Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұқтаж жандар мемлекет қамқорлығында

Мұқтаж жандар мемлекет қамқорлығында
ашық дереккөз
Мұқтаж жандар мемлекет қамқорлығында
Ерекше қажеттілігі бар адамдар қоғамның әлсіз топтарына жатады. Сондықтан да олардың құқықтарының тиісті деңгейде қорғалуына әр мемлекет ерекше назар аударады. Мүгедектік – қоғамға тән әлеуметтік құбылыс. Бұл мәселе жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар арнайы қарарлар шығарған. Біздің елде де осындай құжаттармен қоса заң аясында мүгедектердің құқығын қорғау, оларға әлеуметтік жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мүгедектігі бар адамдар жалпы 3 топқа бөлініп қарастырылады. Олардың бірінші тобы – аса ауыр деңгейдегілер болса, кейінгі екінші-үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жағдайы бірінші топтағыларға қарағанда жеңілірек. Қоғамдағы қызу өмірге араласу үшін мүгедектігі бар жандардың көпшілігі физикалық және психологиялық кедергілерге кездеседі. Біз мүгедектікті жеке адамның ауруы, кемістік мәселесі деп емес, қоғамның мәселесі деп қарастыруымыз керек. Сондықтан да алдымен мемлекетімізде қоғамдық сананың өзгеруіне күш салуымыз қажет. Елімізде мүгедектер мәселесіне байланысты оларды құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғау, материалдық көмек көрсету тұрғысында арнайы бағдарламалар жасалып, заңдар қабылданған. Мұнымен бірге оларды сауықтыру, қоғамға бейімдеу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету де басты орында. Бірақ басқа күрделі мәселелерді айтпағанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік нысандарға кіріп-шығуы толық ескерілмеген. Жаңа ғимараттарда болмаса, бұрын салынған ғимараттарда пандустар жасалмаған. Бізде тағдыр теперішіне ұшыраған кембағалдарды кемсіту, қоғамдық орындарда елемеу әлі де кездеседі. Өз ортасынан адами қолдау көрмесе, кейде заңсыздыққа тап болса, ерекше қажеттілігі бар адамдар еш жерге шағымданып жатпайды. Бірақ сау адамның дене мүшесінде, ақыл-есінде кемістігі барларға мұрын шүйіре қарауы адамшылыққа жатпайды. Мұндай жағдай олардың көңіліне қаяу түсіріп, жанын азапқа салуы мүмкін. Ең болмаса осыны ойлайық. Сондықтан да қоғамда мүгедектерге деген көзқарасты өзгерту, қоғамдық сананы жаңғырту кезек күттірмейді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, біздің елде өзге мемлекеттерге қарағанда жағдай біршама жақсырақ. Әр мемлекеттің болашағы халықтың денсаулығында, әрбір адамның амандығында.

Әнел ДОСЖАНОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар