ЖАЙНАЙ БЕР, ЖАҚҰТ МЕКЕН!
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары дүниеге келдім. Сол дәуірдің қиындықтарына мойымай жүріп жоғары білім алдым. Елу жылға таман ұстаздық етіп зейнетке шығып, бүгінде немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешіп келемін.
Өсірген ұл-қыздарымның арқасында 2010 жылы алғаш рет Астана қаласына барудың бақыты бұйырды. Есіл өзенінің жағасына қоныс тепкен қалаға жыл сайын келіп, көрікті жерлерін аралаймын. Әр келгенімде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасы, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайы, «Думан» ойын-сауық орталығы, Қазақстан Орталық концерт залы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Бәйтерек» кешенінде боламын. Сонымен қатар Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, «Отан-Ана» – екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан майдангерлерге және Отан қорғаушыларға арналған монумент, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінде болып, дүниеден өткендерге тағзым етемін.
Астананың еліміздің бас қаласына айналғанына ширек ғасыр болды. Осы жылдар ішінде Астана ел ішіндегі түрлі қоғамдық күштер мен мүдделерді тоғыстырып, мемлекеттің ішкі ресурстарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Ұлтты ұйыстырып, оның сана-сезімін көтерді, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуін, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында экономикалық міндеттерді мойнына алды.
Бүгінгі таңда Еуропа мен Азияның бел ортасынан орын тепкен Астана дүниенің маңызды түйіндерін талқылайтын жаһандық үнқатысу алаңына айналды. Елорданың қарқынды дамуы барша аймақтардың өркендеуіне серпін беріп, ұлт мүддесіне бағытталған игілікті істерге негіз болып келеді. Қазақстандықтар өз Астанасын, оның осы заманғы жетістіктерін мақтан тұтады, жарқын болашағына сенеді.
...Әлемдегі ғажап қалалардың біріне айналған елорданың іргесіндегі Көкшетауға ат басын тіредім. Саф ауасын қанша жұтсаң да құмарың қанбайтын Көкше жерінде екі мыңға тарта мұра бар көрінеді. Абылайхан алаңы, Кенесары үңгірі, «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені көне тарихтан сыр шертсе, Оқжетпес тауына шығу әркімнің арманы болар, сірә. Әсіресе Абылай хан алаңына барушылар қатары әрдайым қалың болатынына куә болдым.
Абылай хан алаңында ашылған мұражайдың аумағы 300 шаршы метрді құрайды екен. Алып қабырғада ханның Ресей, Қытай, Бұхара хандықтарының елшілерін қабылдауы көрініс тауыпты. Ханның қолбасшылығымен болған «Шаңды жорық» атты жорығы мұражайдың бір қабырғасына безендірілген. «Әскери кеңес» атты мүсіндік композициядан ханның сап түзеген сарбаздарымен жүздескендей боласың. Осы мүсіндік композицияны айнала орнатылған бағаналарда Абылай ханға қатысты деректер топтамасы жазылған. Көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны – Абылай ханның тағы.
Тарихта есімі, Көкше жерінде ізі қалған Абылай ханның ұлт үшін сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Астана қаласына келген әрбір азамат Көкшетауға да ат басын бұрып, Абылайхан алаңына барып, сол жердің ауасымен тыныстап, киелі жердің құдіретін сезінсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы еліміздің қай жеріне барсаңыз да ел тарихынан сыр шертетін киелі жерлердің көптігін мойындайсың. Киелі жерлер, тарихымызды тану, өскелең ұрпақты туған жерді сүюге, өскен өлкесінің патриоты болуға тәрбиелейді, ал көрікті қалалар бойымызға мақтаныш сезімін ұялатады.
Ниязхан БЕЙСЕНОВ, ардагер ұстаз, Байзақ ауданы, Түймекент ауылы
Келесі мақала