Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бағдары айқын басылымдар

Бағдары айқын басылымдар
ашық дереккөз
Бағдары айқын басылымдар
Кешегі қазақтілді газеттердің алғашқы санын шығарған ұлт зиялылары халықтың көзін ашып, ұйқыда жатқан ел-жұртты оятқысы келді. Сол ақпараттық үрдіс бүгінде газет, телеарна және әлеуметтік желі арқылы өз жалғасын табуда. Қазір әр өңірдің өзінің жүргізіп отырған ақпараттық саясаты бар. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біздің өңіріміздегі басылымдардың да өзінің жолы бөлек, орны ерек. Мысалы, осы уақытқа дейін өңірімізде бірнеше салалық газет жарық көріпті. Мәселен, облыстағы зиялы қауымның басым бөлігін құрайтын мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін ұштайтын, әріптестерімен тәжірибе алмасатын, ой-пікірлерін ортаға салатын «Білім шырағы» газетін атасақ болады. Газет 1997 жылы «Халық тәлімі» болып жарық көре бастағаннан бері өңірдегі білім жағдайының жай-күйін көтеріп, саладағы мамандардың еңбегін насихаттап, білім беру ісінде тынымсыз еңбек етіп келеді. «Білім шырағы» атауымен шығып жатқан басылымның бүгінгідей дәрежеге жетуіне әр жылдары редактор болған Ғалым Қасабай, Дихан Әбдиев, Сатылған Биғабыл, Нұрғали Әбілдаев, Гүлмира Тәжиеваның зор еңбек сіңіргенін айта кету ләзім. Басылым тізгіні 2010 жылы қолына тиген қазіргі бас редактор Райхан Бостанова да газеттің жұмысын одан әрмен жандандырып алып кеткен. Әрине, газетті жалғыз адам шығармайтыны анық. Осы ретте шығармашылық ұжымның еңбегін атап өтпеске болмайды. Ұжымның ұйымшылдығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында газеттің таралымы бір кездері 10 мың данаға дейін жеткен. Әрі басылым бір ғана бағытты ұстанбайды. Білім ордаларындағы жағымды жаңалықтарды, өзекті мәселелерді толық қамтып, тақырыптың әралуандығын әрқашан басты назарда ұстап келеді. – Бір кездері оқырмандарымыздың шығармашылық белсенділігі артып, материалдардың көптеп түсуіне байланысты басылымның тақырып қамту ауқымын арттыру қажеттігі туындады. Сондықтан біз газетпен бірге ғылыми-әдістемелік «Озық сабақ» және ғылыми-танымдық «Жас дарын» журналын шығаруды қолға алдық. Бүгінгі таңда аталған журналдар да жұмысын абыроймен жалғастырып келеді, – дейді «Білім шырағы» Райхан Бостанова. Әрине, газет жұмысы білмейтін адамға оңай болып көрінгенімен ішкі қиындықтарын сол ұжымдағылар ғана біледі. Журналистердің тынымсыз еңбегінің арқасында ақпарат оқырманға көнермей жетеді. Ал газеттің басты мақсаты да оқырманды сауатты жазылған, шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету екені анық. Бүгінгі таңда интернеттің дамуына байланысты газетке деген сұраныстың да азайғанын жасыра алмаймыз. Алайда заман қанша жерден дамып кеткенімен газеттің орнын сайттар мен әлеуметтік желі баса алмайтыны белгілі. – «Білім шырағы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеннен бері өз заманының үндеушісі бола алды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазір газетіміздің жазылымы азайып кеткені де жасырын емес. Ашығын айтқанда, педагогтар газет оқуға құлықты емес. Егер ұстаздарымыз газет, кітап оқымаса біз қалай ертең балаларымызға кітап оқы деп айта аламыз. Міне, бұл бүгінгі қоғамның ауыр көріністерінің бірі. Алайда бұл газет жабылып қалады деген сөз емес. Мен осы газеттің соңғы оқырманы қалғанша қызмет ете беремін, – дейді Р.Бостанова. Ал «Еңбекші» газеті – аймақтағы кәсіподақтардың көзқарасын бұрмаламай жариялайтын жалғыз ақпарат құралы. Бүгінде газет бетінде ҚР Кәсіподақтар федерациясынан бастап, әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігімен таныстыратын ақпараттар, облыстың қоғамдық өміріндегі жаңалықтар, кәсіподақ мүшесінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық материалдар, ұстаздар қауымының шығармашылық еңбектері, сабақтары мен ғылыми ізденістері, қоғам талабына сай еңбек адамының қажетіне пайдалы ақпараттар жарық көреді. Басылымның алғашқы нөмірі осыдан 8 жыл бұрын Ұстаздар күні қарсаңында жарыққа шыққан. Редакция ешқандай да коммерциялық ойды көздемейді. Мақсаты – кәсіподақ ұйымына мүше ұстаздардың жетістіктері мен жаңалықтарын жалпыға жария етіп, педагогтардың қоғамдағы мәртебесін арттыру. 8 мыңға жуық оқырманы бар басылым айына екі мәрте жарық көреді. – Көп жағдайда кәсіподақ газеті кәсіподақ мүшелігіне өтудің катализаторы болып есептеледі. Себебі біз газеттің әр нөмірін дайындау барысында газетті оқып шыққан оқырманның кәсіподаққа, кәсіподақ қызметіне, оның мүшесі болуға шынайы қызығушылық тудыратын материалдардың басым болуына үлкен мән береміз. Бұл – материал таңдаудағы негізгі критерий. Оқырмандарымыздың арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, «Кәсіподақтық адвокатура», «Сот залынан», «Ойтүрткі», «Жалқы ой» және «Қоғам» сияқты газетіміздің тұрақты айдарларын оқырмандарымыз асыға күтеді. Бұл – жергілікті кәсіподақ жанынан құрылған құқықтық еңбек инспекторларының нәтижелі жұмысының қорытындысы. Бүгінгі жаһандану, яғни әр ақпарат қыруар ақшаға сатылатын заманда құнды мәліметтер мен заң кеңестерін газет беті арқылы пайдалану таптырмайтын мүмкіндік. Ал кәсіподақ газеті – кәсіподақ органдарының жалпақ жұртшылықты кәсіподақтық ақпаратпен қамтамасыз ету, өзінің белгілі бір оқиғаға байланысты көзқарасын бүкпесіз білдіру мен бірігудің құралы. Газетке тек ақпарат құралы ретінде қарау қате пікір. Газет – насихаттаушы, ұйымдастырушы, үйретуші және мыңдаған кәсіподақ мүшесін біріктіруші, – дейді «Еңбекші» газетінің директор-бас редакторы Бейбіт Бекназаров. Шын мәнінде, аймақтағы басылымдардың бірінен-бірі озық. Ешқайсысын да бөліп-жарып қарай алмаймыз. Өйткені саланың мамандары – кешегі Шерхан Мұртаза айтқан «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» қаранарлар. Әлемде «төртінші билік» саналатын бұқаралық ақпарат құралдары мен сала қызметкерлерінің мәртебесі қашанда биік болғай! Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ЖАҢҒЫРҒАН «JAMBYL» АРНАСЫ
Алдыңғы мақала
ЖАҢҒЫРҒАН «JAMBYL» АРНАСЫ

Ұқсас жаңалықтар