МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЕСЕП БЕРДІ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының желілік кестесіне сай аталған партияның облыстық мәслихаттағы фракциясы мүшелері Оралхан Дәуіт пен Ерұлан Мағзымбеков есеп берді.
Халық қалаулыларының ел аманатын арқалап, депутат атанғандарына төрт айдың жүзі болыпты. Осы төрт айда не атқарылды? Өз округтері бойынша нендей проблемалар бар? Олар қалай шешіліп жатыр? Осы уақытқа дейін қандай депутаттық сауал жолдапты? Ең бастысы халыққа берген сертінде тұра алды ма?! Брифинг осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
«Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Оралхан Дәуіт депутаттыққа Тараз қаласындағы №11 округтен сайланған. Бұл округ қалаға жаңа қосылған ықшамаудандарды қамтитындықтан проблема шаш етектен. Халық қалаулысы алғашқы депутаттық ісін сәуір айында Қызылабадтағы №58 бастауыш мектептің жай-күйінен бастап кеткен-ді. Тозығы жеткен, бұрын балабақша болған мектептің мүшкіл халін жоғарыдағыларға жеткізді. «Қызылабадта жаңа мектеп қашан салынады?» деп мақала жазып, тұрғындармен кездесіп, уәждерін тыңдады.
Одан соң «Сенім тұрғын үй кооперативіне» ақшасын салып, қаражатын қайтып ала алмай жүрген салымшылардың жанайқайына бас ауыртты. Меркі ауданында 280 орындық балабақшаның қабырғасы қақ жарылып тұрғандығын айтып, әлеуметтік желіде пост жариялады. Таластық ата-аналардың мұң-мұқтажына құлақ асып, балабақша тамағына 100 теңге төленетіндігін айтып, «100 теңгеге балалар тойып тамақ іше ме?» деп таластық балабақшаларды аралап шықты.
– Осы уақытқа дейін 5 депутаттық сауал жолдадым. Соның бірі – «Казарма» тұрғын алқабында салынып жатқан 180 орындық мектептің құрылысы тоқтап қалғанын бұған дейін жазған болатынмын. Екі рет арнайы барып көрдім. Құрылыс басында қарауылдан басқа пенде жоқ. Ал бұл мектеп биыл пайдалануға берілуі керек. Өз уақытында пайдалануға берілмей қалуы мүмкін-ау деген сұрақты Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен кездескенде арнайы қойдым. Мен де өз округімдегі құрылыс мәселесін үнемі көтеріп отырамын. Шешілуі тиіс шаруа көп. Бірінші, «Казарма» тұрғын алқабындағы 180 орынды мектеп мәселесі. Екінші, «Құмшағал» тұрғын алқабындағы спорт кешені. Үшінші, «Арай» тұрғын алқабындағы 600 орындық мектеп мәселелері.
«Құмшағалда» салынып жатқан спорт кешені құрылысының да қарқыны төмен. Ал «Арай» тұрғын алқабынан бой көтеріп жатқан мектептің сапасы көңіл көншітпейді. «Ашық есік» шарасына келген облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Исақов пен құрылыс және жобалау жұмыстары бөлімінің басшысы Нұржігіт Мұратовтың айтқандары төмендегідей болды. «Казарма» тұрғын алқабындағы мектептің құрылысы қайтадан жанданды. Дәл қазір құрылыс басында 30-35 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл мектеп биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі. «Құмшағалдағы» спорт кешені де өз уақытында бітеді. Ал «Арай» тұрғын алқабындағы мектептің сапасына байланысты техникалық қадағалаушыға айыппұл салынды. Кемшіліктер жойылды. Бұл мектеп те алдағы қыркүйекте пайдалануға көлік те беріледі» деп жауап қатты. Әрине, құрылыс басқармасы басшыларының бұл жауаптарына қуанып та қалдық. Дегенмен сөз бөлек, іс бөлек емес пе? Біз бұл мәселені қадағалап отырамыз, – деді депутат Оралхан Дәуіт.
Сондай-ақ брифингте «Шөлдаладағы» ауызсу мәселесін айтып өтті. «Мелиоратор» компаниясының ауызсу құбырын жүргіземіз деп көшелерді қазып тастағанын, оның орнын талапқа сай жаппағанын, соның салдарынан адам да шұңқырға түсіп, әбігерге түскенін, жаңадан қойылған құдықшалардың сапасы өте нашар екенін, алды шашылып, үгітіліп жатқанын ашына айтты. Осы мәселені барынша қадағалайтынын, істі соңына дейін жеткізуге атсалысатынын тілге тиек етті.
Ерұлан Мағзымбеков – Жуалы ауданынан сайланған депутат. Сол өңірде туып-өскен азамат облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы. Халық қалаулысы брифингте мектеп тапшылығы, білім саласына қатысты мәселелерді атап өтті. Білім саласындағы олқылықтарды айта келіп, биыл он мектеп пайдалануға берілмекші екенін, алайда екі мектептің құрылысы әлі де аяқталмай тұрғанын жеткізді.
– Сапасыз салынған құрылысты толыққанды қалпына келтіру мүмкін емес. Өйткені ол жерді анықтаудан бастап кілтін бергенге дейінгі үлкен кешенді процестен өтеді. Десе де 60 пайыз қалыпқа келтірілді. Баспана мәселесі Жуалыда да өзекті. Баспана кезегінде тұрғандар көп. Осы екі мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым. Соның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Жуалы ауданы аумағындағы учаскесінде айналма көпір жоқ. Осы мәселені жоғары жаққа жеткізіп, ұсынып отырмын.
Тағы бір мәселе – «Диқан» мектебі. Ондағы оқу орнының құрылыс сапасы нашар. Атқарылған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпейді. Жуалыдағы №16 колледждің жатақханасы мемлекеттің теңгеріміне қарайды. Енді соны кезекте тұрған адамдарға пәтер ретінде берсек деп ұсыныс жолдап отырмын. Бірінші қабаты жатақхана бола береді. Қалған этаждары баспаға мұқтаждарға берілсе, – деді ол.
Төрт ай. Аз да, көп те уақыт емес. Сайлау барысында көп уәде берілген. «AMANAT» партиясы уәдеде тұруға барынша күш салып жатыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала