қазір екеуі де намаз оқып, Құран ашады. Біз жанұяда үш ағайындымыз. Мен перзенттерінің ортаншысымын. Үлкен бауырым қазір Павлодарда қызмет етеді. Әскери шені – генерал. Қарындасым Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында директордың орынбасары қызметін атқарады. Медицина ғылымдарының кандидаты. Анам талапшыл жан. Мектепте ұл балалар қыз балаларға қарағанда сабаққа бостау болып келеді ғой. Анам бәрін қадағалап отыратын. Анам мектепте маған сабақ берген жоқ, бірақ ағамның сыныбын оқытты. Бізге де мұғаліміміз ауырып қалғанда сабақ беріп тұратын. Біз орыс, түрік, қазақтың балалары бірге оқып, бірге ойнап өстік. Сонда жігіттер анам сабақ беретін күннен бір күн бұрын темекі тартпай, дайындалатын. Қорыққаны емес, сыйлағаны шығар. Өйткені анам ешқашан даусын көтеріп ұрысқан емес. Анам сабақ берген күні алты сабақ болса балалар сол алты сабақ бойы темекіге жоламайтын. Біздің ауыл аумағы өте үлкен еді. Сондықтан шығар онда әскери-әуе күштері бөлімі бар етін. Ауылдық мектепке бүкіл совет одағының түкпір-түкпірінен мен деген ұстаздар келіп, қызмет етті. Солардың алдында анам өзінің білімін дәлелдеп, жоғары дәрежеге жетті, әріптестерінің ортасында сыйлы болды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін анам В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде біліктілігін арттырып, өзінің мамандығына деген жауапкершілігін жоғары орынға қоя білді. Ұстаздық жолында «Педагогика саласындағы ерен еңбегі үшін ҚазКСР және КСРО ағарту ісінің үздігі» медалі, ҚР оқу Министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс, аудан білім бөлімдерінің грамоталарымен, КСРО Халыққа білім беру ісінің үздігі, метогдист-мұғалім атағын иеленді. Анам тәртіпсіздік жасасақ, шаңымызды қағып алатын. Болмай жатса, әкемізге айтатын. Әкем отырғызып қойып сүйектен өтетін сөздерін айтып, тәрбие жұмыстарын жүргізетін. Өз өмірінен, не болмаса өзге үлгі тұтарлық кісілердің өмірін айтып, мысал келтіріп отыратын. Бірақ біз де жөнсіз тәртіп бұзатын бала болған жоқпыз. Дегенмен жігіттік шақта төбелестік те, бұзықтық та жасадық, сабаққа да бармай қойған кездеріміз болды. Ұл бала болған соң мұндай жағдайлар болып тұрады емес пе? Әкем Алматыдағы зооветериналық иститутында оқыған. Негізі түрімді де, мінезімді де әкеме ұқсатамын. Әсіресе әкем секілді екіжүзділікті, өтірікті ұнатпаймын. Барынша әділдікті сүйемін. Бір өкініштісі, орыс мектебіне барып, сол тілде білім алғаннан соң ана тілінде әкем секілді сөзге шешен емеспін. Ойымды жеткізе алмай, сөз байлығым жетпей қалатын кездер көп болады. Анаммен сырласып тұрамын. Бірақ көп уайымдатпайын, жүрегін ауыртпайын деп көп сырымды әкеммен бөлісемін. Себебі ана жүрегі мейірімді ғой. Аяп кетеді бізді. Елуге келсек те біз ата-анамызға баламыз. Әкем сырт қалаға жұмысқа ауысқаннан бастап қазірге дейін «Балам, жұмысың қалай?» деп, әлі күнге дейін сұрап жүреді. Ал анамның барған сайын жотасын, қолын уқалап, көңіліне қарап отырамын. Анам өзі аурушаң кісі. Бірақ өмірге талпынысы мықты. Қызметте болсын, үйдің тіршілігінде болсын, жұмысқа берілген адам. Біздің бала кезімізде үйдегілер апта сайын қонақ шақыратын. Бір келгенде оншақты адам келеді. Оған дайындаласың, үйді жинайсың. Тамақ, салат дайындайсың. Біздің жастау кезімізде анам бау-бақша егіп, мал ұстайтын. Күзде соның жемісін көріп, банка-банка қияр, қызанақ жабатынбыз. Біз Ақшиға көшкенде бір бауырымыз дүниелерімізді тасуға үлкен көлік берген. Көлік жүргізуші қалжыңға жақын, жақсы адам еді. Сол кісі «Ойбой, тәтеміздің жертөледегі банкасын үш күн тасыдық» деп қалжыңдаған. Расында да анамның қолы ашық, банкасын мол етіп жабатын. Оны бір жылда тауыса алмай қалатынбыз. Сонда да жауып, біразын елге таратын. Енді анамды да түсінуге болады. Ол кісілер ашаршылықты көрген кісілер ғой. Әліге дейін үйде екі қап ұн, бір қап қант тұрмаса үйде тамақ жоқ, бітіп қалды деп есептейді. Анамды мүлдем ренжітпегенмін деп өтірік айта алмаймын. Перзент ретінде кейде өкпелетіп алатынымыз рас. Анамызбен еркін болған соң, жақын болған соң кейде сөзге келіп қаламыз. Қаттырақ айтып, тыңдамай қойған кезіміз де болды жастау кезде. Біздің ұғымымыз басқа, олар басқа дегендей. Ана жүрегі кешірімді, ұмытып кетеді ғой лезде. Апамыз, әкеміздің анасы қаталдау кісі еді. Ол кезде анам мұғалім. Арасында түскі үзілісте үйге келіп, біздің шай-тамағымызды беріп кетеді. Бірде анам жұмыстан түскі үзіліс кезінде асығып келіп, шай қойып, үйге құдықтан су тасып жүреді. Сонда аптығып жүріп орамалын тағуды ұмытып кеткен ғой. Соны көрген апам орамалын шешіп, лақтырып жіберіпті де «басыңа киіп ал!» депті. Қазіргідей емес, ол кезде заман басқа ғой. Анамды қатты қуантқанымыз – ол біздің жетістігіміз шығар. Біздің отбасымызда ағайынды үшеуіміз де табысқа өз күшімізбен жеткен жандармыз. Бізде бір-бірін тарту деген жоқ. Таныс-тамыр деген әңгіме жоқ. Анам бізге үнемі «бауырларыңмен араласып тұр, хабарласып тұр, жағдайын біліп тұр» деп жиі айтып отырады. «Қаржылай да көмек бер, қиындықта қалдырма» деп те ескертіп отырады. Анамның ұл баладан бір бауыры бар. Құдайға шүкір, жер басып жүр. Шелекте тұрады. Екі сіңлісі бар. Олар да Құдайға шүкір, аман-есен. Бөлелерімнің бәрі тәрбиелі, өнегелі, өмірден өз орнын тапқан азаматтар. Анам мені «балашым» деп еркелететін. Ерекең дейді кейде. Бізде ондай еркелетіп ат қою деген жоқ. Қазірге дейін құшақтап, бетімнен сүйіп отырады. Бірде демалысқа барғанбыз. Сол жерде бір жігітпен таныстым. Өзі қараторы келген жігіт. Қалжыңдап «Қара екенсіз» десем, «Білмеймін, анам мені аққуым дейді» деген. Сол секілді әр ана өз баласын әрқалай еркелетеді ғой. Негізі мен кештеу, отызға толғанда үйлендім. Анам менің жеке өміріме араласқан жоқ. Келіншегіме де жайлы ене. Білгенін үйретіп отырады. Қатал емес. Өзі де кірісіп кетіп, келінімен бірдей жұмыс істеп жүре береді. Баламның түр-тұлғасы анама ұқсамайтын сияқты. Мінезі, спортқа бейімділігі атасына келеді. Әкем «Біз жаққа келеді, нағашыларына емес» деп қалжыңдап айтып отырады кейде. Туыстарымыз біздің үйге келіп, дастарқанымыздан ас ішуге тырысатын. Себебі анам тамақты өте дәмді жасайтын. Тек белгілі бір тағам емес, бар асты махаббатпен жасайтын. Кеспе көжесі, бешбармағы, айраны, мәнтісі, бәрін-бәрін керемет әзірлейді. Негізі туғанда балада дәм сезу рецепторы болмайды екен. Сол үшін кішкентайында қандай ас жесе, сол тамақ ең дәмді тағам болып есептеледі. Сондықтан мен үшін анам дайындаған ас – әлемдегі ең дәмді тағам. Анама алғашқы алған сыйлығым есімде жоқ. Жалпы ол кісі дүниеқұмар емес. Қалаған киімін кигізіп, ұнағанын әперіп отырамыз. Соңғы туған күніне кітапша сыйладық. Үлгі ретінде бір ғана данасын (сигнальный) шығарды. Бұл кітапты кезінде өзі жазған еді. Соны аздап реттеп, шығарып бердім. Мұны тағы да қолға алып жетілдіру керек сияқты. Анам қазір 82 жасқа келді. Тазалықты өте қатты жақсы көреді. Әлі күнге дейін тынбайды. Үй тіршілігімен айналысуды бір сәтке ұмытқан емес. Анама әлі еркелеп, мейіріміне шомылып келемін. Бұның өзі мен үшін баға жетпес байлық! Әлемдегі әрбір ана бақытты болуға лайық! Аналар жыламасын, аналар аман болсын!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар