ТАЛАСТЫҚ ТАЛАНТТАР ТОП ЖАРДЫ
Жуырда«Balbulaq» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен V Халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы «ЖасSTAR» өнер байқауына «Қаратау» орта мектебінен 5 оқушы қатысып, бәрі де жүлделі оралды.
Оның үшеуі мәнерлеп оқу бағыты бойынша жарысқа түссе, екеуі вокал бағыты бойынша өнер көрсетті.
Атап айтар болсақ, Меруерт Қилыбекова Абай Құнанбаевтың «Есіңде бар ма жас күнің?» атты өлеңін оқып тыңдарманын тәнті етсе, Аяулым Нұрсейіт Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңімен таңдай қақтырды. Ал Алдияр Сәттұрсын М. Шахановтың «Жігерлендіру» жыр жолдарымен тыңдармандардың ілтипатына бөленді.
Ал вокал бағыты бойынша сынға түскен Кәусар Сандыбек Кәмшат Мұханқызы жазған Бауыржан Тәңірбергенұлының «Қазағым-ай» әнін орындап тыңдарманын тәнті етсе, Тахмина Сұлтан кореялық әнші Джисудың «Flower» әнін өз деңгейінде бала дауысымен шырқап шықты.
Сөйтіп, V Халықаралық «ЖасSTAR» өнер байқауының бас жүлдесін Алдияр Сәттұрсын жеңіп алса, қалған төрт оқушы бірінші орын иегері атанды. Ал олардың жетекшісі мектеп тәлімгері Ақбаян Бүрлібаева құрмет грамотасымен және үздік жетекші марапатымен марапатталды.
Ақбаян ШІЛДЕБАЙҚЫЗЫ, Қаратау орта мектебінің мұғалімі, Есейхан ауылы, Талас ауданы
Келесі мақала