ЖЫҒЫЛМАСЫН ҚАЗАҚСТАН ЖАЛАУЫ!
Көк Ту – қазақтың қасиетi, рухы, ұлттың ұлылығының белгiсi. Көк туды қорлағаның –
рухыңды қорлағаның. Ал туды қадiрлегенiң – ұлтыңды қадiрлегенiң. Туды қадірлеу арқылы рухымызды оятамыз. Ұлттық санамызды қалыптастырамыз.
Біз бүгінгі мақаламызда туға байланысты мәлім де, беймәлім деректерді, анығырақ айтсақ, ту қандай жағдайда төмен түсіріліп, қандай жағдайда көтерілетініне және Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталатын боламыз.
Тудың төмен түсірілуі азаны білдіретіні белгілі. Джулиан Франклиннің «Қалқан мен дулыға: геральдиканың ғылым және өнер ретіндегі сипаттамасы» атты кітабына сәйкес, тудың түсірілуі ХVІІ ғасырда британдық әскери теңізшілердің жолдастарын құрметпен еске алу мақсатында пайда болыпты. Қазақстанда да Аза тұту күні арагідік жарияланып тұрады. Соңғы мәрте 12 маусым Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқан орманшыларды жалпыұлттық Аза тұту күні деп жарияланып, еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді.
Ал ту екі жағдайда көтеріледі. Президенттің басқа елге мемлекеттік сапары кезінде жəне спортшылар жеңіске жеткенде. Әлемдік аренада еліміздің көк Туын ең алғашқы болып желбіреткен спортшылардың бірі белгілі боксшы Ермахан Ыбырайымов еді. 1996 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиада ойындарында ту ұстап шығу бақыты жерлесіміз Ермахан Ыбырайымовқа бұйырды. Араға төрт жыл салып Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарында да Е.Ыбырайымов Мемлекеттік Туды ұстап шықты. Боксшының өзі республикалық газеттердің біріне берген сұхбатында: «Сидней Олимпиадасында Елбасының тапсырған туын құлатуға хақым жоқ еді. Халқымызға уәде бергеннен кейін қиындықтың бәріне шыдап, жеңіспен оралуым керек болды. Мен жеңілсем, туымыз да жығылмай ма? Сол сындарлы сағаттарда қайткен күнде де туды құлатпауым керек деген ой болды», деген екен.
Осы орайда Мемлекеттік Тудың қолдану заңдылықтарына да тоқталып өткенді жөн көрдік. Біріншіден, адамға немесе затқа деген құрмет ретінде ту төмен түсірілмеуі керек. Екіншіден, ту қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі қажет. Үшіншіден, тудың сабы көлденеңінен көтерілмейді. Төртіншіден, кірлеген немесе жыртылған ту қойылмауы керек.
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматілдаеваның айтуынша, Мемлекеттік Туды қолданудың басқа да заңдылықтары бар.
– Туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайды. Киім немесе төсек-орын, шымылдық ретінде пайдаланылмайды. Қазақстан Республикасы атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай болып саналады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың ұлттық стандарт талаптарын бұзып, Мемлекеттік Туды пайдалануына жол берілмейді. Атап айтқанда, ұлттық стандартқа сай келмеу дегеніміз – Мемлекеттік Тудағы нысанды, мөлшерді және техникалық талаптарды бұзу. Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ҚР Үкіметі айқындаған тәртіппен ауыстырылып, жойылуы керек. Қазақстандықтарға Мемлекеттік Туды үйлердің қасбеті мен балкондарға ілуге рұқсат етілді. Үй-жайларда пайдаланылатын Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың туды ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді, – дейді Гүлназ Есенғалиқызы.
Ал Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков 1938 жылы Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында дүниеге келген. Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкен Оңласынұлының нағашы жұрты Бауыржан Момышұлы болса, өз бабасы «Қарлығаш би» атанған дана Төле би екен. Даңқты суретші студент кезінің өзінде-ақ әйгілі Эрмитаж, Исааков соборы, Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.
2021 жылы Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына Шәкен Ниязбековтің есімі берілді.
– Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шәкен Ниязбеков ауылында 1 551 тұрғын тіршілік кешуде. Ауылдың жер көлемі – 455,5 гектар. Сондай-ақ ауылда 1 орта мектеп,
1 пошта, 1 мешіт және 1 фельдшерлік пункт халыққа қызмет көрсетуде. 7 көшенің барлығына асфальт төселіп, тұрғын үйлер таза ауызсу мен электр желісіне қосылған.
Бұдан бөлек ауыл аумағынан шаруа қожалық иелерінің егістік жерлеріне өтетін каналдар бетондалып, лотоктар жүргізілуде. Жаңа заманауи футбол алаңшасы салынды. Ауыл тұрғындарының көптен күткен Ә.Ысмайылұлы орта мектебінің апатты жағдайдағы А2, А3 блоктары, акт залы, асханасы және спортзалы күрделі жөндеуден өтті. Құрылыс жұмыстарын «Тараз-Строй-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, пайдалануға берді.
Тағы бір айта кетерлігі, жер кезегінде тұрған азаматтар үшін 97 дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері үлестірілді. Енді алдағы уақытта Б.Досымбекұлы көшесінің бойында орналасқан футбол алаңшасының жанынан балалар ойын алаңы мен мерекелік іс-шара өткізетін сахна салу жоспарлануда, – дейді Шәкен Ниязбеков ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев.
Сонымен қатар Шәкен Ниязбековтің құрметіне ауылға кіреберісте аллея да ашылған. Аллеяның басты композициясы ретінде биіктігі 24 метрлік «Ту-тұғыр» ескерткіші орнатылып, оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы тігілген. Шәкен Ниязбековтің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында еңсе тіктеген ескерткіштің биіктігі –
23 метр. Еске алу мемориалдық кешенінің авторы – Жомарт Қонысбаев. Ескерткіштің құрылысына облыс қазынасынан 41 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Ауыл қариялары кеңестік кезеңді еске түсіретін Бесжылдық атының ауысып, елімізге еңбегі сіңген Шәкен Ниязбековтің есімі берілгені жөн болғанын айтады.
– Ауылға ресми түрде Шәкен ағамыздың есімі берілген күні «Ту-тұғыр» ескерткіші де салтанатты түрде ашылып, қуанышымыз еселенген болатын. Бесжылдық –
өздеріңіз білетіндей, кеңестік кезеңнен қалған атау. Ауыл атын ауыстыру туралы бастама көтерілгенде бәріміздің көкейімізде «Қандай атау лайықты?» деген сауал тұрды. Ақылдаса келе, «Шәкен Ниязбековтің есімін неге бермеске?» деген байламға келдік. Себебі Шәкен Оңласынұлы – ауылымыздың тумасы. Ұсынысқа ауылдастар қарсылық көрсетпей, тек қолдау білдірді. «Ту-тұғырды» орнатар кезде де тұрғындар ұйымшылдықпен атсалысып, басы-қасында өздері жүрді.
Шәкен Оңласынұлының жерлесіміз болғаны – біз үшін зор мақтаныш. Ағамыздың есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы, – дейді ауыл биі Қонысбай Жақсылықов.
Тағы бір айта кетерлігі, Шәкен Ниязбеков ауылы ішімдіктен бас тартқан ауылдардың қатарында. Сыйлы адамның атына сай болайық деп, ауыл жастарының бастамасымен 2021 жылдан бері ішімдік атаулы сатылмайды, ауылға кіргізілмейді. Тек бұл ауыл ғана емес, жанындағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық, Танты, Қапал ауылдары да ішімдіктен біржола бас тартқан. Аталған төрт елді мекендегі 22 дүкен иесі ішімдік сатуға берілген лицензияларын қайтарып беріпті.
Біреу білсе, біреу білмес, Мемлекеттік Туымыздың өмірге келуінің де өзіндік тарихы бар. Бұл туралы автордың өзі былай деп еске алған: «Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия отырысында соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегіз бұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегіз бұрышты Әзірбайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды салмайсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деп жауап қаттым. «Қыранның күннің астында ұшуы қисынға келмейді» деген көзқарастар да болды. Сол талқылауда: «Тудың түсі көк. Себебі біз Тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың туымызда бейнеленуі – заңдылық», деген Ш.Оңдасынұлы.
Отанды сүю деген осы болса керек. Туған елінің, жерінің шөбін, суын, қалықтап ұшқан қыранын, топырағын сүйіп ақындар жырға қосса, суретші Шәкен ағамыз өз қиялын жетілдіре отырып Қазақстанның Туын бейнеледі.
P.S.Қазақстанның рәміздерін әрбір Қазақстан азаматы құрметтеуге тиіс. Рәміздерді сөз еткенде «ұлттық» сөзі ойға оралады. Ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сана… Қай рәмізді алсақ та ұлттық нақыштан аспаған. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған отыз екі шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді. Мемлекеттік рәміздерімізді тек мерекеде ғана еске алмай, әрдайым қадірлеп, қастерлеп жүргенге не жетсін!
Келесі мақала