«Қазақ пен моңғол халқы өңімен ғана емес, жанымен де ұқсас»
Қазақы қаймағы бұзылмаған Жамбыл өңірінде қазақ тілін жетік меңгеріп, жұртшылықтың құрметіне бөленіп, замандастары арасында дараланып жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – моңғол қызы Салтанат Жаба. Қарапайым отбасында тәрбиеленген Салтанаттың әкесінің ұлты моңғол болса, анасы – қазақ. Алғыр қыздың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне ықпал еткен отбасы мен өскен ортасы екен. Бұл орайда оның қазақша меңгерсем деген қалауын өскен ортасы мен ұстаздары қолдап-қуаттап, қолдарынан келген көмегін аямаған көрінеді.
Қазақ тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, әндерін де нақышына келтіре орындап, облыстық, республикалық жарыстарда көзге түсіп жүрген Салтанат бүгінде Байзақ ауданындағы «Салтанат» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді.
– Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл ауылында туып-өстім. Қазақ мектебіне бардым. Достарым – қазақ. Әкем Қытай Халық Республикасының Бортола деген қаласында дүниеге келген. Қытайда қайбір жылдары репрессия болып, әкем Қазақстанға жер аударылған. Осылайша Байзақ ауданы, Бурыл ауылына келіп тұрақтайды. Қолынан іс келетін әкем құрылысшы болып нәпақасын табады. Сөйтіп жүріп құрылысшылардың асханасында аспаз болып жұмыс істейтін анаммен танысып, тіл табысып, жұп болады. Әкем Қытайда туып-өскен соң, ата жұрты Моңғолия жайлы көп айтпайды. Бәлкім балалық шағы онда өтпегеннен болар. Бірақ кезінде қиындыққа тап болғанда төріне шығарып, дастарқанынан дәм татқызған қазақ халқына құрметі шексіз. Бүгінде әкем мен анамның дос-жекжаттарымен қоса, құдалары да қазақ. Тіпті менің есімімді де қазақ достары қойған екен, – дейді С.Жаба.
Салтанаттың бір бойында бірнеше өнер түрі топтасқан. Қазақ әндерін орындағанды жаны ұнатады. Репертуарында моңғол әндері де бар. «Бала кезімнен өнерге жақынмын. Әсіресе ән айтқанды жаным сүйеді. Әлі күнге дейін байқауларға қатысамын. Той-жиындарға барсам да ән айтып бер деп қолқалап жатады. Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі де жиі шақырып тұрады», – дейді Салтанат.
Салтанаттың қазақ тілін үйренуге деген талпынысын қолдап отыратын әкесі мен анасына айтар алғысы шексіз. Отбасы мүшелерінің барлығы үйде тек қана қазақ тілінде шүйіркелеседі.
– Қазақ елінде тұрған соң қазақ тілін біліп, меңгеру маңызды. Ұлтым моңғол екенін көбісі білмейді. Себебі түрімде өзгешелік байқалмайды. Есімім де қазақша. Тек тегімді естігенде түсінбей сұрап, естіген соң таңғалып жатады. Негізі, қазақ пен моңғол ұлты өңімен ғана емес, жанымен де ұқсас. Моңғолдар да қазақ секілді көшпенді халық. Олардың да ұлттық тағамдары ет. Қазақ үйде тұрған. Одан бөлек моңғолдар да қазақ секілді момын әрі қонақжай халық.
Жалпы, Қазақстанға күштеп көшірілген барлық этнос өкілдері Құдай қолдап, қазақ халқының қамқорлығының, бауырмалдығы мен кеңпейілінің арқасында өсіп-өнді. Сол үшін де қазақ халқына рақмет айтамыз. Отбасымызда сол бір жылдардың зобалаңы мен қазақ халқының бауырмалдығы туралы үнемі айтып отырамыз. Қыз алысып-берісіп, жекжат та болып кеттік. Олай дейтінім, өзім де қазақтың келінімін. Егер мен қазақ ауылында өспесем, қазақ тілін білмесем, қазақ отбасының шаңырағына келін болып түскенде қатты қиналар едім. Бірақ ата-енем мені шаңыраққа түскеннен келін деп емес, өздерінің қыздарындай жылы қабылдады. Өзге ұлтсың деп бөлмеді. Әлі күнге дейін келіспей қалған жеріміз жоқ. Отбасында моңғол ұлтының да, қазақтың да әдет-ғұрыптарын ұстанамын. Ата-енем, менің тірлігімді, өнерімді бағалайды. Менің қазақ тілін меңгерудегі жетістігіме, әсіресе тіл байқауларында жүлделі орынға ие болсам, ұдайы қуанып отырады. Қазақ тілін меңгеріп, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін, – дейді Салтанат.
Кейіпкерімізбен әңгіме барысында оның қазақша мақалдап сөйлегеніне, мемлекеттік тілдің келешегіне жанашырлық танытқанына іштей риза болып отырдық.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала