Масылдыққа жаны жат Әділет
Мемлекетіміз мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдарға қамқорлық таныту, әлеуметтік тұрғыда қорғау, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер тағайындау – елімізде жүзеге асырылып жатқан саясаттың басым бағытының бірі. Жалпы мүгедектігі бар жандарды оңалту және бейімдеу ісі елімізде жүйелі жүзеге асырылатыны белгілі. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға білім беру, оларды лайықты жұмыспен қамту, кәсіп ашуына жәрдемдесу ең маңызды мәселе.
Осы ретте мүгедекпін демей, мамандық игеріп, ұжыммен тығыз қарым-қатынас орната отырып, әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан мүгедектігі бар азаматтар өңірде жетерлік. Соның бірі – Әділет Иманбай.
Ол Шу қаласында тұрады, жасы – 26-да. Кейіпкеріміз 2015 жылы осы қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Шу қаласындағы «Құқық және бизнес» гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, 2017 жылы заңгер мамандығын игеріп шығыпты. Қолына жаңадан диплом алған жас маманға сол кездегі аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Садықбай Көпбаев қолдау көрсетіп, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы Шу қаласы әкімдігі аппаратының кеңсе бөлімінде 6 ай жұмыс істеу үшін Әділеттің қолына жолдама береді. Кейіпкеріміздің алғашқы еңбек жолы осылай қалалық әкімдіктің ғимаратында басталады. Өзінің жұмысқа деген айрықша құлшынысымен, қарым-қабілетінің, еңбекқорлығының арқасында басшылықтың көзіне түсіп, осы жерде 5 жыл үздіксіз қызмет атқарады.
2022 жылы Шу қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында халыққа арналған цифрлық кеңсе орталығы ашылды. Шу қаласының сол кездегі әкімі Ержан Серікұлы Шу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ержан Күншашевке Әділет Асқарұлын білікті маман ретінде жұмысқа қабылдауды ұсынады.
– Жаңа қызметке аталған орталықтың маманы ретінде кірісер кезде облыс орталығына барып, тиісті басшылықтың әңгімелесуінен өтуім керек болды. Дегенмен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының басшысы Батырхан Тоқтағұл мен орынбасары Данияр Медетбеков менің денсаулық жағдайымды ескере отырып, онлайн сұхбат өткізді. Әңгімелесуден сәтті өткеннен кейін жұмысқа қабылдандым. Мені қолдаған, сенім білдірген басшылыққа айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта өзіме жүктелген міндет пен сенім үдесінен шығуға тырысамын.
Маған шыр етіп дүние есігін ашқалы жер басып жүру бақыты бұйырмаған. Өзім І топтағы мүгедекпін. Есімді білгелі мүгедектер арбасына таңылғанмын. Әйтсе де осы жасқа келгенім, осы дәрежеге жеткенім ең алдымен Алланың, одан кейін үйдегі Майгүл Құнанбаева есімді апам мен өзге де отбасы мүшелерінің арқасы, солардың қолдауы деп білемін.
Өзімді өмірге құштар адамның бірімін деп санаймын. Денсаулығы жақсы, аяқ-қолы бүтін кейбір замандастарымның өмірге, қоғамға налып жататын кездерін талай көргенмін. Олар біз секілді кембағалдарға қарап, ойын, ниетін түзесе, әркез шүкіршілікпен күн кешсе екен. Жалпы жұртқа айтарым, бізді «мүгедек» деп мүсіркемесін. Біз денсаулығымызда ақау болғанымен білім, қол еңбегін немесе ой еңбегі болсын, кез келген адаммен тайталасқа түсе аламыз.
Қазіргі таңда кез келген адам еңбек етемін десе, бұл бағытта барлық жағдай жасалған. Адамның өзінде ынта-жігер, талпыныс болса, жұмыс табылады. Әсіресе өз саласын, өз кәсібін біліп тұрған адам жерде қалмайды. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың арасында «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді құп көретіндер бар. Олар негізінде оңай әрі жеңіл жолмен ақша табуды көксейді. Қиялға беріліп, бір сәтте байып кетуді ойлайды. Алайда барлық та, байлық та, атақ та, абырой да еңбекпен келетінін ұмытпағанымыз жөн. Көптеген ер-азамат тапқанын құмар ойын мен ішімдікке, мәнсіз ойын-сауыққа жұмсағанын көргенде еріксіз ой түбіне батамын. Одан бөлек ата-анасының зейнетақысы мен әйелінің табысы немесе бала-шағасының жәрдемақысына күн көруге арланбайтындар да бар. Оларды қазақ «жатыпішер жалқау» деп атаған. Олар бойындағы масылдық пиғылдан арыла алмай жүрген, өмірге келгенін міндет санайтын санасы таяз адамдар, – дейді Ә.Иманбай.
Біз Шу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Ержан Болатұлына хабарласып, қол астындағы маманы жайлы қандай пікір айтатынына құлақ түрген едік. Ол Әділет Иманбайды өз мамандығын сүйетінін, өзіне жүктелген міндетті дер кезінде орындайтынын, жұмысын адал әрі сапалы атқаратынын сөз етті.
– Кез келген мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Пенде болғаннан кейін ұжымда үп еткен желден жауырынына шаншу қадалып немесе басқа да жағдаймен ауырып тұрғанын айтып жұмыстан сұранатынын немесе уақытша еңбекке жарамсыздық парағын аштыратындар бар. Мейлі, олар өзінің заңды құқығын пайдалануына еркі бар. Бірақ мен осы Әділеттің денсаулығына қатысты шағымданғанын, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырғанын көрмеппін. Негізі мүгедектігі бар адамдар заң бойынша 7 сағат қана жұмыс істеуі тиіс. Бірақ Әділет өз еркімен бізбен бірдей жұмыс істеп, бірқатар шаруаны тындырып тастайды. Оның жұмысы халықпен тікелей байланысты. Мысалы, қазір біздің мекеме арқылы көрсетілетін қызметтің 90 пайызы онлайн түрде жүзеге асырылады. Оны халық үйден шықпай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ тындыруына болады. Дегенмен оған мүмкіндігі жоқтар біздің мекемеге келеді. Мәселен, бірі электрондық цифрлық қолтаңба немесе әлдебір анықтама алуы үшін бізге келеді. Бұл іс негізінде өзіне-өзі қызмет көрсету тетігі арқылы жүзеге асады. Осы қызмет түрін алуды білмегендермен Әділет Асқарұлы жұмыс істейді. Көпшіліктің шаруасын әп-сәтте бітіріп, алғысқа бөленіп жатады. Кейде мен «Сенің жұмыс уақытың аяқталды, үйіңе қайтсай» десем, ол: «Жұрттың маған ісі түсіп тұрғанда қалай қайтып кетемін?» деп елдің жағдайын ойлап тұрады. Қысқасын айтқанда, Әділет өте еңбекқор, жауапкершілігі жоғары маман, – дейді Ержан Күншашев.
Біз қауымдасып өмір сүргендіктен қоғамның, мемлекеттің дамуына әр азамат үлес қосуы, еңбек етуі керек. Іргелі мемлекет берік отбасынан басталады. Сондықтан әр отбасы саналы ұрпақ тәрбиелесе, мемлекеттің болашағы жарқын болмақ. Ал саналы адам өзгенің сергелдеңге салынуына, ешкімге тізесін батыруға, өзін өзгеден биік қоюға жол бермейді. Әділеттің өмірдегі ұстанымы осы. Ол өз мемлекетінің, тұрып жатқан қаласының өркендеуіне айрықша үлес қосуды қалайды. Осы жолда шамасы келгенше аянбай еңбек етіп, ел үшін тер төгуге ниетті.
Келесі мақала