Гиннестің рекордтар кітабында қанша қазақ бар?
Еліміздің тәуелсіздік тарихындағы Гиннестің рекордтар кітабына ену ең алдымен Қазақстанның өзінен басталды. Қазақстан бұл кітапқа «теңізге шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» ретінде кірген.
Ал қазақ перзенттерінің Гиннестің рекордтар кітабына енуі бұдан ертерек басталған болатын.
Әлемді аузына қаратқан Әубәкіров
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1989 жылы 1 қарашада алғашқы болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына сол кезде бүкіл әлем көз тіккен болатын.
Бұл әдістің ерекшелігі: ұшақ трамплиннен түскендей төмен құлдилап келіп, бірден көтеріліп кетуі керек. Ол әрине ұшақтың маторына байланысты еді. Барлық мәселе бірнеше секундта шешілуі қажет. Сәл іркіліс болса, ұшақ судың астына кіріп кетеді. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың осы ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Ғарыштағы ең ұзақ сапар
Қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев та рекорд орнатқан. Ол бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ғарышқа сапарларының бірінде Талғат Мұсабаев ажал аузынан аман қалады. Өзінің айтуынша, ашық ғарышқа шыққан кезде, кемеге бекітетін тетік ажырап кетеді. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған. Сол кезде Құдайдың құдіретімен ғарышкер аман қалады.
Кітапқа жеті рет енген марафоншы
Қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев рекордтар кітабына жеті рет енген. Ол Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жүгіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. Марат Жыланбаев 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 шақырым), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 шақырым), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 шақырым), 1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 шақырым) кесіп өтті.
Қытай қазақтарының кереметі
Қытайда тұратын ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы 2008 жылы ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасап, оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Олар рекордтың Қытай мемлекеті атынан жариялануына қарсы болып, «Қазақ халқының ұлттық тағамы» деп тіркеткен.
Бұдан бөлек, 2010 жылы Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында бір мезгілде 10 мың 450 домбырашы «Кеңес» күйін орындап, айды аспанға бір-ақ шығарады.
2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.
Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12,30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін рекордтар кітабына енгізді. Бұл көйлектің авторы – Қытайдағы қолөнер шебері Зиятхан Айдарханқызы.
Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» да Гиннестің рекордтар тізіміне енген. Оны пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі – 2,53 метр, қалыңдығы – 14,5 сантиметр.
Ауыр атлетика алыптары
Рекордтар кітабына енген қазақстандық өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Олар өз жетістіктерімен Қазақстанның атын әлемге мәшһүр етті.
Қазақстандық ауыр атлет Мая Манеза 2010 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында 63 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ол осы сайыста 143 келілік зілтемірді серпе көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Спортшының бұл нәтижесі Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильин қоссайыс (жұлқа және серпе көтеру) қорытындысы бойынша 418 келілік зілтемірді көтеріп, әлем рекордын орнатты. Осы нәтиже кейін Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Ильяға арнайы сертификат тапсырылды.
Зүлфия Чиншанлоның ауыр атлетикадағы көрсеткіштері де Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Алайда, Халықаралық федерация олардың үшеуін де допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттеткен соң, зілтеміршілердің рекорды кітаптан алынып тасталды.
Келесі мақала