Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Полицейлер пайдалы іске шақырды

Полицейлер пайдалы іске шақырды
ашық дереккөз
Полицейлер пайдалы іске шақырды
Жыл сайын 26 маусымда аталып өтетін Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлықтың аясында облыста күн сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Бұл жолы полицейлер облыстың білім басқармасымен, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, оқушыларға арналған облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастырды. Мұражайда өлке тарихын хронологиялық тәртіпте қамтитын төрт көрме залы бар. Атап айтқанда, «Тарихи кезеңге дейінгі аралық», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы» және «Кеңестік кезең және тәуелсіздік жылдары». Бүгінгі таңда мұражай қорында 70 мыңға жуық бірегей экспонат бар. Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған экспозиция оқушыларға ерекше әсер қалдырды. – Бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қаланың басты көрікті жерлерінің бірі саналады. Сондай-ақ ол жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мұражайлар орасан зор құндылықтарға ие, өйткені олар біздің халқымыздың бай өткен тарихы туралы шынайы ақпаратты болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер мен жастардың тыйым салынған заттарды қолдануының алдын алуда осындай іс-шараларға баса назар аударуға тырысады. Нашақорлық мәселесі туралы сөз қозғай отырып, біз спортпен шұғылдану, белсенді, салауатты өмір салтын ұстану, бос уақытты тиісінше қызықты, тиімді өткізуге, мәдени іс-шараларға қатысу сияқты пайдалы іс-шаралар өткізуге шақырамыз, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев. Экскурсия соңында полицейлер балаларға балмұздақ алып берді.

Тахмина ӘШІРБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар