Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баспасөздің баһадүрі

Баспасөздің баһадүрі
ашық дереккөз
Баспасөздің баһадүрі
Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесін Әбілдер әулеті асыға күтеді. Өйткені атаулы күнде қос қуаныш қатар келеді. Әуелі 25 маусымда отағасы, белгілі журналист Амангелді Әбілдің туған күні аталып өтеді. «Көңіл көңілден су ішеді» демей ме, арысы Астанадан бастап дос-жарандар, құда-жекжаттар, туған-туыстар, әріптестер ақ тілектің тиегін ағытады. Әлеуметтік желі де «Әужекелеп» жатады. Бірден біле қоясың. Бұл – ҚазМУ-да бірге оқыған курстастары. Жаратқанның мұнысына шүкір. Десек те бәрі адамның өзіне байланысты. Досқа адал, бауырға қамқор, жақынына жанашыр, жұмысына жауапты адам қалайша құрметке кенелмейді?! Қанша жерден қошеметке бөленіп жатса да Амангелді ағамыз іштей «тәубе» деуді ұмытпайды. Әрбір жасын қарсы алған сайын бір сәт жүріп өткен жолын есіне алып, өз-өзіне есеп береді. Ал биылғы туған күннің жөні бөлек. Баспасөздің баһадүрі Пайғамбар жасы 63-ке аяқ басты. Ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көретін күнге жетті. Осы орайда журналистикаға жан-тәнімен берілген азамат туралы ой толғауды жөн көрдік. Амангелді Әбіл Сарысу ауданының Өндіріс ауылында дүниеге келді. Оның бала күнгі арманы журналист болу еді. Өмірде адамның дегені бола бермейді. 1977 жылы Байқадам орта мектебін бітіргенде оқуға түсудің реті келмеді. Содан еңбек жолын «Коммунар» кеңшарында құрылысшы болып бастауға тура келді. Мұның да өз қауыры бар. Нағыз қайнаған тірлікті көрді. Небір еңбек адамдарымен сырласты. Дегенмен ол мақсатына жету үшін барын салуға тырысты. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне түсіп, 1983 жылы ғана журналистика факультетінің бірінші курсына қабылданды. Бұл да табандылықтың белгісі. Ал студенттік өмір оны шын мәнінде шыңдады. Қазақтың маңдайына біткен ғалымдардың дәрісін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алды. Жаны жайсаң достар тапты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында барлығы бірге қатар жүріп қайсарлық танытты. 1988 жылы жоғары оқу орнын бітірген бойда Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетіне тілші болып жұмысқа орналасты. Кейін Жаңатас қалалық радиохабарлар редакциясында жауапты редактор, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің телевидениесінде редактор, Сарысу аудандық радиохабарлар редакциясында жауапты редактор, «Сарысу» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мен Амангелді Абылашұлымен мектепте оқып жүрген кезімде ойламаған жерден таныстым. 9-сыныпта Тараз қаласындағы «Сенім» баспасынан «Көктем көңіл» атты алғашқы жыр жинағым жарық көрген. Іле-шала Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде «Алғашқы жыр жинағы жарық көрді» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Авторы – Арман Қанат. Мәтінді толық оқып шыққан соң көңілім аттай тулап қоя берді. Тұнып тұрған мотивация. Байқадамнан ұзап шықпаған бала болсам да сол жолы «Нартәуекел!» деп таксимен Жаңатас қаласына тарттым. Ел-жүрттан сұрастыра жүріп, редакцияға да жеттім. Есік алдында темекі тартып, терең ойланып тұрған кісіге амандасып, Арман Қанатты іздеп келгенімді айттым. Сәл ғана жымиды да «Арман Қанат – менмін. Амангелді Әбіл деген ағаң боламын» деп ғимараттың ішіне қарай бастады. «Қалай сонда?» деген сұраулы жүзбен соңынан ілесіп келемін. Баспасөзде бүркеншік аттың болатынын сол кезде бірінші рет білдім. Редакциядағы өзге де аға-әпкелермен дидарласып, ерекше шабытпен ауылға оралдым. Шығармашылық топтың тынымсыз еңбегі, сарғайған газеттің тігінділері, баспаханадағы техникалардың өзара үйлесімі, жаңа басылымды сұрап келіп жатқан оқырмандар легі, бәрі-бәрі тілшілік тіршілікке деген қызығушылығымды арттыра түсті. Ізінше өлеңдер топтамамды, әралуан жазбаларымды жолдап түрдым. «Сабақты ине сәтімен» деген сөз бар. Мектеп бітіру кешімізге аудандық әкімдіктен бекітілген жауапты өкіл ретінде «Сарысу» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов қатысты. Сөз кезегі келгенде жас түлектерге ізгі тілегін арнап, «Сіздердің араларыңызда Тұрсын деген достарыңыз бар. Жас ақын. Ол қазірдің өзінде дайын тілші. Мектеп директоры да жақсы мінездеме беріп отыр. Егер өзі қарсы болмаса, ертеңнен бастап редакцияға қызметке қабылдаймын» деп менің мәртебемді бір көтеріп тастады. Үлкендермен ақылдаса отырып, көп ұзамай жұмысқа кірісіп кеттік. Аудандық газеттің тыныс-тіршілігі қай кезде де қыз-қыз қайнап жатады. Оның үстіне тура сол 2004 жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты газет аптасына үш рет шығады екен. Бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл азаннан кешке дейін тынымсыз жазып жатады. Арасында мекемелерге қоңырау шалып, мәліметтер алады. Ұмытып қалмайын дегендей, естіген ақпаратын дереу қағазға түсіреді. Толған парақтарды дереу терімші Күлзағира Жылқыбаеваға береді. Ол кісі де көз ілеспес жылдамдықпен компьютерге қондырады. Бір кезде бас редактордың бөлмесінен «Әй, әлгі әкімдіктің қабылдау бөлмесінің нөмірі қандай еді?» деген дауыс естіледі. Онда да Амангелді аға «6-27-29» деп сарт еткізіп бірден жауап береді. Есте сақтау қабілеті керемет. Бүкіл мекеме-кәсіпорындардың телефон нөмірлерін жатқа біледі. «Мына бала не істеп отыр?» дегендей, көзілдірігінің үстімен маған бір қарап қоюды да ұмытпайды. «Жаңадан келдім ғой. Кішкене үйреніп алайын» деп отыратын уақыт жоқ. Бірінші күні газет тігінділерін парақтап шықтым да бірден мақала жазуды бастап кеттім. Аудандық газеттегі ең бірінші ақпаратымның «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тақырыппен шыққаны есімде. Өзім оқыған Байқадам орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы жазған болатынмын. Кейін келе көлемді сұхбат алып, сыни мақалалар жазуға бет бұрдым. Осылайша алдыңғы толқын ағалардың бағыт-бағдарымен қызық та қиын саланың тізгінін ұстаған жайымыз бар. Амангелді Әбіл Сарысу ауданының тыныс-тіршілігі туралы талмай жазды. Тіпті ол қалам тербемеген тақырып жоқ десе де болады. Бірде Көсегенің Көкжонындағы дала жұмыстарынан репортаж дайындаса, енді бірде қарт Қаратаудың қойнауынан қазына терген кеншілердің қажырлы еңбегі туралы толғанады. Туған жерден түлеп ұшқан талантты тұлғалар жайындағы суреттемелері де төгіліп түседі. Кей-кейде «Дабыл қағамыз!» айдарымен шенді-шекпенділердің шаңын қағып алады. Сын садағы дәлдеген нысанасына дөп тиеді. Артынша-ақ орын алған олқылықтар қалпына келтіріліп, ол туралы ресми жауап беріледі. Баспасөздің ықпалы мен журналистің беделі осындай өткір дүниелер арқылы артатындығы белгілі. Сонда бас редактор Жаңабай Миллионов та қызметкерлерін қызғыштай қорғап, сөз бостандығы мен ой еркіндігі үшін табандылық таныта білетін. Мұндай көзқарас шығармашылық адамын одан әрі шабыттандыра түседі. 2005 жылдың көктемінде Амангелді Абылашұлы облыстық «Ақ жол» газетінің Сарысу және Талас аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне көтерілді. Ал бір жылдан кейін, яғни 2006 жылдың қаңтарында редакцияға шақырылып, «Ауылшаруашылық» бөліміне тілші болып орналасты. Расында да Әбекеңнің тақырып аясы тарылып жүр екен. Облысқа келген бойда кең көсіліп сала берді. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп Талас ауданындағы Амангелді газының мәселесін тарқата жазды. Мойынқұмның Ақбақайында орын алған жағдайға байланысты оқиға орнына жедел жетіп, «Алтынның буы» деген тақырыппен сараптама ұсынды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Оның барлығы да кезінде дүйім жұртты дүр сілкіндірген дүниелер. Осындай іскерлігі мен ілкімділігі ескеріліп, қызметте сатылап өсті. Облыстың бас басылымында «Ауыл», «Жарнама», «Тілші-хаттар», «Индустрия және инновация» «Экономика және ауылшаруашылығы» бөлімдерін басқарды. Бүгінде шолушы болып жемісті еңбек етіп жүр. Әрине, ешкім де марапат үшін жұмыс істемейді. Әйтсе де басшылық тарапынан еңбек бағаланып жатса құба-құп. Бұл тұрғыда Әбекең де сый-құрметтен кенде емес. Тынымсыз төккен терінің өтеуі болар, кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» атанды. «Жамбыл облысына еңбегі сіңгені үшін» төсбелгісі тағы бар. Бұдан бөлек облыс әкімінің Құрмет грамотасына, облыстық мәслихаттың Алғыс хатына ие болды. Салалық министрліктердің, облыстық басқармалардың, аудан әкімдерінің марапаттары да бір төбе. Сонымен қатар бірнеше рет облыстық шығармашылық байқаулардың жүлделерін жеңіп алды. Алпыстың асуына ат шалдырса да атпал азаматтың «болдым, толдым» дегенін естігеніміз жоқ. Оның кәсіби біліктілігіне облыстық «Ақ жол» газетінде қатар қызмет атқарғанда талай мәрте көз жеткіздік. Ұжымдағы жасы үлкені өзі болса да мақала жазудан қамшы салдырмайды. Жауапты хатшы болып жүргенімде «Тұрсынбек, нөмірде проблемалық мақала бар ма? Болмаса азанға дейін бір тәуір дүние жазып келемін» деп сөзімен де, ісімен де кейінгі толқынға үлгі көрсетіп жүреді. Айтқандай-ақ, таңертең тап-тұйнақтай мақала бас редактордың үстелінің үстінде жатады. Жұмысқа деген жанашырлық осындай болса керек-ті. Амангелді Абылашұлы мақаласын өткізіп қойса да қарап отыра алмайтын журналист. Қызметтен қолы қалт етсе кітап жазуға кірісіп кетеді. 2010 жылы Тараз қаласындағы «Қанатты қалам әлемі» баспаханасынан «Әкені аңсау» кітабы оқырманға жол тартты. Одан кейінгі жылдары да елге белгілі тұлғалар туралы бірнеше кітап дайындады. Жақында ғана Алматы қаласындағы «Классика» баспаханасынан қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев туралы дайындаған «Парасат пен ғибрат» атты кітабы басылып шықты. «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ой саларлық жазбалары да оқырманның оң бағасын алып жүр. Міне, салада сара соқпағы бар сақа журналист өмірдің кезекті белесіне қадам басып отыр. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қасқырбай Нарбатырдың арнау өлеңі көптің ойын дөп, келісті етіп жеткізгендей: Ойларың қақ жарардай қара қылды, Бойыңда мол жас толқын алар үлгі. Кедергіні кеудемен бұзып- жара, Керек іске сілтейсің қаламыңды. Тақырыптың қай түрін қозғамадың, Куә оған өз елің, өз қоғамың. Әділдіктің керегін әрбір тұста, Әйгілеп-ақ келеді жазбаларың. Артқандықтан өзіңдей ерге сенім, Демес саған ел сөзін кем көседің. Анық танып аз уақытта айналаны, Қоғамды сезінуің демде сенің. Еңбекқорсың, Әбеке, анығында, Сәйкесулі қабілет-дарының да. Мінекей, 63-ке тұрсың толып, Бұл бір шаттық жалғанның жарығында. Ел үшін деп өмірді сүрдің алаң, Басып тұрсың зейнетке құнды қадам. Уа, Әбеке, өзіңе тілегім сол, Жүзге дейін ауырмай жүргін аман! Сөз соңында біз де әріптес ағамызды зейнет жасына жетуімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына табыс тілейміз. Тұрсынбек Сұлтанбеков
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар