ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫ ТОЛЫҚТЫ
Облыс әкімдігінің ғимаратында облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кезекті отырыстың күн тәртібінде аталған кеңес құрамының толықтырылуына сәйкес, қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру мен қоғамдық кеңестің төралқасын сайлау және комиссиялардың 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы мәселелері қаралды. Және Кеңес ішінен 4 комиссия құрылды.
Жиынды облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Әбдірайымов жүргізді.
– Құрметті кеңес мүшелері және отырысқа қатысушылар, өздеріңіз білесіздер, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесі жалпы отырысының шешімімен Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы мен оған сәйкестендірілген ереже негізінде осы жылғы мамыр-маусым айларының көлемінде қоғамдық кеңеске қосымша жаңа мүшелер қабылдау туралы хабарландыру жарияланған болатын. Заң талаптарына негізделген тәртіпке сәйкес келетін құжаттарын өткізгендер саны 35 адамды құрады, олардың ішінен конкурс нәтижесімен мүшелікке өткендер саны – 14 адам.
Бүгінгі күнде Жамбыл облысы қоғамдық кеңесінің жалпы құрамы 27 адамға ұлғайтылды, – дейді Марат Жаңабекұлы.
Сонымен қатар алқа төрағасы облыстық қоғамдық кеңесінің жалпы мүшесі 30 адам болуы тиіс екенін, алайда бүгінгі таңда 3 орын резервте екенін айтып түсіндірді.
Сондай-ақ кеңеске қатысқан мүшелер жалпы жағдаймен танысып, құрамдарына енгізілген жаңа мүшелердің алдындағы міндеттерді белгілеп, болашақ жұмыстардың алгоритмін анықтады. Және комиссиялар құрамына өзгерістер енгізу керек болса, ондай мүмкіндіктерді жасалған қызметтер нәтижесінде де енгізуге болатынын ескерте отырып, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің комиссияларын дауысқа салып бекітті.
Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев қоғамдық кеңестердің жұмысы мен маңыздылығына тоқталып, оның қоғамдағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар Кеңестің жаңа мүшелеріне төлқұжаттар табыстады.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала