Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарасазда қарқынды жұмыс бар

Қарасазда қарқынды жұмыс бар
ашық дереккөз
Қарасазда қарқынды жұмыс бар
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы баспасөз мәслихатын өткізді. Ол ауылдың жалпы жағдайын және жұмыссыздық мәселесімен қалай күресіп жатқандарын, Ұлттық жобаның жүзеге асу барысын баяндады. – Қарасаз ауылдық округінде былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» бағдарламасы шеңберінде 362 адам жұмыспен қамтылса, биыл жыл басынан бергі 6 айдың нәтижесі бойынша 171 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатыр, бұл бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша алда 160 тұрақты жұмыс орны қосымша ашылады. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 177 миллион теңге қаржы бөлініп, округімізде 4 жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар былтыр өз қаражаты есебінен іске асырылған инвестициялық жобалар бойынша 5 жоба іске асырылып, 9 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 жоба іске асырылып, 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Ж.Нұрмұратқызы. Сонымен қатар баяндамашы округ бюджетінің қалай толықтырылып жатқаны турасында және түрлі бағдарламалар аясында істеліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. – Салық жинаудың жылдық жоспарына сәйкес, 6 айдың қорытындысы бойынша 8 917 теңге түсім түсіп, бюджеттің 112,7 пайызы орындалды. Ал былтыр «Асар» бағдарламасы бойынша аз қамтылған жас отбасы Қалдыбек Назымға 3 жарым миллион теңгеге үй алып берілсе, биыл Жүрімбай ауылының тұрғыны Бальчунайте Ингаға асарлату арқылы тұрғын үй салуды қолға алдық. Ақбастау ауылының тумасы Жандос Баетов өз қаражаты есебінен ауылда бос тұрған ескі дүкен ғимаратын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, «Рысбек» спорт клубын ашты. Қазіргі уақытта үстел теннисі, бокс, күрес үйірмелері 50 балаға дейін кеңейтіліп отыр. Сонымен қатар спорт клубының ауласына спорт алаңшасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кіші футбол алаңшасы, волейбол алаңшасы, «street workout» алаңшасы орналасады. «Жомарт түлек» аясында Матеевтер отбасы Қарасу ауылында заман талабына сай оқушыларға арналған екі аялдаманы пайдалануға берді, – деді баяндамашы. Жалпы Қарасаз ауылдық округі бойынша 5 елді мекен, 15 көше, 3 578 халық, 783 аула, 15 ұлт өкілі тұрады. Халықтың 1 725-сі экономикалық белсенді тұрғындар, 845-і жұмыспен қамтылғандар, ал зейнет жасындағылары – 406, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 419 болса, мүгедектер саны – 90. Округтегі 976 отбасының ішінде 14 адам әлеуметтік жәрдемақы алушылар санатында болса, 256-сы көпбалалы ана. Қазіргі таңда әр сала бойынша қызу жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтқан Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауылдағы ауызсу мәселесі мен жол жөндеу жұмыстарының да біртіндеп қарқын ала жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Округ бойынша 15 көшенің біреуі облыстық деңгейдегі жол, екеуі аудандық деңгейдегі жолдар болса, 12-сі ауылішілік жолдар. Бүгінгі таңда 12 ауылішілік жолдың 11-і асфальтталса, 1 көше келер жылдың жоспарына енгізілді. Сонымен қатар Қарасаз ауылының Гагарин көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, округ бойынша 15 көшенің 14-і жарықтандырылды. Ақбастау ауылының Қойгелді көшесіне жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, қаржы бөлінісімен орындалатын болады. Округ бойынша 5 елді мекеннің барлығы толықтай газдандырылған, электр жарығымен қамтылған. 5 елді мекеннің үшеуі орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған, ал Көктас және Қарасу ауылдарында ауызсу жүйесі әлі жоқ. Алдағы уақытта Қарасу ауылын ауызсумен қамту мақсатында Жүрімбай ауылынан ауызсу жүйесін тарту жоспарланса, келесі жылы Көктас ауылына модульдік ауызсу жүйесін тарту жоспарланып отыр. Округ бойынша екі орта мектеп бар. Жағдайлары қалыпты, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 елді мекен бойынша оқушыларды тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ ауылдағы 5 елді мекеннің барлығы денсаулық саласы бойынша жағдай жасалған, атап айтсам, округ орталығы Қарасаз ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория бар. Қалған төрт елді мекенде 5 келушіге арналған фельдшерлік пункт орналасқан. Көктас елді мекеніндегі фельдшерлік пункттің жағдайы нашар, жаңа ғимарат салуды қажет етеді. Сол себепті жаңа ғимарат салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржыға сұраныс берілді. Бұл мәселе келер жылы өз шешімін табатын болады, – деді баяндамашы. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына жағдай жасау үшін аянбай еңбек ететінін жеткізген Ж.Нұрмұратқызы алда әлі талай жұмыстар атқаратынын, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында да қолға алынып жатқан жұмыстарының оң көрсеткіштерін айтып, сөзін түйіндеді.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар