Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТІЛСІЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

ТІЛСІЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөз
ТІЛСІЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ
Жаз маусымы басталғалы біздің облысымыздағы төтенше жағдай саласы мамандарының жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет істеуде. Шіліңгір шілдеде түрлі өрттен келетін қауіп күшейді. Осыған байланысты өртсөндірушілер мен құтқарушылар жедел әрекет ету мақсатында күнде жоғары жауынгерлік дайындықтан өтеді. Сондай-ақ мамандар облыс пен қала аумағындағы қураған шөптер мен қоқыстардың жануының алдын алып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері әр күн сайын күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына хабарласқан азаматтарға көмектеседі. «Күмән неден болса, қауіп содан» демекші, осыдан екі апта бұрын облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Жуалы ауданындағы Ақбастау ауылының маңында қураған шөптің жанғаны туралы хабарлама келіп түседі. Дәл осы кезде Жуалы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінің кезекшісі және Қарасаз ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру бөлімшесі жедел түрде аталған жерге жетіп, бас-аяғы 20 минут ішінде тілсіз жауды ауыздықтап үлгереді. Сөйтіп, диқандардың егінін қызыл жалынның шарпуынан сақтап қалды. Міне, осындай жағдай Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында да қайталанды. Атап айтар болсақ, аудандағы тұрғын үй аумағына орналасқан монша өртке оранған болатын. Бұл жайында хабарлама келіп түсе салысымен оқиға орнына жеткен Тараз қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жедел түрде жеке құрамның 7 адамы және 2 бірлік техникасы жұмылдырылып, 15 минуттың ішінде өрттің жақын орналасқан ғимараттарға таралуына жол берілмеді. Сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қадағалаған төтенше жағдайлар департаменті күннің ысуына байланысты немесе басқа да төтенше жағдайлар туындауының алдын алып телефондарға хабарламалар, алдын ала ескертпелер жіберіп отырады. Сол арқылы халық та өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етіп отыр.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар