ЕЛОРДА – ЖАСТАР ҚАЛАСЫ
Мәңгілік еліміздің мақтанышына айналған Астанамызды бүгінде барлық әлем тұғырлы тәуелсіздігіміздің төлқұжаты деп біледі. Бұл қаланың көркі мен сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әр тамашалаған сайын жас қаланың жетістігін көріп, кеудені ерекше қуаныш кернейді. Шабыт сыйлар әсем қаланың бар әсемдігін суреттеу үшін жас қаланың жаңа тұрғыны болу керек пе деп те ойлап қаласың...
Астананың ауа райы суық дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда Астана – мықтылардың қаласы. Себебі мұнда жастарға көптеген оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Білімді, өз ісіне жетік жастардың мекені десек, артық емес. Бәсекелестікке шыдай біл тек...
Күннен-күнге қарыштап, дамып, көркейіп келе жатқан елордамыз бүгінде адам танымастай өзгерді. Онда жаңа ғимараттар, мәдени орталықтар салынып, барынша құлпыра түсуде. Қысқа мерзімде бас қаламыз әлем мойындаған ғажайып қалалардың қатарына қосылды. Шетелден келетін мәртебелі қонақтарымыз әрқашан да оның келбетіне тамсанып, таңдайларын қағысады.
Тұрғындардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Үлкен мегаполиске айналған қалада тұруды армандамайтын адам кемде-кем шығар. Жыл сайын мұнда иін тірескен жастар арман қуып келеді. Біздің өңірден баратын жастардың қатары да аз емес. Алдарына үлкен мақсат қойып астанаға аттанған жамбылдық жастар осында үйренісіп, өз салалары бойынша жетістікке жетіп жатады. Солардың бірі – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тілшісі, «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі Ақерке Бектас. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Сенің бағдарламаңды көріп тұрамын. Маған ұнайды» деген жылы пікірді естуі аз дәрежеге қол жеткізбегеніне дәлел. Ол Астанаға журналистика саласында шыңдалу үшін, адал еңбекпен мақсатқа жету үшін келгенін айтады.
– Елорда парасат-пайымы, таным мен түйсігі ұштасқан адамды адастырмайды. Алғашқы жылдары үлкен қалаға үйрену оңай болған жоқ. Бірақ табанды еңбек етуге, мақсатқа жетуге талпындым. Өйткені кез келген істі үлкен жауапкершілікпен атқару керек деп есептеймін. Қазір қарашаңырақ «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында арнайы тілшімін, «Aqparat»-тың жүргізушісімін. Биылдан бастап көрерменге жол тартқан «Aqorda» бағдарламасының редактор-жүргізушісімін. Саяси-ақпараттық бағдарлама әр сенбі эфирге шығады.
Талпынған жастың мақсаты қай жерде де орындалар. Ал Астана сондай жастарды бір ортаға жинап, мүмкіндік беретін қала деп ойлаймын. Осы елде тұратын кез келген азаматтың арманы Отанның өркендеуі ғой. Мен де еліміздің өркендегенін және өзге қалалардың да Астана секілді көркейгенін қалаймын, – дейді А.Бектас.
Бұл қала өзіне құштар жастарды табыстырып, жаңа отбасының құрылуына себепші болған жағдайлар да жиі кездеседі. Сөзімізге жамбылдық жастар Насихат Алдаберген мен Дархан Маткулов дәлел бола алады. Насихат пен Дарханды тоғыстарған да әсем қаладағы алға жетелеген асқақ армандары еді. Арман қуып Астанаға келген екі жастың мақсаттары жүзеге асып, қызмет жолдарын нақ осы қаладан бастады. Бас қала екі жас үшін жаңалықтың жаршысындай игілікті бастамалардың мекені болды. Екеуінің өмірге деген көзқарастары сәйкес келіп, шаңырақ көтерді. Астанада қызмет бастап, ұжымдарында абыройлы бола білді. Балалары осында дүниеге келіп, осында өсіп-өнуде. Мамандығы бойынша стоматолог Дархан осы қалада өзінің жеке «Altay dent» тіс емханасын ашып, жемісті еңбек етіп жүр. Жары Насихат та медицина саласынан алшақ емес. Астана қалалық жедел медициналық жәрдем стансасында фельдшер болып табысты еңбек етті. Қазіргі сәтте бала күтімі бойынша еңбек демалысында. Онда да құр қарап отырмай онлайн дүкен ашып, жеке бизнеспен айналысып жүр.
– Шынымды айтсам, екеуміздің де бұл қалада бір туысымыз жоқ. Әйтеуір бір асыл арманның жетегіне еріп, қиындықтан қорықпай келдік. Өзім Т.Рысқұлов ауданының тумасымын. Басында үйренісе алмай жүрдік. Бірақ уақыт өте елорда өмірімен біте қайнасып кеттік. Мамандығым бойынша тіс дәрігерімін. Бұл соңғы уақытта сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Сондықтан тәуекелге бел буып жеке емханамды аштым. Ісім табысты жүріп жатыр. «Астанада не бар? Астананың өзге қалалардан қай жері артық?» деген сауалға мен «Астанада жаныңа не керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу және оны мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында» деп жауап берер едім. Себебі Астана – ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала десек, бірақ шешуін таба білген жанның басына қонған бақ. Ең бастысы осында жүріп өмірлік серігімді жолықтырдым. Ендігі мақсат – баспаналы болу. Жас отбасыларға мемлекеттен көрсетілетін жеңілдіктерді пайдалана отырып баспана мәселесін жақын күндерде шешеміз деген сенімдемін, – дейді Дархан Маткулов.
Болашағын елордамен байланыстырған жастарға екі бірдей есік ашық. Бірі – ғылым-білімге деген құштарлық, екіншісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналада жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар. Қызмет бабымен елордаға аттанған тағы бір кейіпкеріміз – Рауан Жаңабай. Алдыңғы жылы Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті «Физика және математика» мамандығы бойынша тәмамдаған ол Астана қаласына келеді. Арнайы байқаудан өтіп, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейге жұмысқа тұрды. Ол Астана нағыз «жұмыс істеймін», «еңбек етемін» деп құлшынып тұрған жастардың қаласы екенін айтады.
– Жас маманмын. Физика пәні мұғалімімін. Бірінші мүмкіндігім – еш шығынсыз осы мемлекеттік жұмысқа орналасуым. Білімің мен қалауың болса, бәрі де мүмкін. Кейде Тараздағы достарым өз орнын таба алмай жүрсе, мұнда келуге ұсыныс айтатыным бар. Не дегенмен бұл қалада жұмыс табу ықтималдығы жоғары. Қарапайым қызметтен бастаса да жаңа мүмкіндіктерге жол ашық. Астана – тарихы бай жас қала. Ол Қазақстанның тәуелсіздігі мен алға жылжуының белгісі. Астана өркендеп келе жатқан қала және алдағы жылдары Қазақстан үшін одан да маңызды орталыққа айналатыны сөзсіз. Мұнда көз тартар әсем ғимараттар мен көрікті жерлер көп. Былтыр елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Қалада бірнеше оқырмандар клубы бар. Маған ұнайтыны – «Зейін» оқырмандар клубы. Өзінің атмосферасы, стилі бар клуб. Неше түрлі кітапқұмар оқырмандармен белгілі бір шығарманы талқылап, талдау жасап, ой-өрісіңнің қалай өскенін байқамай қаласың. Ең бастысы, білімді жастар үшін бәрі тегін.
Қаланың тағы бір ұнайтын тұсы мұнда Қалибек Қуанышбаев атындағы «Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры», Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры», «Жастар» театры секілді рухани сергіп, қойылымын тамашалап демалып қайтатын театрлар көп. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Маған барлығы ұнайды. Қойылымдары әр жанрда. Ешқайсысын бөліп-жармай, барлығына баруға уақыт табуға тырысамын. Қаланың мәдени ошақтарында жиі болып, көрікті жерлерін жаяу аралағанды ұнатамын.
Ал туып-өскен жерім Жамбылға жыл сайын барып тұрамын. Түлеп ұшқан жеріңді сағынып-ақ тұрасың. Оның үстіне туған бауырларым да сонда. Сәті түссе, бұл жылы да барып-қайту ойда бар. Астанада өмір сүру өзіме ұнайды, болашағы бар қала, жастардың талабын ұштайды, олардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бізге сонысымен ыстық, сонысымен қымбат, – дейді жас маман.
Елордада білім алып, оқуын шетелде жалғастырып, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрсе де осы қалаға қайта оралуға асығатын жастар да жетерлік. Олар «Астанамызды шетелдің ешбір қаласына айырбастамаймыз» дейді. Режиссер, жазушы, халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «New York Film Academy»-дің магистрі, «Samsung» компаниясының бренд-амбассадоры Айдие Айдарбеков те осы пікірде.
– Мен 2010 жылы мектептен кейін Астанаға Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне оқуға түстім. Сол уақыттан бері тек 2 жылға оқу бабымен АҚШ-тың Лос Анджелес қаласына бардым. Және бір жыл бойы Алматыда жұмыс істедім. Қалған барлық уақытты Астанада өткіздім. Астанаға алғаш келгенде «осы қала – менің шын үйім» деген ішкі сезімде болдым. Содан бері қайда жүрсем де, мейлі мұхиттың арғы бетінде, Еуропада, Малайзияда жүрейін, ойым Астана жақта тұрады. Сүйікті қалама тездетіп қайтқым келеді.
Жаңа қаланың мүмкіндіктері көп. Барлығына бірдей қарайтын қала. Архитектурасы әдемі. Мен 2010 жылы Астанаға келгенде осы қалаға шынайы ғашық болдым. Осы қаланың дамуына үлес қосып, өзімді кәсіби маман ретінде көрсеткім келді. Жеті жылдан соң, 2017 жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанып, Астананың көптеген көшесінде менің есімім мен бейнеммен үлкен баннерлерді орналастырды. Әрине, менің бастапқы мақсатым елорданың дамуына өз үлесімді қосу еді. Бірақ күтпеген жерден астаналықтарға, қазақстандықтарға жағымды жақтан танылдым.
Бүгінгі таңда осы қалада өзімнің отбасымды құрдым, кино, медиа саласында әртүрлі жобаларды жүргіземін. Астанаға мен өзімнің бірінші шығармашылығымды, алғашқы кітабымды арнадым. Сюжет бойынша, басты кейіпкерлер – Астана қаласының тұрғындары. Кітап «Спуститься с Небес» деп аталады. Бүгінгі күнге әлем бойынша 50 000-нан астам оқырман бар.
Астанада бакалавриат, магистратураны оқып, енді докторантураны бітірдім. «ҚазТрансГаз», «ҚазАвтоЖол», «ҚазКонтент» атты компанияларда IT, Media, PR, журналистика бағыттары бойынша жұмыс істедім. Астанада 2014 жылы бірінші рет «Street Workout» бойынша әлем чемпионатын басты ұйымдастырушы ретінде өткіздім. Бүгінгі таңда Astana IT University, ҚазМЗУ университеттерінде аға оқытушы ретінде сабақ беремін, өзімнің кино және медиа саласында әртүрлі жобаларымды жалғастырамын, ғылым саласында да ойда жүрген бірнеше жобам бар.
Әрдайым Астананың тек қана қала тұрғындары үшін емес, барлық Қазақстан азаматтары үшін осындай жаңа, жас, еркін қала болып қалуын тілеймін. Облыстық газет болған соң айта кеткім келіп тұр, өзім Ақмола облысының тумасы болсам да Жамбыл өңірі мен үшін бөтен емес. 2018 жылы Жамбылға арнайы келіп, бірнеше ауданын аралап қайтқанмын. АҚШ-тан оқудан жаңа ғана келген кезім. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының шақырумен өңірдің бірнеше қаласы мен ауылдарының оқу орындарына ағылшын тілінің маңыздылығы туралы шеберлік сағаты мен лекциялар өткізген болатынбыз. Әсіресе Меркі ауданының Гранитогорск ауылы қатты ұнады. Өңірлеріңізге алдағы уақытта да келемін деген ниетім бар, – дейді Айдие Ұланбекұлы.
Қалай десек те елорданың бүгінгі ажарын жастардың бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстырған ләзім. Қызметте табыстарға жетелеген бас қала қанша жастың жүректерін табыстыруда.
Келесі мақала