Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ
ашық дереккөз
МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ
Мемлекеттік қызметтің миссиясы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Ең әуелі, өзгеге үлгі бола білуі қажет. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алма Нұрханова да мемлекеттік қызметшіге тән қасиеттерді бойына сіңірген мәртебелі мамандықтың майталманы десек болады. Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүние есігін ашқан Алма Жүрсінқызы қарапайым отбасында өмірге келген. Ауылдағы орта мектепті бітірген талапты қыз бала күнгі арманын ақиқатқа айналдыру мақсатында алғашқы қадамын жасап, Талдықорғанға қарай бет түзейді. Мақсаты – Талдықорған заң техникумында оқу. 1994 жылы техникумды үздік бітіріп шығады. Қолында дипломы бар маман заң саласындағы еңбек жолын Жамбыл аудандық сотында сот мәжілісінің хатшысы болып бастайды. Аудандық сотта 10 жыл еңбек ете жүріп, отандық сот жүйесінің қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған судьялармен, сот төрағаларымен қатар жұмыс істейді. Кешегі кеңестік жүйеден еншісін алған тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасып, аяққа тұрған сәтін көзбен көрді. Осы жолда тәлім-тәжірибесін аямай жұмсап, заман ағымы мен сот жүйесінің тарихи негізін ұштастыра алған құқықтанушылармен қызметтес болды. Кейіннен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы облыстық соттар әкімшілігінің Тараз қалалық аумақтық бөлімінде сот орындаушысы болып еңбек жолын жалғастырады. 2009 жылы ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының тәртібімен Байзақ аудандық аумақтық бөліміне сот орындаушысы лауазымына тағайындалады. Сот мәжілісінің хатшылығынан бастап, 15 жыл бойы саланың отымен кіріп, күлімен шығып, әбден ысылған білікті маман сот орындаушысы қызметін де абыроймен атқарады. Мәртебелі мамандықтың зор жауапкершілігін сезіне білген Алма Жүрсінқызы зейінділігімен, жігерлілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп, бір жылдан кейін Байзақ аудандық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы болады. 2011 жылы облыстық әділет департаментінің сот актілерін орындау бойынша №2 Тараз қалалық бөлімі филиалының басшысы-аға сот орындаушысы, 2020 жылдан бүгінге дейін Тараз қалалық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушысы болып еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметшінің халық арасында беделін арттыруға еңбек сіңіріп жүрген тәжірибелі, ізденімпаз маманның саладағы 32 жылдық еңбегі еленіп, осы уақытқа дейін түрлі марапаттарға ие болған. 2012 жылы ҚР Әділет Министрлігінің сот актілерін орындау жөніндегі комитетінің Құрмет грамотасымен, 2014 жылы Әділет министрінің грамотасымен, 2016 жылы әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен, 2020 жылы облыстық әділет департаменті басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған. Мінезге бай, достыққа адал, үлкенге ізет, кішіге сыйластықпен қарайтын, адамгершілік құндылықтарды құрметпен ұстайтын Алма Жүрсінқызының елге берері, ізін басып келе жатқан жастарға әлі де үйретері көп.

Гаухар АБАТОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар