Мәдениет
«ҰЛТ РУХЫ – ҰРПАҚ МҰРАТЫ»: Қазақстанның І мәдениет форумы өтті
- author AR-AY
- 3 мамыр, 2022
- 243
«ҰЛТ РУХЫ – ҰРПАҚ МҰРАТЫ»: Қазақстанның І мәдениет форумы өтті
Мәдениет пен өнердің ордасына айналған Алматы қаласында 27-28 мамыр күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» тақырыбында Қазақстанның I мәдениет форумы өтті. Елімізде тұңғыш рет өткізілген форумда театр, кітапхана, музей, кино, архив сынды руханият саласында қызмет етіп жүрген 500-ге жуық өкіл бас қосты.
Мәдени құндылықтарымыздың қазіргі жай-күйі мен жаһандану кезеңіндегі мәдениет саласының даму қарқыны туралы маңызды мәселелер ортаға салынған іс-шараға өз облысымыздан 10 делегат қатысты. Форумның алғашқы күні театр, музей, кітапхана салалары бойынша секциялық жұмыстармен басталып, екінші күнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Абай атындағы опера және балет театрында арнайы жиын болды. Жиында алғаш болып сөз алған Дәурен Әскербекұлы алғаш рет өткізіліп жатқан ауқымды шараның мақсатын түсіндірді.
– Кез келген мемлекеттің өркениетті елге айналуының басты факторының бірі – сол ұлттың мәдениеті. Ұлттық рухын жоғалтқан елдің ертеңі жоқ. Жаңа Қазақстан деп аталатын маңызды кезеңде мемлекеттің идеологиясына тигізетін мәдениеттің ықпалын сөз еткен форум тақырыбы «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» деп аталуы да сол себептен. «Жаңа бетбұрыс саяси тұрғыдан ғана жаңару емес. Ол ұлттың мәдениетінен руханиятына дейінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейінгі мәселені қамтиды. «Өнер – адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі» деген сөз бар, сол ұлы қабілетті игілік пен ізгілік арнасына бұра алатын да сіздер. Сіздер ғана тарихымызды тасқа қашап, сіздер ғана ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан-ғасырға жалғап келесіздер. Сол себепті де зиялы қауымды ұлттың ұяты, рух иесі деп бағалап жатамыз. Кез келген халықтың болмысы мен бітімін, тілі мен дінін айшықтағанда саясаткерін емес, алдымен ақыны мен жазушысын еске алады. Ағылшын тілін Черчилль мен Елизаветаның тілі деп ешкім айтпайды, ұлы Шекспирдің тілі, француз тілін Наполеонның тілі емес, Гюго мен Дюманың тілі деп таниды. Біз де ұлтымыздың шежіресін Қазтуған мен Шалкиіздің, Абай мен Ахметтің тілінде жазуды білеміз. Осындай рухтың қайнары – өздеріңізде, – деді министр Дәурен Абаев.
Дәурен Әскербекұлы мәдениет қызметкерлерінің жағдайын жақсарту басты міндет екендігін өз баяндамасында ерекше атап өтті. Алайда бұл міндетті жүзеге асыру министрлік тарапынан жасалған қадамдармен ғана жүзеге аспайтындығын, «жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл» болатындығын жеткізді. Сол себепті Мәдениет министрлігі өз жауапкершілігіне ала алатын басымдықтарды атап өтіп, көпшілікке ұсынды.
Бірінші, отандық көркем туындылардың сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігі.
Екінші басымдық – маман даярлау мәселесі.
Үшінші басымдық – мәдени мекемелердегі жұмыс сапасы.
Төртінші басымдық – кино саласынан бастап кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру мәселесінің әділ және ашық болуын қадағалау. Аталған басымдықтар мәдениет саласында қордаланған мәселелер екендігі және оны шешу бойынша арнайы іс-шаралар жоспарланып жатқандығы баяндама мазмұнында айтылды.
Министрден кейін форумға арнайы шақыртылған сегіз спикерге сөз кезегі берілді. Руханияттың әр саласы бойынша ой саралауға келген спикерлер түйткілді мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында: Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, аудармашы Бақыт Қайырбек, мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева, белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, Канн фестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмова, өнертанушы Ольга Батурина, режиссер Фархад Молдағали, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали болды. Спикерлердің бірі киноның көркемдігі, кітаптың мазмұндылығы, енді бірі ұлттық өнерді насихаттау, театр саласындағы олқылықтар, той мәдениеті, бейнелеу өнерінің бүгінгі қоғамға әсері туралы көзқарастарын ортаға салды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет қызметкерлерінің қатысуы қамтамасыз етілген форумда мазмұнды әңгіме, орынды ұсыныстар көп болды. Форумның соңын министр Дәурен Абаев былай қорытындылады:
– Алдағы уақытта балалардың атына арнайы карта ашылады. Үкімет ол картаға ақша бөледі. Бірақ бала ол картадағы ақшаны жұмсай алмайды. Ол ақша музейге, театрға барғанда ғана пайдаға асады. Бұл – жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жасалатын игі қадам.
Бұл алаңда той туралы айтылды. Той – қазақтың феномені. Ол зерттелуі керек. Оның жақсы-жаман жағы бірдей болғанымен, той – елді біріктіретін күш. Министрлік тарапынан қарауға дайынбыз. Ал кешегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған келеңсіздік – мәдениет форумында талқылауға тұрмайтын нәрсе, өйткені мәдениетсіздік көрсеткен жас жігіттердің әрекеті тәрбие мәселесіне көбірек келеді.
Сонымен қатар ұлттық мекемелерде жалақы мөлшері көтеріліп, жыл соңында мәдениет және өнер қызметкерлері үшін ұлттық сыйлықтардың тағайындалатындығы туралы қуанышты хабар форум соңында жария етілді. Форумның екінші бөлімі марапаттау рәсіміне ұласты. Нақтырақ айтқанда, Республика бойынша салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, еңбегі сіңген 47 өнер өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Облыс бойынша К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының директоры Сейітқасым Түктібаев, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының артисі Жүніс Әлімбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Бүкілқазақстандық форумның алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатыны жоспарланып отыр.
Ғалия АБЫЛАЙ облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы