Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨРТ ПЕН СУ – ТІЛСІЗ ЖАУ

ӨРТ ПЕН СУ – ТІЛСІЗ ЖАУ
ашық дереккөз
ӨРТ ПЕН СУ – ТІЛСІЗ ЖАУ
Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжап білу мүмкін емес. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жəне материалдық құндылықтарға орны толмас зиян келтіретіні барлығымызға айдан анық. Жаз мезгілінде әсіресе дала жəне орман өртінің қаупі жоғары. Алдын алуда да қиындықтар кездеседі.  Қазіргідей ми қайнатар ыстықта адам өміріне қауіп төндірер тілсіз жаудың бірі – су арналары. Жыл сайынғы жазғы шомылу маусымы кезінде су айдындарында қайғылы жағдайлардың орын алуы өзекті өртеп келеді. Мұның себебі – суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылу. Жаз мезгіліндегі дала өрттерінің алдын алу, шомылу маусымындағы қауіпсіздік жайы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте айтылды. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев осы тақырыптар төңірегінде баяндама жасады. Департамент бастығының айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында резонанстық төтенше жағдайлар болмаған. «112» және «101» нөмірлеріне 220 мыңнан астам қоңырау түскен, бұл өткен жылғы осы кезеңнен 10,2 пайызға азайғанын көрсетеді. Аумақтық бөлімшелермен авариялық-іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 778 адам құтқарылып, төтенше жағдай аймақтарынан 313 адам эвакуацияланған, 199 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетілген. – Барлық оқиғалардың 92 пайызы (394 жағдай) өндірістік және тұрмыстық өрттерден келеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны 34,8 пайызға өсті. Өрт кезінде 12 адам қаза тапты. Өрттің негізгі себебі адамдардың салғырттығынан болып отыр. Облыс аумағында 8 көміртегі тотығымен улану жағдайы орын алып, 11 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапты. Жыл басынан бері облыс аумағында 3 объектілік және желдің салдарынан 6 жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайлардың алдын алу, уақытылы анықтау және салдарын жою мақсатында департамент пен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамы арасында осы жылға облыс аумағындағы су тасқыны мен өрт жағдайын ғарыштық және әуеден бақылау қызметтерін көрсетуге 8 миллион 830 мың теңгеге шарт жасалды. Ғарыштық мониторингтің 181 суреті түсті, оның 126-сында облыстағы су басу аймақтары көрсетілген. Термиялық серифтер (жоғары, орташа және төмен температура ошақтары) көрсетілген 4 сурет бар. Елді мекендерді, экономика объектілерін және халықты су тасқыны қаупінен қорғау үшін облыста «2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі жұмыс жоспары» бойынша іс-шаралар атқарылды. 7 су қоймасының, оның ішінде Қырғыз Республикасының аумағындағы 2 су қоймасының («Киров» және «Орто-Токой») жұмыс режимі және облыс өзендерінің арналары бойынша тасқын сулардың қауіпсіз өтуі департамент қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасының іс-шараларын орындау мақсатында Талас өзенінің арнасы бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуге биылға 1 миллиард 723 миллион 600 мың теңге бөлінді. Осы алты айда облыстың су айдындарында 3 адам суға батып кетті, оның біреуі бала, – дейді департамент бастығы Ермек Жамбылұлы. Департаменттің кадр саясаты басқармасының бастығы Алмас Жұматаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы алты айда департаменттің және құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол бермеген. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруда жыл басынан бері «АMANAT» партиясы филиалдарының, Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің және құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесе түрлі форматтағы іс-шараларды өткіздік. Тәртіптік практиканы қолдануға принципті көзқарас қолданылады. Әскери-қызметтік тәртіп мәселелері жедел және аппараттық кеңестерде үнемі қаралып, талқыланады. Басшылардан әскери-қызметтік тәртіп пен ұжымдағы моральдік-психологиялық ахуалдың жай-күйінің жағымды болуына сұраныс күшейтілді, – дейді азаматтық қорғау подполковнигі Алмас Бауыржанұлы. Сондай-ақ А.Жұматаев осы жылдың 6 айында «112» және «101» нөмірлеріне түскен қоңыраулар жайында да баяндады. Соңғы жартыжылдықта барлығы 229 066 қоңырау түскен. Оның ішінде «112» нөміріне 204 542 қоңырау шалынған. Көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 10,2 пайызға азайған. А.БЕКЕНҚЫЗЫ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар