РЕСЕЙДЕГІ БҮЛІК: ПРИГОЖИННІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?
Өткен аптаның сенбісінде әлем назары Ресейге ауды. «Вагнер» жеке әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин күтпеген мәлімдеме жасап, бір күнде ресейліктерді аяғынан тік тұрғызды. Тіпті солтүстіктегі көрші мемлекетте азаматтық соғыс басталып кетуі де әбден мүмкін еді.
Тарқатып айтсақ, 23 маусым күні кешқұрым «Вагнер» жеке әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин «Telegram»-дағы арнасында «Әділдік жорығына» шығатынын жариялады. «Вагнер» ЖӘК командирлерінің кеңесі шешім қабылдады. Елдің әскери басшылығы жүргізіп отырған зұлымдықты тоқтату керек», деп мәлімдеді Е.Пригожин.
Ресейдегі бүліктің себеп-салдарына тоқталмастан бұрын, ең алдымен, «Евгений Пригожин кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. 1961 жылы Ленинградта дүниеге келген Е.Пригожин жасөспірім шағында ұрлық жасап, жауапқа тартылған. Кейін қарулы тонау, жасөспірімдер саудасы сияқты ауыр қылмыстар жасап, 9 жылдай уақытын темір тордың арғы жағында өткізеді.
1990 жылдан бастап Санкт-Петербургте хот-дог сататын, кейін супермаркеттер желісін, 1996 жылы «Ескі кеден» элиталық мейрамханасын ашып, жыл соңына дейін өзінің алғашқы миллион долларын тапқан.
1998 жылдың көктемінде Е.Пригожин «New Island» қалқымалы мейрамханасын ашады. 2001 жылы «Жаңа аралдың» бортында Ресей мен Франция президенттеріне түскі ас береді. Сондай-ақ 2002 жылы мамырда Путин АҚШ президенті Джордж Бушты Пригожиннің мейрамханасында қабылдайды. Сол кезден бастап БАҚ Пригожинді «Путиннің аспазы» деп атай бастайды.
Пригожиннің жекеменшік әскери компаниясы қызметін қашан бастағаны белгісіз. Бақылаушылар топтың құрылу уақытын Сириядағы қақтығыспен байланыстырады. Сирияға әскер жіберген басқа жекеменшік компаниялардың жалғасына айналған «Вагнер» тобы 2014 жылы Ресей Украинаның шығысында алауыздық туғызып, сепаратистерді қолдағанда пайда болды. Алғашқыда топты әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері басқарды. Сирияда «Вагнер» тобы қатыгездік танытып, соғыс қылмысын жасаған деп айыпталады. Жалдамалы әскер тобы Сириядан бөлек, Судан, Орталық Африка Республикасында да көзге түскен. Пригожиннің компаниясы Африкада алтын шахталары мен басқа да кен орындарынан үлес алған.
Ұзақ жылдар бойы Пригожин «Вагнер» тобының демеушісі саналатын. 2022 жылы қыркүйекте Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше айдан соң Пригожин әскери топтың басшысы ретінде атала бастады.
...Сонымен, Евгений Пригожиннің шулы мәлімдемесінен кейін вагнерліктердің әскери техникасы Ростов қаласына беттегені хабарланды. Федералды қауіпсіздік қызметі қарулы көтеріліске шақыру бойынша қылмыстық іс қозғап, «заңсыз әрекеттерді дереу тоқтатуды» талап етті. Ресей Бас прокуратурасы бүлік ұйымдастырғаны үшін 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін ескертті.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Президент Путин оқиғадан хабардар екенін жеткізді. Содан кейін Мәскеу, Ростов және Белгородта арнайы қауіпсіздік шаралары қабылданды. Мәселен, «Крепость» жоспары жарияланды. Ішкі істер министрлігі, Федералды қауіпсіздік қызметі және Федералды жазаны атқару қызметінің маңызды нысандары ерекше қорғауға алынды. Ростовтан бастап Мәскеуге дейінгі бірнеше қалаға әскери техника кіргізілді. Мәскеуге баратын үлкен трассаның бойына арнайы бөгеттер орнатылды.
«Вагнер» жауынгерлерін орны толмас қателік жасамауға, орыс халқына қарсы кез келген зорлық-зомбылық әрекетін тоқтатуға, Пригожиннің қылмыстық және сатқындық бұйрығын орындамауға, оны ұстауға шақырамыз», деп мәлімдеді Федералды қауіпсіздік қызметі.
Сондай-ақ Ростовқа беттеген «Вагнер» колоннасына Қорғаныс министрлігіне тиесілі әскер тікұшақтан оқ жаудырғаны туралы хабар тарады. Қақтығыс кезінде жалдамалы әскерилер бірнеше тікұшақты, сонымен қатар бір ұшақты атып құлатқаны айтылады. Сарапшылардың айтуынша, Қорғаныс министрлігі тарапынан шамамен 20-ға жуық жауынгер қаза тапқан. Бұдан бөлек Ростовтағы жанармай қоймасы да отқа оранған.
Вагнерліктер Ростовқа кіргеннен кейін қаладағы бірқатар маңызды әскери нысанды бақылауына алды. «Telegram»-да Е.Пригожинді жақтайтындар әскерилер көтерілісшілерге қарсылық көрсетпегенін, құшақ жая қарсы алғанын хабарлады. Мәскеу қаласы, Мәскеу облысы, Воронеж облысында терроризмге қарсы іс-қимыл операциясы жарияланды.
Осы оқиғадан кейін Ресей президенті Владимир Путин төтенше үндеу жасап, вагнерліктердің әрекетін терроризмге балады. Кремль басшысы өз сөзін «орыстарға, әскерилер мен құқық қорғау органдарына, алаяқтық және қоқан-лоқымен қарулы көтеріліс жолына түскендерге» үндейтінін атап өтті. «Әдейі сатқындық жолына түскен, қарулы бүлік дайындап, бүлік жасаған және лаңкестік әдісті қолданғандардың барлығы сөзсіз жазаға тартылады, заң алдында және халқымыздың алдында жауап береді», деді Ресей президенті.
Сондай-ақ В.Путин жалдамалы жасақтың әрекетін «ту сыртынан пышақ сілтеген» сатқындыққа теңеп, жағдайды 1917 жылғы қазандағы оқиғамен салыстырды. «Біз оның қайталануына жол бермейміз, халқымызды да, мемлекеттігімізді де кез келген қауіп-қатерден қорғаймыз», деді В.Путин.
Сонымен қатар Кремль басшысы бірқатар мемлекеттің президенттерімен телефон арқылы сөйлесті. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен тілдесіп, сол елдегі ахуал туралы әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін атап өтті. Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі –
елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі.
Владимир Путин Ресей Федерациясындағы қалыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтты.
Бұдан кейін Ресейдің көптеген қоғам және мемлекет қайраткері елді, әсіресе жалдамалы жасақ өкілдерін сабырға шақырды. Алайда Е.Пригожин тоқтамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде вагнерліктер Мәскеуге қарай беттегені туралы ақпарат тарады.
Осылайша бүкіл әлем Ресейдегі ахуал қалай өзгеретінін асыға күтіп отырғанда Е.Пригожин «Telegram»-да кезекті аудиосын жариялады. Онда ұйым басшысы колонна «Мәскеуге жетпей, бір күнде 200 шақырым жол жүріп өткенін», осы уақыт ішінде «жауынгерлердің бір тамшы да қанын төкпегенін» айтқан. Сонымен қатар жағдайды ушықтырмау үшін «Вагнер» әскері кері қайтатынын атап өтті.
Көп ұзамай-ақ Беларусь президенті Александр Лукашенконың баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме таратып, Пригожинмен келісім жасалғанын хабарлады. «Күні бойына созылған келіссөздер нәтижесінде Евгений Пригожин Александр Лукашенконың Ресей аумағында «Вагнер» жасағының қозғалысын тоқтату және шиеленісті азайту, одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынысын қабылдады», делінген. Сондай-ақ мәлімдемеде жалдамалы жасаққа тағылған бүкіл айып алынатыны, ал Е.Пригожин Беларусь еліне баратыны айтылды.
«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын мәлімдеген. Ал «Вагнер» басшысы Беларусь еліне кететінін хабарлады. «Пригожиннің Беларуське кете алатынына Ресей президентінің сөзі кепіл», деді Д.Песков.
Сонымен, «Вагнер» жалдамалы жасағының жауынгерлері әскери техникаларына мініп, кете бастады. Жарияланған әскери жағдай алынып тасталып, ресейліктер қалыпты тіршілігіне оралды.
Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ
Келесі мақала