Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Төл рәміздеріміз – ұлттық бірегейліктің тірегі

Төл рәміздеріміз – ұлттық бірегейліктің тірегі
ашық дереккөз
Төл рәміздеріміз – ұлттық бірегейліктің тірегі
Тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын атаулы күннің бірі – Мемлекеттік рәміздер күні. 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Мемлекеттік маңызды символдардың бірі – ту. Ол – хандық биліктің, әскери лауазым мен батырлық дәреженің символдық белгісі ретінде патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Сонымен қатар қолбасшылар байрақтың көмегімен түрлі тактикалық белгілер беріп, шайқасты басқарып отырған. Байраққа көбіне тотемдік белгілер, яғни аңдар мен құстардың (үкі, тасбақа, жылан, бүркіт, бұқа, арқар, тағы да басқа) алтыннан жасалған мүсіндері, жылқының құйрығы сияқты заттар белгіленген. Жер-жаһанды тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен ұлы даланың сайыпқыран ерлері қандай ту көтерген? Қолына қандай байрақ ұстаған? Ежелгі түркілердің әскери қолбасшыларының бөрілі байрақ ұстағандығы туралы зерттеушілер мәліметі де нақты деректермен дәлелденіп жүр. Тасқа қашалып жазылған «Күлтегін» жырында да Білге қаған әкесінің жауынгерлерін бөріге теңеп: «Тәңірі қуат берген соң, Әкем қағанның әскері бөрідей бопты», дейді. Ұлтымыздың фольклорлық жырларында батырларды бөріге теңеп, ұран етіп жырлау кейінгі дәуірлерге дейін жеткен. Мысалы, ХІХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ақыны Сүйінбай Аронұлы: «Бөрілі басы – ұраным, Бөрілі – менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым», – деп, бөріні ұран етіп жырлайды. Байрақ – жібектен немесе ат құйрығының қылынан жасалған шашақ, қабыланның, барыстың құйрығы және түсті матадан тігілген бау түрінде жасалып, ағаш сапқа, найзаның басына жеке немесе қосарланып тағылды. Белгінің қосарлануы байрақ дәрежесінің жоғарылығын білдірді. Сарматтарда, ғұндарда байрақ басында айдаһардың, көне түркілерде бөрінің басы бейнеленген. Ал ислам діні енгеннен кейін байрақ басына Құран аяттары жазылып, ай орнатылған. Көшпелілерде тулар байрақпен қатар, әскердің, мемлекеттің нышаны ретінде қолданылды. Қазақ даласында көтерілген байрақ, тулар да біртектес болмаған. Ел ішінде көбіне Абылайдың ақ туы туралы айтылады. Қазақ хандығында әр ханның, тіпті әр батырдың өзіне тиесілі жеке байрағы болған екен. Тарихи құжаттардан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Байғозы батырлардың өз туы болғанын білуге болады. Ту – әскердің киесі саналғандықтан шайқас кезінде оны ұстау ең сенімді, беделді, талай шайқастарда ерлігімен көзге түскен, соғыстарда әбден шыңдалған ержүрек батыр адамдарға ғана тапсырылған. Қазақ әскерінде – тубегі деп аталатын ресми атақ, жоғары мәртебелі қызмет болған. Жоңғар жаугершілігіне қарсы соғыста Әбілқайыр ханның ту ұстаушы тубегілігіне – бас сардар Бөгенбай батыр сайланған. Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозы батыр, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі Амангелді батыр әскерінің тубегісі – Қияқбай батыр болған. Ту бейбіт кезде құрметпен сақталып, тек жауынгерлік кезде ғана шығарылып отырған. Тудан айырылу – өліммен тең болған. 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес халқының Жеңісімен аяқталып, жеңілген фашистік Германияның жауынгерлік тулары жерге тасталып, Кремль түбінде өртелген кезде неміс әсекерлерінің жігері түсіп, өзінің толық жеңілгендігін мойындаған. Ал Рейхстагқа тігілген қызыл тулар Ұлы Отан соғысында кеңес халқының жеңіске жеткендігін көрсетті. Осы жерде Рейхстагқа ту тіккен тубегі Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін ерекше айтуымызға болады. Көшпелілердің туының түсі де ерекше мән-маңызға ие болды. Соның ішінде көшпелі түрік-моңғол халықтарының дүниетанымында ақ түс қасиетті саналды. Ақ түс – адам ниетінің тазалығын білдіреді. Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі – Абылай ханның ақ туы. Ол туралы мәлімет фольклорлық деректерде сақталған. Қазақтың әйгілі батырларының бірі Бөгенбай батыр ақ түсті ту ұстаған. «Бөгенбай батыр» тарихи жырында «Ақ туды Бөгенбайға әкеп берді, Қараңдар қасиетті Бөген ерді» деген өлең жолдары бар. Сондай-ақ зерттеушілер түркілердің туының түсі көк болған деген болжамдар айтады. «Көк» ұғымы ежелгі түркілердің дүниетанымында ерекше орын алған. Олардың түсінігі бойынша, жоғарыда көк аспан, көк Тәңірі біртұтас және ол адамдарға құт-береке, күш-қуат беруші ретінде қаралды. Қазақтың батырлар жырынан тулардың түсі қандай болғандығын да байқауға болады: «Құйысқанын қысқартып, Көк ала шұбар ту байлап» деп «Қобыланды батыр» жырында айтылса, «Алпамыс батыр» жырында «Шаң астына қараса, Айшықты ала ту көрді» деп айтылады. Қызыл түс әлем мемлекеттері туларында ең көп кездесетін рең. Ол барлық тулардың үштен екісінде бар. Одан кейін көп пайдаланылғаны ақ, көк, сары және қара бояулар. Мемлекеттік туларда жиі кездесетін нышанның бірі – күн бейнесі. Олардың ішіндегі ең атақтысы – Жапонияның «Күн дөңгелегі». Рәміз – елдің «Күншығыс елі» деген атының нышанының белгісі. Тайвань туында – ақ күн, Филиппин туында – сегіз сәулелі күн, Уругвай туында – адамның бет-бейнесіне ұқсас «Мамыр күні», Бангладеш туында қызыл күннің суреттері бар. Әлемдегі ең көп түсті ту – Оңтүстік Африка Республикасына тән. Ту алты түстен тұрады: жасыл, қара, ақ, сары, қызыл, көк. Тағы бір ерекше ту – Парагвай туы. Оның ерекшелігі сол, тудың екі жағында да бейнелер бар. Бет жағында мемлекеттің елтаңбасы, ал артқы жағында қазына мөрі бейнеленген. Португалия – өз туында ғылыми аспап – координаттарды анықтауға арналған астрономиялық құрал бейнеленген жалғыз ел. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашан бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады. Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттерге сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті – қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік пен ерліктің белгісі. Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Елтаңбаның негізі батырлардың қалқандарының көшірмесі ретінде алынған. Қазақстан елтаңбасының негізін қасиетті шаңырақ құрайды. Шаңырақ тектес елтаңба бұрын-соңды әлемдік геральдика тарихында болмаған. Қазақтың қасиетті қарашаңырағы бүтін қазақ елінің символы іспеттес. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы болған отбасының ошағын бейнелесе, ал қанатты тұлпарлар мәңгілік өмір мен шексіз дамудың белгісі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мемлекеттік Әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 2006 жылы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Алғаш рет Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде «Менің Қазақстаным» әні 10 қаңтарда 2006 жылы, Қазақстанның тұңғыш Президентін ұлықтау рәсімінде орындалды. Бұл әнұранның сөзі республикамыздың барша халқының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән болды. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын асқақтатып, болашаққа деген арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес көк Туымыз, қайталанбас Елтаңбамыз бен айбатты Әнұранымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей көкте қалықтата берсін. Өткенімізді танып, тарихымызға көз жүгіртіп, өшкенімізді тірілтіп, Туымызды тік ұстайық, Қазақ елі! Гүлшат ҚҰЛАБЕКОВА, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар