Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨРТСӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕГІ

ӨРТСӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕГІ
ашық дереккөз
ӨРТСӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕГІ
Аптап ыстықтың салдарынан өрт қаупі де арта түсетіні белгілі. Ал тілсіз жау ешкімді аямайды. Былтыр Қостанай облысында, биыл Абай облысында орын алған өрт осы сөзімізге дәлел. Міне, сол аймақтарды шарпыған қызыл жалын материалдық-техникалық базамыздың, күресе алар қауқарымыздың қай дәрежеде екенін айқындап тастағандай. Өйткені дер кезінде ауыздықталмаған алау алты алашты күңірентіп, аласапыранға салды. Ол өрт болмаған күннің өзінде халық ішінде өртсөндірушілерге деген көзқарас бұрыннан-ақ оңды емес. Алайда қателіктің болуы емес, оның қайталануы қауіпті екенін білгеніміз абзал. Әрі техникамыз бен өртке қарсы қауқарымыз шынымен де халық ойлағандай ма, әлде біз көрмей, байқамай жүрген артықшылықтары бар ма деп саралап көрдік. Өздеріңізге белгілі, Абай облысындағы өртке байланысты бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек» деп қадап айтқан болатын. Ендеше біздің облысымыздың дайындығы қандай, аяқ астынан айтпай келетін апатқа тосқауыл бола ала ма деген сұрақпен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевпен тілдесдік. – Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп, 320 мыңнан астам ауланы аралап, 1 581 рет жиын өткіздік. Сонымен қатар 450 мыңға жуық адамға нұсқау беріп, өрт қауіпсіздігінің алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 500 мыңнан астам жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылды. Сондай-ақ оқушыларға практикалық дағдыларды үйрету мақсатында білім беру орындарында өрт туындаған жағдайда ғимараттан аман-есен эвакуациялау бойынша 32 266 оқушыны қамти отырып, 198 мәрте жаттығу қолға алынды. Сонымен қатар облыстың 630 оқу орнында 32 280 оқушыны қамти отырып, 549 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Ал мектепке дейінгі мекемелерде өртке қарсы тақырыпта 3 070 баланы қамтыған 353 конкурс пен викторина өткізілді. 1 026 оқушыны қамтыған өрт сөндіру бөлімдеріне 35 экскурсия ұйымдастырып, «Ашық есік күні» тақырыбында 165 іс-шара өткіздік. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілерге 616 өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 6 507 өрт қауіпсіздігін сақтамау дерегі анықталған болатын. Біз анықталған деректер бойынша, өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 462-бабының 3-бөлігі негізінде әкімшілік сотқа 30 әкімшілік істің материалын жолдадық. Бүгінгі күні 23 әкімшілік материал бойынша сот жалпы сомасы 7 миллион 623 мың 500 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар 3 объектіні 30 тәулікке пайдалануды тоқтата тұру туралы шешім шығарылды. Одан бөлек 7 әкімшілік материал соттың қарауында жатыр. Сондай-ақ орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» 2023 жылғы 1 ақпандағы №11 қаулысы қабылданған болатын. Сол құжат негізінде мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілді. Ал табиғи өрттердің алдын алу және оларға жедел әрекет ету мәселелері облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Облыс аумағының ғарыштық мониторингін жүргізуге осы жылы облыс бюджетінен 8 миллион 830 мың теңге бөлінді. Биылғы 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет аумағы 3,048 миллион гектар болатын облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерін «Қазавиаорманқорғау» республикалық кәсіпорнының әуе техникасымен көктен күзетіп жүр. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының әуе техникасымен облыс аумағындағы өрт тұтану қаупі бар учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыс әкімдігімен осы жылы 47 миллион 478 мың теңге бөлінді. Ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізу үшін 88 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 280 миллион теңге бөлінді. Оған 10 трактор, 12 өрт сөндіруге қажетті техника, сондай-ақ 10 мотопомпа алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық мекемелерде 1-үлгідегі 15 орман өрт сөндіру стансасы құрылды. Олар 135 адам штатпен, 18 өрт сөндіру автомобилімен, 36 трактормен, 174 аспалы өрт сөндіргішімен, 24 мотопомпамен және 246 радиостансамен жасақталды. Өткен жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес 3 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеті құрылса, биыл 3 елді мекенде осындай бекет құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек облыстың ауылдық округтерінде 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылып, жұмыс жасап тұр. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталған. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде үздіксіз профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әшірбайұлы. Жалпы біздің облысымыздың аумағында 15 орман шаруашылығы бар. Бұл аумақтарда өрт қаупін азайту мақсатында ылғи да жаттығулар өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерімен 16 мобильді топ құрылып, орман алқаптарында 450 рейдтік іс-шара жүргізілген. Рейдтік іс-шаралар барысында орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу деректері бойынша 137 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 65 тұлғаға жалпы сомасы 1 миллион 345 мың 500 теңге айыппұл салынса, 72 тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Міне, мұның бәрі де біздің төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қадағалауында екенін көрсетеді. Солай бола тұрса да биылғы бірінші жартыжылдықта облыс аумағында 384 өрт тіркеліп, 5 адам жарақат алып, 12 адам қаза тапқан. Дейтұрғанмен бақылаудағы объектілердегі өрт оқиғаларының саны былтырғымен салыстырғанда 2 есеге азайған. Әрине, өрт бола қалған жағдайда оны ауыздықтау үшін қажетті техникалар дайын болуы тиіс. Ал облыстағы өрт сөндіру техникаларының жағдайына келсек, осы жылы жергілікті бюджет есебінен 6 автотехника сатып алу жоспарланған. Атап айтқанда, 2 АЦ-5-40 «КамАЗ» өрт сөндіру техникасы, 1 «КамАЗ» газ-түтіннен қорғау қызметінің автомобилі, 1 АБР автокөлігі мен 1 «Соболь» жүк-жолаушы тасымалдау көлігі және 1 сүңгуір жинағымен жабдықталған «ГАЗель» бар. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әлібек Абсатов өрт сөндіру бекеттеріне де жаңа техникалар қойылатынын жеткізді. – Техникалық ресурстары жағынан тозығы жеткен автокөліктерді іске жарату үшін биыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің балансынан 14 өрт сөндіру автокөлігін жергілікті аудандық әкімдіктерге қайтарымсыз негізде беру жоспарланған. Оның ішінде 7 негізгі өрт сөндіру автокөлігі және 4 қосалқы техника бар. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасы мен тиімділікті арттыруға арналған басқа да техникалардың дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының орын алуына жол бермеу мақсатында есептік кезеңде әкімшілік полиция қызметкерлері басшы және қатардағы құрамға арнайы сабақтар өткізді. Жалпы қазіргі таңда мекеменің балансында 20 өрт сөндіру депосы және одан басқа Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында орналасқан жедел құтқару жасағы бөлімшелерінің 4 ғимараты бар. Алдағы уақытта өрт қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін қосымша тағы 11 өрт сөндіру бөлімін салу қажет. Мәселен, 350 мыңнан аса халқы бар Тараз қаласында қазіргі таңда 4 өрт сөндіру депосы болса, тағы да 2 өрт сөндіру депосы салынуы тиіс. Ал Жаңатас, Қаратау, Шу сияқты халқы тығыз орналасқан қалаларда бір-бірден өрт сөндіру депосы салынады. Бұған қоса тағы бірнеше ауданда, ауылда өрт сөндіру бөлімі салынады. Бүгінде қолданыстағы 20 өрт сөндіру депосының көпшілігі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бірқатар ғимараттар техникалық және санитарлық нормаларға мүлдем сай келмейді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әлібек Әділбекұлы. Өртсөндірушілер әрдайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойлап, өздерінің басын бәйгеге тігіп жатады. Мысалы, биыл 8 маусымда Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында болған өрт оқиғасына көмекке шыққан Меркі ауылының №9 өрт сөндіру бөліміне тиесілі автокөлік «КамАЗ» жүк көлігімен соғысып, аударылған. Осы секілді өртсөндірушілердің түрлі қауіп-қатерге қарамай оқиға орнына жедел жету үшін бастарынан түрлі жағдайды өткізетінін біз біле бермейміз. Қауіпті мамандық иелерінің мұндай жанкешті еңбегі мен ерлігін бағалау – қоғамның парызы. «Елі үшін отқа түскендер» деп, бәлкім, дәл осы саланың мамандарын атау керек шығар. Сондықтан да халықтың қауіпсіздігін басты орынға қойған өртсөндірушілердің өлшеусіз еңбегін қадірлейік.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар