ОҚУ ЖЫЛЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ
Облысымызда биылғы оқу жылын 400 мыңнан аса оқушы, студенттер мен тәрбиеленушілер аяқтады. Яғни 574 мектепке дейінгі, 492 орта білім беру, 44 техникалық және кәсіптік білім беру ошақтары жұмыстарын сәтті жүргізді.
Өткен оқу жылында 22 957 оқушы 9-сыныпты тәмамдаса, оның 1 626-сы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сыныпты бітірген 12 076 түлектің 305-і «Алтын белгіге», 868-і үздік аттестатқа үміткер. 9-сынып оқушылары 2 маусым мен 13 маусым аралығында қорытынды мектеп бітіру емтихандарын тапсырды. Ал 11-сыныпты бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5 маусымда басталып, 19 маусымда аяқталды. Емтихандар аяқталғаннан кейін 11-сынып түлектеріне жалпы орта білім беру туралы аттестатты тапсыру салтанаты өз мектептерінде 20-22 маусым аралығында өтеді.
ҰБТ бойынша өткен жылмен салыстырғанда түлектердің базаға тіркелуі екі кезеңге бөлінген. Яғни бөлек-бөлек тіркеледі. Республика бойынша ҰБТ 16 мамыр-5 шілде аралығында өтеді.
– ҰБТ-ның жаңа форматы мектеп бітірушілер үшін өте қолайлы. Себебі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысады. Жалпы 2022-2023 оқу жылында мектеп бітірушілер қаңтар, наурыз айларында өткен ақылы ҰБТ-ға қатысты. Сонымен қатар мектеп бітірушілер әр ай сайын тегін тесттен өтті, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.
Осы жерде айта кету керек, облыс әкімдігі тарапынан 2019 жылдан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алу үшін гранттар қарастырылуда.
Биыл білім беру грантына 55 орын берілген. Оның ішінде «Физика пәні мұғалімі» мамандығына – 10, «Су шаруашылығы» мамандығына – 15, «Өнер» мамандығына – 5 орын. Сондай-ақ «Химиялық инженерия және процестер» мамандығына – 25 орын. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ресейдің химия-технологиялық университеті арасында екіжақты меморандумға қол қойылған.
«Қос дипломды бағдарламамен оқыту үшін аталған мамандық бойынша 2-курс кешенін қалыптастыруға колледж түлектерінің ҰБТ нәтижелері бойынша техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар түлектерді тарту көзделуде», дейді басқарма басшысы.
Келесі мақала