Жамбыл жаңалықтары
Жамбыл ауданында қоғамдық көліктер пайдалануға берілді
- author AR-AY
- 30 маусым, 2023
- 375
Жамбыл ауданында қоғамдық көліктер пайдалануға берілді
Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың қажетін өтеу жергілікті атқарушы биліктің міндеті екені белгілі. Осы ретте, аудан әкімінің тұрғындармен өткізген кездесулерінде көтерілген мәселелердің шешілуі де маңызды. Бұл өз кезегінде бұқара мен биліктің арасын жақындата түседі. Арада сенім пайда болады, өзара қарым-қатынас нығаяды. Солай болуы да керек.
Ауданға қарасты шалғай ауылдардағы ағайынның бір уәжі қоғамдық көлік мәселесі етін. Түйткілдің түйіні тарқатылды. Бүгін «Сеңгірбай-Аса», «Ерназар-Аса», «Шоқай-Аса» бағытында қатынайтын үш қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Ендігі кезекте Сеңгірбай, Шайдана, Ащыбұлақ, Тастөбе, Еңбек, Рахат, Ерназар, Өрнек, Жұма, Құмтиын, Шоқай, Бірлесу-Еңбек ауылдарының тұрғындары аудан орталығы Аса ауылына қоғамдық көлікпен қатынайтын болады.
Жағымды жаңалықпен бөліскен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Несіпбеков бізбен әңгімесінде: «Шалғай ауылдарда тұратын тұрғындарға аудан орталығына қатынау қиынға соғады. Бұл туралы өздері де талай мәрте айтқан болатын. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды жүргізіп, қоғамдық көлік мәселесін шешіп бердік. Қозғалыс кестесін бекіттік. Кестеге сәйкес шалғай ауылдардағы тұрғындар Аса ауылына қатынай алады», – деді.