АСЫЛ ҚАЗЫНАНЫҢ САҚШЫЛАРЫ
Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет», деген еді. Ұлттың рухани азығы саналатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше.
Иә, қанша жыл, тіпті қанша ғасыр өтсе де асыл кітаптарымыз біздің құнды дүниеміз болып қала бермек. Өткен ұрпақ пен келешек ұрпақ та тек кітап нәрімен сусындап, білім алатыны анық. Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы десек, бүгінгі кітапхананы дүниеде ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағы мен тәрбиенің қазығы дейміз.
Кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да тартымдылығымен ерекшеленеді. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа толы құмарлықтан басталады. Себебі күн сайын жаналыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп, алып жатқан оқырмандар легі. Осылай біздің жұмыс күніміз жалғасып жатады. Сөйтіп, кітапханашы мен оқырманның бірлескен іс-әрекеті жалғасады. Соңғы кезде жаңа технологиялардың дамуына байланысты аудан және ауылдық кітапханалардың жұмысы да заман талаптарына сай жаңа мақсат-міндеттерді көздеп, өз жұмысын түрлендіріп, нәтижелерге жетіп келеді. Әртүрлі іс-шаралар жастардың рухани жандүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғары эстетикалық талғамын, қоғамдық санасын қалыптастыруға септеседі. Оларды қоғамның салауатты азаматы етіп тәрбиелеуде, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеуде маңызы зор.
Аудан және ауылдық округтерде асыл мұрамызға толы кітапхана саны да жетерлік. Қазіргі таңда 1 аудандық, 26 ауылдық, 4 ауылдық балалар кітапханасы, жалпы 31 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Кітапханаларда өткізілген көпшілік іс-шаралар бір сарында емес, үнемі формалары өзгертіліп, толықтырылып отырады. Кітапханашылар әрбір мәдени шараның мазмұндылығына, тәрбиелік мәніне назар аударып, әдеби кештер, оқырмандар конференциясы, әдеби керуендер, дивертисмент кештері, әдеби буриме, пікір алмасулар жүргізіледі. Сол кітапхана ішіне көрік беріп, қалың оқырманын қуана қарсы алатын кітапханашыларсыз кітапхананы елестету мүмкін емес. Бүгінгі өскелең жастарды білімге шақыру жолында кітапханашылардың еңбегі ерен.
Сондай-ақ кітапханадағы барлық қосымша көрнекіліктер мен библиографиялық жұмыстарды жүргізуші – библиография саласы. Сонымен бірге оқырман үшін қажетті тақырыптық сұраныстар мен түрлі анықтамалар, аудан кітапханашылары үшін де библиографиялық көрсеткіштер, әдебиеттердің ұсыныс тізімі, түрлі ұсыныстық тізімдер мен библиографиялық дайджест, салаға байланысты библиографиялық сабақтарды да дайындап, ауылдық кітапхана қызметкерлеріне үйретеді. Өлкетану жұмыстары бағытында да өлке жайлы жаңа әдебиеттер мен өлкенің тарихи деректері жайлы библиографиялық көрсеткіштер, библиографиялық анықтамалық жадынама, өлкетану каталогы мен түрлі тақырыптық картотекаларды жүргізіп, «РАБИС» бағдарламасы бойынша газет-журналдарға мақалалар картотекасына енгізіледі.
Иә, әр сала жұмысының өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе? Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», деген екен. Ендеше өскелең ұрпақ бойына өнегелі тәрбие беруде аянбай еңбек ететін қызметкерлер қатары көбейе берсін!
Айгерім БАЙМҰРАТОВА,
Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің библиографы
Келесі мақала