САРЫКЕМЕРДЕ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР САЛЫНУДА
Ауданымызда жыл өткен сайын халық саны көбейіп, бүгінде 110 мыңнан асты. Халық санының артуына байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туындайтыны белгілі.
Қазіргі таңда аудан бойынша 1 500-ден аса тұрғын үй кезегінде, жер телімі кезегінде 10 мыңнан аса адам тұр. Міне, осы өзекті мәселені шешудің бірден-бір жолы – аудан орталығынан көпқабатты үйлер салу.
Осы орайда Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың басшылығымен Сарыкемер ауылына Тараз қаласы жағынан кіреберіс жол бойына 10 көпқабатты үй салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалған еді. Жоспарға сәйкес 4 көпқабатты тұрғын үйге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынды.
Бұл күнді аудан тұрғындары ұзақ күтті. Енді сең қозғалды. Келесі жылдары қалған үйлерге де қаржы бөлініп жатса, аудан халқының қуанышы толастамас еді.
Осыдан екі апта бұрын жазық далаға небір үлкен техникалар келіп, биыл соғылуы тиіс 5 қабатты, әрқайсысы 60 пәтерлі 4 үйдің жерін тазалай бастаған. Біз кеше қызу еңбек қайнап жатқан аталған құрылыс алаңына барып, мән-жайды өз көзімізбен көріп, тиісті мамандармен тілдесіп қайтқан едік.
– «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 үйдің құрылысын бастап кетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, бірінші үйдің іргетасы құйылып, панельдері қойыла бастады. Ал екінші үйдің іргетасын құю қолға алынды. 3-4-үйлердің төменгі жертөлесі қазылып, іргетасын құюға дайын тұр. Осылайша аталған 4 үйде құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде. Біз үйлерді 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Дамир Ақылов бізбен әңгімесінде.
Иә, Дамир айтса айтқандай, мұнда жұмыс күннің ыстығына қарамастан қызу жүргізілуде. Құрылыс басындағы 50 құрылысшы қатары алдағы күндері тағы бірнеше құрылысшымен толықпақ.
4 үй салынып жатқан алаң қоршалған. Ал оның сыртында үйлердің жылыту қазандықтары, «Д и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 276 808,4 мың теңгеге жүргізіп жатқан инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жақсы жүргізіліп жатқанын көрдік. Бүгінде бұл жұмыстардың 80 пайызға жуығы атқарылған.
Осылайша Жаңа жыл қарсаңында аудандағы 240 отбасы қоныстойын тойлайтын болады. Енді осы үйлердің сапалы, өз мерзімінде салынуын жауаптылар қадағалап отырса игі.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, Байзақ ауданы
Келесі мақала