ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Өміріміздегі тіршілік көзінің маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Сондықтан мемлекет тарапынан аудан аумағында ауызсу мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Өткен жылдың қыркүйек айында орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған 9 елді мекенге республикалық және облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге қаралып, ауызсу имараттары мен су бұру жүйелерінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Солардың төртеуі Астана қаласының 25 жылдығына орай ел игілігіне ұсынылса, соның бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округінің Жібек жолы елді мекені болатын.
Еліміздегі айтулы мереке күні аталған елді мекенде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне берілді.
Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жергілікті жұртты құттықтап, билік өкілдерінің тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретінін жеткізді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ардагер Бейсен Жүзгенбаев сөз алып, ауылдық округтегі оң өзгерістерді атап өтті. Ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту ісіне бастамашы болған облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне шынайы алғысын білдірді.
Дәстүрге сай ауызсу жүйесі имаратының лентасы қиылып, су қондырғылары іске қосылды. Келген қонақтар сүзгіден өтіп, екі жүз метр тереңдіктен тартылып алынған таза ауызсудың дәмін татты.
Астана күні мерекесіне байланысты аудан бойынша Тегістік ауылдық округінің Сарыбарақ елді мекенінде, Ботамойнақ ауылдық округінің Байзақ елді мекенінде, Бәйтерек ауылдық округінің Тегістік елді мекенінде су қабылдау имараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың пайдалануына берілді.
Байзақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Келесі мақала