Табиғи косметиканы табыс көзіне айналдырды
Қыз-келіншектер үшін бет сұлулығы мен сымбатын сақтау маңызды. Жасыратыны жоқ, бет күтімі үшін әйелдер қауымы қаражатын аямайды. Шетелден келетін брендті сатып алуға құмар. Кез келген сауда орталықтарында шетелдік косметикалық тауарлардан көз сүрінеді. Алайда бұл салада соңғы уақыттарда отандық «Korkem-Aicosmetics» компаниясының өнімдері шығарыла бастады. Қазір тараздық ғалым Әйгерім Орынбекованың өнімдеріне сұраныс жоғары.
Әйгерімнің негізгі мамандығы дәрігер-дерматолог. Қаратау қаласында туып-өскен. Шымкенттегі медицина академиясын бітірген. Медицина саласында бүгінгі күнге дейін жұмыс істейді, яғни екі саланы да қатар алып жүр. Ал бет күтіміне арналған табиғи косметикалық өнімдерді шығаруды қолға алуына өз басындағы мәселе себепші болған.
Жас келген сайын әйелдің бет күтімі – өзекті мәселе. Ал әдемі болу әйелге тән қасиет. Кез келген нәзік жанды жасарудың құпиясын білуден жалықпайды. Бұл мәселе кейіпкерімізді де айналып өткен жоқ. Көптеген әйелге тән косметикаға деген сезімталдық Әйгерімде де болды. Ол әртүрлі косметикалық брендтердің өнімдерін сынап көргенімен, қолдану нәтижелері көңілінен шықпайды. Тіпті косметикалық өнімдердің құрамын зерттей бастайды. Нарықтағы косметикалық өнімдердің бәрі де зиянсыз еместігін, біразының құрамында парабендер, минералды майлар, мұнай өнімдері, силикондар және басқа да зиянды заттар бар екенін байқайды. Осылайша барлық жастағы әйелдер қауымына арналған отандық косметика брендін шығаруды қолға алады. Алдымен табиғи компоненттерді, олардың қасиеттерін, химиялық аналогтардан айырмашылығын, өндіріс әдістерін зерттеуден бастайды. Бұл әлемді коронавирус індеті жайлап, карантин талаптары күшейтілген пандемия кезі болатын. Сондықтан табиғи косметика жасау процестерін тереңірек зерттеуге уақыт жеткілікті еді. Карантин шаралары ақырындап алына бастаған кезде шикізат сатып алып, табиғи сабын, сусабындар жасауды қолға алады. Содан кейін кремдер, сарысулар шығаруға көшеді. Ең алдымен, барлық өнімдерді өзіне және жақындарына сынап көреді. Жануарларға сынап жүргізілмеген, табиғи экологиялық таза өнім бәріне де ұнайды. Кейіпкеріміз бұл істе кәсіби білім қажет екенін түсініп, Санкт-Петербургтегі табиғи косметика жасау мектебіне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң табиғи косметика жасау бойынша мол тәжірибелі биотехнологтармен бірге еліміздің климаттық жағдайларын ескере отырып, бет терісі күтіміне арналған «Santonica natural cosmetics» брендін құрды.
Кейіпкеріміз жетекшілік ететін «Korkem-Aicosmetics» компаниясының ұстанымы – экологиялық бағыт. Сондықтан компания тек табиғи консерванттарды, эмульгаторларды, тұрақтандырғыштарды қолданады. Олардың барлығы «жасыл», яғни құрамы табиғи таза. Әйгерімнің айтуынша, косметиканың босаған шыны ыдыстары қайта өңдеуге жарамды. Сондықтан кәсіпкер қайта өңдеуге жіберу үшін қолданылған шыны бөтелкелерді тұтынушылардан жинап алу мәселесін де ойластыруда.
«Korkem-Aicosmetics» өндірісте тек сертификатталған табиғи ингредиенттерді пайдаланады. Ингредиенттердің көпшілігі еуропалық «COSMOS» қауымдастығымен бекітілген. Өнімдердің формулалары халықаралық зертханалардың биотехнологтарымен бірлесіп әзірленген.
– «Santonica natural cosmetics» өнімдері теріні қалыпқа келтіре отырып оны ағартуға, ылғалдандыруға, әжімдерді жоюға пайдалы. Біз өз өнімдерімізге «lactobacillusarizonensis» пробиотикалық өсімдігін биологиялық ашыту арқылы алынған «lactobiotyl» постбиотиктерін пайдаланамыз. Бұл белсенді ингредиент құрғақ теріге өте жақсы әсер етеді, ақуыз және липидті құрылымдардың маркерлерін шығару арқылы бет терісінің тосқауыл функцияларының қызметін жақсартады. Сондай-ақ терінің сыртқы қабатының жаңаруы белсенді жүзеге асырылып отырады. Сонымен бірге тері микробиотасының (адам организміндегі барлық микроорганизмдер жиынтығы) тепе-теңдігі сақталады. Біздің өнімдеріміздің құрамында терінің тосқауыл функцияларын қалпына келтіруге ықпал ететін жұмыртқаның сарысынан алынған май бар. Бұл липидтік құрылымдарға бай бірегей май.
Ресей, Беларусь елдерінің косметологтары біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар өз республикамызда осындай жоғары сапалы өнім шығып жатқанына таңданыс білдіріп жүрген отандастарымыз аз емес. Қазақстандық тұтынушыларымыздың косметикамыз жайында пікірі жоғары екендігін мақтанышпен айтқым келеді, – дейді Ә.Орынбекова.
Аталған косметика желісі кремдерінің негізі қарасора, бадам, макадамия майы, шие тұқымы секілді өсімдік майлары. Сонымен бірге косметика құрамында розмарин, жүгері гүлі, жасмин, лаванда, ақжелкен, серия, зефир сияқты өсімдіктердің сығындылары да қолданылады.
Әрбір өнім теріні тегістеу, әжімдерді азайту секілді белгілі бір тапсырмаларды орындайтын негізгі белсенді компоненттерден тұрады. Мысалы, гиалурон қышқылы бар сарысуды алып қарайық. Бұл жолжелкен, ақжелкен, мыңжапырақ өсімдік сығындылары бар ылғалдандыратын және ағартатын сарысу. Бағалы өсімдіктердің сығындылары теріні жақсы ағартады, тыныштандырады, қалпына келтіреді және нәрлендіреді. Сарысу бет терісі үшін таптырмас антиоксидант. Антиоксиданттар терінің ерте қартаюына ықпал ететін радикалдармен күресетіні белгілі. Ал гиалурон қышқылы тері жасушаларын ылғалмен толтырады, осылайша қартаю процестерінің алдын алады. Препараттың құрамында терінің регенеративті функцияларына қатысатын, оны жасартатын және тыныштандыратын В5 дәрумені бар. Гиалурон қышқылы сарысуы – барлық жастағы және барлық тері түрлеріне арналған.
– Бет терісінің қартаюын болдырмау, әжімнің алдын алу деген сөздер мүмкін емес дүние болып естілер. Дегенмен заманауи технологиялардың арқасында мүмкін еместі жасауға болады. Терінің жасушалық жаңаруына жауап беретін ниацинамиді (В3 дәрумені) бар біздің крем терінің терең қоректенуін қамтамасыз етеді. Бұл арқылы әжімсіз тегіс теріге қол жеткізуге болады. Крем гидролипидті қабатқа жауап беретін керамидтердің синтезін арттырады, осылайша тері қабаттарындағы ылғалды тығыздайды. Мұнымен қатар коллагеннің түзілуіне ықпал етеді. Гелихрим, розмарин, Қызыл теңіз балдырларының сығындылары бар кремдер теріні құнды заттармен қанықтырады, тонды тегістейді, жарқыл береді, – дейді маман.
Өткен жылы компания Алматы қаласында «ЕХРО» халықаралық көрмесіне қатысты. Онда «Santonica natural cosmetics» брендінің барлық өнімдері ұсынылды. Аталған көрмеде экологиялық таза өнім сарапшылар және көрмеге қатысушылар тарапынан жоғары баға алды. Биыл Астана қаласында өткен «EхроEсо» көрмесіне қатысты. Компанияның жетістіктерінің қатарында «Қазақстанның үздік тауары – 2022» форумына қатысушы дипломы да бар.
Десек те компанияның түйткілді мәселелері де жоқ емес. Әсіресе өзекті екі мәселе нақты шешуді керек етіп тұр. Компания негізінен қажетті шикізатты Германиядан алады. Ал Еуропада қазір экономикалық дағдарыс жүріп жатыр. Теңге бағамы тұрақты болғанымен еуропалық тауарлар қымбаттауда. Бұл өнімнің түпкілікті құнына әсер етпей қоймайды. Екінші мәселе – сатылым жайы. Қазіргі уақытта компанияның өндірістік мүмкіндігі – айына бес мың бірлік өнім. Бұл өнімдерді өткізу үшін көп сатып алушы болуы керек. Өнімді саудалау үшін кәсіпкер интернет мүмкіндіктерін пайдаланады. Қазіргі уақытта компания kaspi.kz, arbuz.kz, flip.kz, Angel secret, Biomix офлайн дүкендерімен жұмыс істеуде. Әйгерім мұнымен тоқтап қалмай, өнімдерін ірі сауда үйлеріне де апаруды ойлайды. Осы тұста күтпеген жағдайға тап болады. Сауда үйіндегілер «сіздің өнімдеріңіз әлемдік брендтермен бәсекеге түсе алмайды» деп, косметика өнімдерінен бас тартады. «Байқап көрмей тұрып неге бұлай дедіңіз» деген сұрағына «Тәжірибемізде кездескен» деп жауап қайырады.
Сондықтан әзірге олар нарыққа өз күштерімен жол салуға мәжбүр. Бұл мәселеде Әйгерім жалғыз емес. Көптеген отандық өндірушілер осындай қиындықтарға кезігіп жатады. Алайда кәсіпкерлер палатасы өткізіп тұратын конкурс-көрмелер брендтің танылуына белгілі бір дәрежеде ықпал ететінін жоққа шығара алмаймыз.
Келесі мақала