Адалдық пен ашықтық алға жетелейді
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Демек, адамдар арасында мемлекеттік қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз. Одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі де бар. Яғни кызметшінің кәсіби деңгейі мен жоғары моральдік адамгершілік қасиеттері қатар тұруы керек. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті қызметтік әдеп нормаларының сақталуына және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарымен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз етуге байланысты жеке құраммен түрлі семинар- жиналыстар өткізіп отырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киімі туралы негізі ұсынымдары бар. Бұл ұсынымдар туралы департамент қызметкерлеріне таныстырылған және басшылыққа алу туралы ескертілген. Аталған агенттіктің ұсынымы бойынша киімге қойылатын негізгі талаптарға: ұқыптылық, мұнтаздық, жайлылық және сыртқы бейнеге шамданудың болмауы жатады.
Мемлекеттік қызметші активтердің түгелдігін қамтамасыз етуге және қызметтік міндеттерді атқару үшін сеніп тапсырылған материалдық-техникалық ресурстарды (мүлік, көлік, жабдықтар, кеңсе заттары және тағы басқалары) күтіп ұстауға міндетті. Мемлекеттік қызметші сеніп жүктелген ресурстарды барынша ұтымды және тек қызметтік мақсатта тиімділік пен үнемділік қағидаттарына сәйкес пайдалануы керек. Басқа тұлғаларға да заңсыз іс-әрекеттерді жасауға мейлінше тосқауыл қоюымыз қажет және өз тарапынан қазынаның мүлкін үнемді, тиімді пайдаланып та мемлекетке орасан зор пайда әкелуге толық мүмкіндік бар. Қандай болғанда да мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте ұжым арасындағы моральдік-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында Әдеп уәкілінің бекітілген жұмыс жоспарындағы реттілігі бойынша әр тоқсан сайын анонимді сауалнама жүргізіліп отырады. Соның қорытындысы бойынша қызметкерлердің арасындағы, қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланып, қандай мәселелерге көбірек көңіл аудару қажеттігіне нақты кеңестер беріліп отырады. Осындай көпшілікпен жасалатын жұмыс ұжым арасындағы өзара қызметтік ынтымақтастықты нығайтуға, қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және ұжымды қызмет барысында ортақ мақсаттарға жетуге біріктіреді. Сондай-ақ облыстық жол патрульдік қызметкерлерінің қатысуымен департаменттің жеке құрамы арасында жол жүру ережелері мен басқа әкімшілік құқықбұзушылықтарды болдырмау жөнінде жиналыстар өткізіліп отырады.
Мемлекеттік қызметші әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынуы қажет. Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Әрқайсысымыз жұмыстан тыс уақытта өз іс-әрекетіміз бен мінез-құлығымызға жауапты екенімізді, ал кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауымыз қажет.
Осындай, қарапайым және күнделікті атқарылатын шаралар қоғамның ертеңгі дамуына үлкен үлесін қосатыны сөзсіз.
Заңғар НҰРҒАЛИ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің салааралық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Келесі мақала