«Жас ұлан» қандай ұйым?
Қазіргі кезде көшбасшылар қалыптастыруда «Жас ұлан» ұйымының алар орны ерекше. Жыл сайын «жасұландықтар» саны артып келеді. Осы жолы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Тараз қаласы №11 орта мектептегі жетекшісі Аида Аманбекова жолығып, аз-кем сұхбат құрдық.
– Аида Аманбекқызы, «Жас ұлан» қандай ұйым? Алға қойған мақсаты қандай?
– «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы – балалардың әлеуетін ашуға, жан-жақты дамытуға арналған қоғамдық бірлестік. Алғаш рет 2011 жылы 6 шілдеде құрылған. Биыл ұйымның ашылғанына тура 12 жыл болмақ. Осы жылдар аралығында игі істер атқарылып, балалар мен жасөспірімдердің дамуына жағдай жасалды. Ұйымның мақсаты – өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттыру, зерде-интеллектуалдық жағынан дамыту және рухани құндылықтарды дәріптеу, еңбекке баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, табиғатымызға жанашыр тұлға ретінде қалыптастыру. Сонымен қатар заңдарға бағынып, құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу.
– «Жасұландық» болудың шарты бар ма? «Жасұландықтар», «жасқырандықтар» деп те бөлініп жатады. Осыны түсіндіріп берсеңіз?..
– «Жас ұлан» ұйымына қабылдану үшін ең басты шарт – мектептің ең белсенді, озат оқушысы болуы тиіс. «Жас ұлан» екі бағыттан тұрады: 1-4-сынып оқушылары «жасқырандықтар» болып есептеледі, ал 5-11-сынып оқушылары – «жасұландықтар». Жалпы мектеп өміріне белсенді атсалысса, сабағын жақсы оқыса, еңбектенуден жалықпаса, ұйымға мүше болып кіру қиынға соқпайды. Егер «жасұландық» болып жатса, әрбір жасөспірім өзіне жақын бағытта жұмыс істесе болады. Не болмаса өзін жақсы көрсететін болса, әр бағыттың төрайымы болып, бағытты жандандыратын болады.
– 2022-2023 оқу жылында қандай іс-шаралар атқардыңыздар?
– Барлық игі істің басы-қасында осы жасұландықтар жүреді. Көбінде тазалық жұмыстары, табиғатқа қамқорлық, патриоттық әндер байқауы, Отанға деген сүйіспеншілік сынды шаралар өткіземіз. Атап айтсақ, «Қыран елім – Қазақстаным», «Балаларға қуаныш сыйла», «Ұланымыз ұлы елдің», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» сынды іс-шаралар өткіздік. Әр мезгілде сол бағытқа сай жиындар, концерттер, патриоттық шаралар ұйымдастырамыз.
– Аида Аманбекқызы, ұйым жастары патриотизмді қалай түсінеді? Мақсатымыз отансүйгіштік қасиетті арттыру деп қалдыңыз...
– «Қазақ жастарының әдет-ғұрыпқа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіспеншілігі жаңғырып келеді. Мұның айқын көрінісі – қыздар арасында қазақы тақияның қайта трендке айналуы. Жалпы қазақ жастарының киім кию үлгілері этностық стильде болып, белгілі бір ұлттық атрибуттарды қолдануы – ұлттық мәдениетке деген құрмет. Патриоттықтың негізі адамның адамгершілік деңгейінде өз мәдениетіне, тарихына, Отанына деген сүйіспеншілігінен басталады. Сондай-ақ патриотизмнің бір компоненті ретінде тілді алатын болсақ, қазіргі жастардың көбі қазақ тілінде сөйлейді. Патриотизм негізі үйден, балабақшадан басталады ғой. Мектепте біз әрмен қарай баулимыз. Мұндай ұйымдар керек-ақ.
– Байқауымша, ұйымның шәкірттері еріктілікпен де айналысады екен.
– Рас, ұйымның жастары мейірімді, озат, өз мектебінің белсенді мүшелері. Оларды біз қоғамға жанашыр болсын деп тәрбиелейміз. «Киелі табиғат» жобасы аясында сенбіліктер ұйымдастырып, мүгедектер мен ардагерлердің ауласын жинау, канал, сулардың қоқыстарын тазартып, осындай игі істермен айналысамыз. Табиғатқа қамқорлықпен қарап, ерікті оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырсақ дейміз. Жер-анамызды қоқыстан тазартуға барынша көңіл бөліп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұлдызай МУСАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала