Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Даму жолында аянып қалмаймыз

Даму жолында аянып қалмаймыз
ашық дереккөз
Даму жолында аянып қалмаймыз
Бұл өмірге адам болып келген соң туған еліңе қызмет етіп, еліңді, жеріңді гүлдендіру – әрбір азаматтың перзенттік парызы болса керек. Осы орайда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өсиетін еске алсақ, ұлт болып ұйысқан бір елдің қызметіне жарау адам баласына қанмен берілетін қасиетке байланысты екен. Әрине, қандай мамандық иесі болмасын, қоғамға қызмет етіп, елдік мүддені барлығынан биік ұстай алса, ол – оның адалдық принциптерінен аттамағанын, ар алдындағы тазалығын білдіреді. Бойдағы бар күш-қайрат пен жасымайтын жігерді, әсіресе жалындаған жастық қуатты туған елдің мүддесі жолында тынымсыз еңбекпен ұштастыра білсең, шын мәнінде, елге деген сүйіспеншіліктің, халқыңа деген қалтқысыз қызметтің көрінісі сол болса керек-ті. Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», деп текке айтпаса керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, ал күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында еңбек ету керек», деген. Қарап тұрсаң, адамның емес, халықтың ұлы болуға қажетті қағидалардың барлығын ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз айшықтап айтып кеткен. Ондағы айтпағымыз, осындай адал қасиеттерді бойына сіңірген азаматтар ел басқарып, халыққа қызмет етсе, ондай елдің болашағы жарқын, тәуелсіздігі тұғырлы болмақ. Бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына, рухани жаңғырудың жаңа бағытына бет бұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын міндет етіп, жаңа әрі «Әділетті Қазақстан» құру бастамасын үндеу етті. Міне, ел басшысының осы бастамаларын іске асыруда әлгінде айтылған адами қасиеттердің барлығы әрбір адамға керек-ақ. Кешегі Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысының да «Әділетті Қазақстан – адал азамат» тақырыбына арналуы – мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсетін ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымыздың әділеттілік пен адалдық принциптеріне негізделгенінің айқын көрінісі. Ендеше мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты өзектендіру, осынау мемлекеттік міндетті халықтың талап-тілегіне сәйкес жүзеге асыру мәселесі бүгінгі күннің басты құндылығы болып тұр. Олай болса, Мемлекет басшысының бастамаларын нәтижелі іске асырып, мемлекеттік саясатты жүргізу – мемлекеттік қызметшілерге байланысты деп білемін. Өйткені аталған тұжырымдама барлық азаматтардың өтініштеріне жәдел әрі тиімді әрекет ету арқылы жүзеге асады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға және онда қызмет істейтін азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жоғарыдан төмен емес, «төменнен жоғары» принципінің орындалуы жергілікті жердегі қарапайым қызметкерге тікелей байланысты. Сондықтан «ашықтық», «адалдық», «әділеттілік» қағидаттары қашанда алдыңғы орында болуы тиіс. Жалпы мемлекеттiк қызметшi деп – мемлекеттiк органдарда арнайы заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттiкпен жұмыс істейтін азаматтарды айтамыз. Мемлекеттік қызметші – бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің айнасы болуға тиіс. Яғни ол мемлекет пен қоғам мүддесін жеке мүддеден жоғары қойып, өзіне жүктелген жауапкершілікті кәсіби біліктілік және жоғары мәдениеттілікпен атқаруы керек. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев: «Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек», деп, мемлекеттік қызметшінің бейнесін айқындап берген болатын. Біріншіден, бұл қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге деген талаптың күшейтілгенін білдірсе, екіншіден, нағыз отаншыл, патриот, шынайы білімді, білікті азаматтарға «Мемлекеттік қызмет» деп аталатын мәртебелі міндетті орындауға жол ашары сөзсіз. Мемлекеттік қызметке орналасуға жоғары білімді әрбір азаматтың құқығы бар. Мемлекеттік қызметке кіретін азаматтарға бірқатар талап қойылады. Олар Қазақстан Республикасының азаматтары болуы міндетті және жасы 18-ге толуы тиіс. Сонымен қатар қажетті білімі, кәсіби даярлық деңгейінің болуы керектігі және тағы басқа да талаптар қойылады. Әрине, біз мұнда мемлекеттік әкімшілік қызметтер жайында сөз етпекпіз. Өйткені мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына және құқықтық жағдайына қарай екіге бөлінеді. Бірінші – мемлекеттік саяси қызметкерлер болса, олар тағайындалады, сайланады, яғни белгілі бір саяси міндетті айқындау мен атқаруға жауапты мемлекеттік қызметшілер. Ал екіншісі – мемлекеттік саяси қызметшілер құрамына кірмейтін, мемлекеттік органдарда кәсіби негізде лауазымдық міндеттерді орындайтын мемлекеттік қызметшілер. Міне, осындай мемлекеттік әкімшілік қызметке кәсіби лауазымдар бойынша жұмысқа орналасқысы келетін азамат «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған тестілеуден өтуге тиіс. Онда лауазымдық санаттары бойынша тест тапсырмаларының мазмұны мен саны өзгеріп отырады. Мысалы, ең төменгі С-R-5, Е-4, Е-5, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-3, Е-G-4 санаттарына арналған мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін үміткер мемлекеттік тілді білуге арналған 20 сұрақты және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған 100 сұрақты қамтитын тесттен өтуге міндетті. Оның ішінде үміткер 100 сұрақтың 50 пайызына және әрбір заң бойынша кем дегенде 5 сұраққа дұрыс жауап беруі керек. Сондай-ақ заңдар бойынша тесттен өткен соң міндетті түрде «Б» корпусының лауазымына үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтуі шарт. Сол сияқты лауазымдық санаттар жоғарылаған сайын тестілеу сұрақтарының да мазмұны жоғарылап, саны артып отырады. Осы тесттен өтіп, мемлекеттік қызметке тұру үшін бос мемлекеттік әкімшілік орындарға тиісті заңнама талаптары бойынша конкурсқа қатысады. Конурстық іріктеуден өтіп, мемлекеттік қызметке келген жас мамандарға арнайы қолдау көрсетіледі. Жас маманға 3 айға дейінгі мерзімге тәлімгер бекітіліп, оған мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттерін орындау жолдары үйретіледі. Осы орайда мемлекеттік қызметтің артықшылығы неде деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет істеудің бірқатар артықшылықтары бар. Бұл – алдымен, мансаптық өсу мүмкіндігі болса, одан кейінгі басты артықшылығы – тұрақтылық пен әлеуметтік қамсыздандыру. Өткен жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің айлығы екі есеге жуық көтерілгені белгілі. Енді тұрақтылық дегені айтпаса да түсінікті. Ал әлеуметтік қамсыздандыруға 2 айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы, қысқартылған жағдайда 4 жалақы көлеміндегі төлемдер және тағы басқа да әлеуметтік қолдаулар жатады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік ұйымдарда немесе жеке ұйымдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында грант негізінде магистратура және докторантураны оқу мүмкіндігі бар екенін де айта кеткен жөн. Бұл әсіресе жас мамандарға берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Әрине, осындай мол мүмкіндіктермен қатар, мемлекеттік қызметшілерге жоғары талап қойылатынын да айтуымыз керек. Біз жоғарыда мемлекеттік қызметшінің функционалдық қызметіне адалдығы мен кәсіби біліктілігін тілге тиек етсек, енді мемлекеттік қызметшінің бұлжытпай сақтауы тиіс әдеп нормалары жайында да айтып өтпекпіз. Мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен реттеледі. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, сыпайы болуы тиіс. Сондай-ақ азаматтар мен әріптестеріне құрметпен қарау, қарапайым болу, жалпыға бірдей моральдік-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау ең маңызды мәселе. Мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру, заңда белгіленген шектеулерді сақтау, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен сынға себепкер болмау да мемлекеттік қызметшіге тән қасиет. Мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу сынды көптеген қағидаларды олар қатаң сақтауы керек. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшінің іскерлік киім үлгісін сақтап, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қалыптастыруы да негізгі міндеттерінің қатарына жатады. Әдеп нормаларын сақтау бойынша мемлекеттік органда арнайы әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Әдеп уәкілі Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсетеді. Қажет болса, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, қызметтік әдеп нормаларының сақталуына мониторинг жүргізіп, бақылау жасайды. Осы орайда аудан аумағындағы мемлекеттік қызметкерлердің ахуалына да тоқталып өткенді жөн көрдім. Қазіргі уақытта аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бойынша мемлекеттік қызмет саласында бекітілген штат саны 174 бірлікті құрайды. Оның ішінде аудан әкімінің аппаратында – 22, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерде – 48, ауылдық округ әкімдіктерінде 104 шататтық бірлік бар. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, барлығы 172 мемлекеттік қызметші жұмыс істеуде. 2023 жылдың 6 айында 7 бос лауазымға 8 конкурс өткізілді. Оның ішінде ішкі конкурсқа 7 рет, жалпы конкурсқа 1 рет хабарландыру берілді. Аталған конкурстарға жалпы 11 үміткер қатысып, конкурс қорытындысы бойынша 6 адам жеңімпаз ретінде анықталып, тиісті лауазымдарға қабылданды. Ауысымдық, жұмыстан босау бойынша, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 24 мемлекеттік қызметші әртүрлі себептермен жұмыстан босатылды. Атап айтқанда, басқа лауазымға ауысуына байланысты – 17 адам, жеке өтінішіне сәйкес өз еркімен 2 азамат, негізгі қызметшінің жұмысқа шығуына сәйкес – 3, өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты 2 адам жұмыстан босады. Жалпы кадрлық таза ауысым тұрақтылығы сақталды. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша, биыл жалпы 51 мемлекеттік қызметші оқыту курстарына жіберілді. Оның ішінде 13 мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарынан, 38 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру семинарынан өтті. Сонымен қатар 3 қызметкерге тәлімгерлік және сынақ мерзімі тағайындалып, олар сынақ мерзімдерін сәтті аяқтады. Есепті кезеңде Аспара, Ақермен және Рысқұлов ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілді. Аудандағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты осынау іс-шаралардың барлығы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Түйіндей келе, еліміздің ертеңі – бүгінгі кәсіби қызметке байланысты, сондықтан қоғам тарапынан қойылатын зор сенімге селкеу түсірмей, қызметімізді «адалдық», «әділдік», «ашықтық», «сыпайылық», қағидаттарына негіздей отырып орындауға міндеттіміз демекпін. Сонымен қатар еліміздің дамуы жолында мемлекет пен қоғамның, билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, әділдік туын бәрінен биік ұстап жүрген әріптестерімді бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Амангелді НӘМЕТҚҰЛҰЛЫ, Меркі ауданы әкімі аппаратының басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар