Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САЙТҚА СЕНІП, САН СОҒЫП ҚАЛМА!

САЙТҚА СЕНІП, САН СОҒЫП ҚАЛМА!
ашық дереккөз
САЙТҚА СЕНІП, САН СОҒЫП ҚАЛМА!
COVID-19 пандемиясы кезінде интернет пен цифрлы технологияларсыз жұмысымыз жүрмейтін дәрежеге жеттік. Сол бір кездерде ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған кейбір пысықайлар интернет алаяқтыққа көшкені де жасырын емес. Интернет арқылы қарапайым халықты қармағына түсіретіндердің бірнеше тәсілі бар. Ең жиі кездесетіні – «Оlx», «Instagram», «Facebook», «Telegram» сияқты әлеуметтік желілерде отырып, онлайн дүкен ашып, өзінде жоқ тауарды сатады. Ал интернетте көрсетілген дүкеннің нақты бар-жоғына назар аудармаған аңқау халық онлайн төлем жасап, затқа тапсырыс береді. Сөйтіп, артынан сан соғып қалады. Ал алаяқтардың тағы бір тәсілі – банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, сіздің есепшотыңызға қауіп төніп тұрғанын айтады. Немесе «белгісіз азамат сіздің атыңыздан несие рәсімдеп жатыр, сондықтан есепшотыңыздың қауіпсіздігі үшін сізге код жібереміз» деп жанашырлық таныта қалады. Егер сол сәтте кодты айтсаңыз, алаяқтар сіздің есепшотыңыздағы ақшаны толықтай шешіп алады. Алаяқтардың кең таралған үшінші тәсілі – сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызды пайдаланып, сол арқылы сіздің таныстарыңыздан қарызға ақша сұрайды. Мұндай кезде ұстамдылық танытып, сізден ақша сұраған адамның нақты кім екеніне назар аударғаныңыз жөн. Дәл осылай алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін өзіңіздің де құқықтық, қаржылық сауатыңызды арттырғаныңыз жөн. Әрі интернет алаяқтардың күннен-күнге артуы жалпы қоғамға кері әсерін тигізуде. Сондықтан мәнді мәселеге ұлт болып тосқауыл қоюымыз керек. Әрі алаяқтардың айылын жиюы үшін жазаны да барынша қатаңдату қажет. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылғы Жолдауында көтеріп, қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржы пирамидаларын жарнамалау бойынша Қылмыстық кодекске 217-1-бап енгізілді. Бұл баптың 1-тармағы бойынша 2 000 АЕК-ке дейін (6 миллион теңгеден астам) айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту және екі жылға дейін бас бостандығын шектеу көзделген. Ал 4-тармақта қылмыстық жаза қарастырылған, яғни мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Иә, интернеттің дамуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын да өзгертіп жібергені анық. Солай екенін барлық адам біледі және мойындайды. – Қазір ересектерден гөрі жастар көбінесе интернет алаяқтарының құрбаны болады. Өйткені жастардың санасын «қалай тез байысам болады?» деген ой жаулап алған. Сондықтан алаяқтардың арбауына тез түсіп қалады. Тіпті өздері де түрлі жалған сайттардың жарнамалаушысы болып кететіні бар. Мұның бәрінің соңы неге апарып соғатынын ойламайды да. Сондықтан бірінші кезекте жастарға заңды түсіндіру керек. Олардың ой-өрісін кеңейту қажет. Әрі құқық қорғау органдары да интернет алаяқтарына тосқауыл қоюда шетелдік кейбір тәжірибеге сүйеніп, озық технологияларды пайдалана білгені жөн деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Бақытжан Әліқұл. Жалпы биыл жыл басынан бері 90 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл былтырғы дерекпен салыстырғанда төмен екен. – Өңірде интернет алаяқтыққа қатысты жұмыстар қарқынды атқарылуда. Тіпті ауыр санаттағы интернет алаяқтарының қылмысының ашылуы 92,9 пайызды құрады. Бұл жерде алаяқтық деп біз бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденуді айтамыз. Ал мұндай қылмысты жасаудың жолдары көп. Мысалы, өңірдегі алаяқтық қылмыстардың басым бөлігі интернет жүйесіндегі белгілі сайттар арқылы жасалған. Бұл жерде халықтың өзінің жеке жауапкершілігін де ескерген жөн. Өткен жылдан бастап өңірімізде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарлама іске асырылып келеді. Тоқсан сайын киберқылмыстың алдын алу бойынша жедел алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізіледі. Бізге хабарласқан тұрғындар көбінде өздеріне телефон соғып алдап кеткен адамдардың телефон нөмірі арқылы неге жылдам тауып алмайсыздар деп кейістік білдіріп жатады. Алайда олар өздерінің нөмірімен емес, кез келген адамның телефонымен қоңырау шалуы мүмкін екенін ескермейді. Оның үстіне біз бірден олардың ақшаны аударған есепшоттарын тексеріп кете алмаймыз. Алдымен оған арнайы санкция саламыз. Одан кейін есепшотын тексеруге біз рұқсат алғанша олар ізін суытып үлгереді. Сондықтан азаматтар кез келген жағдайда әбден ойланып барып шешім қабылдағаны жөн, – дейді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес тобының жедел уәкілі, полиция капитаны Мұхаммед Қошмағанбетов. Қылмыссыз қоғам құруда жалғыз құқық қорғау органдарының ғана емес, халықтың да өз үлесі болу керек. Егер өзіміз сақтанып жүрсек, онда қылмыскерлердің де құрығы қысқарар еді. Сондықтан алдану мен алдаудың арасын жалғап тұрған жіп өзіміздің аңқаулығымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар