Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар кітап оқысын десек...

Балалар кітап оқысын десек...
ашық дереккөз
Балалар кітап оқысын десек...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жобаны қолға алуды тапсырды. Президент отандық кітап үлесін арттыру мәселесіне тоқталып: «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деді. Сондай-ақ Президент балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма берді. «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекованың айтуынша, бала оқырман болып балалар кітапханасында қалыптасады екен. Сондықтан қанатқақты жобаның жас оқырмандар үшін берері мол екен. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алу туралы берген тапсырмасын күллі кітапханашылар қауымы қуана және аса үлкен үмітпен қабылдады. Бағдарлама аясында республикалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ашылса, еліміздегі облыстық балалар кітапханаларына әдістемелік орталық болар еді. Орталық өз кезегінде басқа мемлекеттердің кітапханаларының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуымызға мүмкіндік ашады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер кітапханаларын модернизациялаудан өткізіп, оқырмандарға кітапхана жаңа қызмет түрлерін ұсына алар еді. Британиялықтар балалар мен жасөспірімдер арасында оқу дағдысының төмендегенін байқап, 1994 жылы зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижелері бірқатар мемлекеттік бағдарламаны қабылдауға түрткі болған. Зерттеулер басқа да шетелдерде жүргізіліп, оқу деңгейінің төмендеуіне кедергі болған. Қысқасы, балалар кітапханалары – балаларды оқырман етіп қалыптастырудың кілті. Себебі оқырман мен оқырман емес адамның интеллект деңгейі әртүрлі. Оқырман нақты мәселе аясында ойлауға, жылдам шешім қабылдауға, болған жағдайға адекватты баға беруге қабілетті. Осылайша оқу арқылы толық мәдениетті адам қалыптасады, – дейді Гүлфайруз Қапарқызы. Бүгінде Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітап қоры 108 311 кітапқа жеткен. Кітапхана ұжымы кітап қорын сақтап қана қоймай, өңірдегі балалардың рухани байлығын арттыру мақсатында түрлі жобалар мен іс-шараларды іске асырып келеді. Мәселен, 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!» атты жас зерттеушілер байқауын атап өтсек болады. Туған жердің тарихын тану, аудан, ауылдардың әлеуетімен таныстыру, мәдени және киелі ескерткіштер туралы жан-жақты мәлімет беру мақсатында өткізілетін шараның балалар үшін маңызы зор. Сондай-ақ өңірден шыққан балалар жазушыларының балаларға арналған сан алуан тақырыптағы көркем шығармаларын насихаттау мақсатында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп оқитын оқырмандар арасында облыстық байқау өтуде. Байқау 2017 жылы Ескен Елубаевтың, 2018 жылы Сұлтан Қалиевтің, 2019 жылы Пернебай Дүйсенбиннің, 2021 жылы Әлдихан Қалдыбаевтың, ал былтыр балалар ақыны Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған. – Қазақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Жас буынды тәрбиелеуде ата-ананың, яғни отбасының орны айрықша. Бүгін шыққан ақпарат ертең көнеріп қалып жатқан жаһандану заманында бала тәрбиесі біршама қиындағаны белгілі. Өкінішке қарай, әке-шешенің таңның атысы, кештің батысы тірлік қамымен жүруі бала тәрбиесін тәрбиелеуші мен ұстазға артып қойды. Қазіргі заманда бұрынғыдай шамның жарығымен кітап оқитын бала немесе ертегі, өлең айтып беретін қариялардың да қатары сиреді. Бала электронды ақпаратпен күн кешуде. Осы орайда біздің кітапханамызда биылдан бастап бірнеше бөлімдерден тұратын «Отбасылық жедел жәрдем» арнайы әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жобаның «Емханадағы рухани терапия» бөлімі аясында ауруханаларда емделіп жатқан балалар мен жасөспірімдерге кітаптар ұзақ мерзімге беріледі. «Отбасы сіз үшін..» бөлімінде психологиялық тренингтер мен жаттығулар өткізіледі. «Біз біргеміз бәріміз» жобасы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі оқырмандардың үйіне барып қызмет көрсетіледі. Осы секілді басқа да көптеген жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – дейді кітапхана директоры.

Айша ҚҰДАЙБЕРГЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар