Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Конференциядан да көп тәжірибе жинауға болады

Конференциядан да көп тәжірибе жинауға болады
ашық дереккөз
Конференциядан да көп тәжірибе жинауға болады
Дамыған елдің бір нышаны сапалы медицина десек, еш қателеспейміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде де «Адами капиталды дамытудың негізгі құрамдас бөлігі – денсаулық сақтаудың тиімді жүйесі» деп атап айтқан болатын. Мемлекет тарапынан да халық денсаулығы үшін салынып жатқан медициналық орталықтар мен жүргізіліп жатқан істер аз емес. Соның бір айғағы ретінде облысымыздағы 389 денсаулық сақтау нысаны бар екенін атап өтуге тура келеді. Бүгінде бұл аталған медициналық ұйымдарда 15,7 мыңнан астам медициналық қызметкер жұмыс істейді. Ал медициналық көмектің сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен жасалған меморандум аясында облыста 5 үздік тәжірибе орталығы ашылды. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу, сондай-ақ жоба шеңберінде Меркі, Шу, Талас сияқты 3 ауданда ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Соның бірі – кеше ғана ашылу салтанаты болған облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы. Аталған орталықта 200 төсек-орын бар. Артықшылығы сол, бұл орталықта өзге қалалар мен облыстарда жоқ аппараттар бар. Атап айтар болсақ, орталық сызықты үдеткіш (нүктелік сәулелік емдеу), магнитті-резонансты томограф, компьютерлік томограф, рентгенаппарат, цифрлы маммограф, видеогастроскоп, видеоколоноскоп, видеобронхоскоп және УДЗ аппараттарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ жақында осы орталықта орналасқан заманауи «сызықты үдеткіш» аппараты арқылы нүктелік-сәулелік емдеу облыс бойынша бірінші рет қолданылған. Сол себепті жуырда осы орталықта «Қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі жаңа тәсілдері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Медицина мамандары арасында сапалы көмек көрсетудің нәтижесін көтеруге бағытталған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысты. – Биыл жыл басынан бері облыс денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкердің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8 648 орта медицина персоналының жалақысы орташа есеппен 20 пайызға ұлғайды, дәрігердің айлығы орта есеппен 453 427 теңгеден 589 455 теңгеге өсіп, орта медициналық буын персоналының айлығы 204 000-нан 244 800 теңгеге көтерілді. Соңғы үш жыл ішінде облысымызға 240 жас маман келді. Сонымен қатар жыл сайын осы салаға арнайы кадрлар даярлау үшін гранттар бөлінеді. Мұның бәрі де еліміздің медициналық саласының сапасын дамытуға бағытталған жұмыстар деуге болады. Ал мына сіздер келіп отырған онкологиялық орталықта ота жасайтын 4 зал бар және 1 ретте 4 ота жасауға болады. Бұған қоса жақын арада 225 төсек-орны бар онкогематология, гинекология бөлімдерін және кеуде хирургиясы бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз. Біз өз облысымыздың халқының денсаулық сапасын арттыруға және оларға қолайлы орта жасауға бар күшімізді салып еңбектене береміз. Ал бүгінгі конференцияны жоғары кәсіби деңгейде өткізуге атсалысып отырған жетекші ғылыми мамандарға айрықша алғысымды айтқым келеді, отандық медицинамыздың дамуына осындай іс-шаралар өз үлесін қосады деген ниеттеміз, – деді Еркін Үйсімбаев. Конференция барысында онкологиялық денсаулық сақтау аясында жұмыс істейтін мамандар «Қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдері» тақырыбында кеңес айтылып, «Аз инвазивті хирургия бойынша» оқыту шебер сағаты өткізіледі. Сонымен қатар іс-шараға қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, жүрек-қантамырлары хирургтары ассоциациясының президенті Сейітхан Жошыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова да сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Конференция екі күнге жалғасады. Шынымен де мұндай іс-шаралардың жиі-жиі өтіп тұруы мамандар арасында ғылыми білім мен қағидалардың, медициналық көмек көрсетудің сапасын көтеруге, ғылыми зерттеулерді енгізуге және кәсіби байланысты дамытуға зор үлесін қосатыны анық.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар