Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа пән патриоттыққа баули ма?

Жаңа пән патриоттыққа баули ма?
ашық дереккөз
Жаңа пән патриоттыққа баули ма?
Данқты батыр Бауыржан Момышұлы «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз!» деген екен. Кішкентайынан ұлттық құндылықтардың уызына жарып, ел тарихын біліп өскен баланың «Отан» деген киелі ұғымның парқын жете білетіні анық. Осы мақсатта өткен жылдан бастап мектеп бағдарламасына «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» пәні енгізілді. «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы парасаттылық және әдеп, экология мәдениеті, азаматтық және патриотизм, өмір қауіпсіздігі, медиа және қаржылық сауаттылық салаларын қамтиды. Тараз қаласындағы №11 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Қайнарбаеваның айтуынша, курс 5-11-сынып оқушыларына арналған. Мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. – 5-11-сыныптарда «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» курсы факультатив форматында оқытылады. Курс «Қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік негіздері», «Азаматтық», «Парасаттылық пен әдеп», «Экология мәдениеті», «Сыни тұрғыдан ойлау», «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Медиа сауаттылық» сынды модульдерден тұрады. Мұндай тәжірибе шетелде бұрыннан қолданысқа енгізілген. Сондықтан аталған пәннің Қазақстанда да оқытыла бастағанына қуаныштымыз, – дейді Гүлжан Қайнарбаева. Ал ата-аналардың пікірі екіге жарылып тұр. Мәселен, аталған пән жайында ата-аналардың кейбірі оң көзқараста болса, енді бірі отансүйгіштік сезімін балалардың бойына сіңіру сіз бен біз ойлағандай оңай емес екенін айтады. – Жалпы мектеп бағдарламасына жаңадан енгізілетін пәндерге күмәнмен қараймын. Көбінесе мұндай өзгерістерді мектеп пен жоғары оқу орындарынан алыс жүретін қоғам қайраткерлері ұсынады. Отбасы мен Отанға деген махаббатты үйрету мүмкін емес. Сол себепті мұндай пәндерге қарсымын, – дейді Ботагөз Бақдәулетқызы есімді ата-ана. Ал оқушылардың өздері не дейді? Арман Бейсембаев Тараз қаласындағы №33 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Ол өзін нағыз патриотпын деп есептейді. – Біз өзіміздің ұлтымызды сүйетінімізді, кез келген жағдайда ұлтымыздың болашағы үшін күресуге дайын екенімізді басқаларға мақтана айтуға тиіспіз. Бұл күресте біз аса білімді және жылдам болуға міндеттіміз. Ол үшін бізге мықты денсаулық керек. Мықты денсаулыққа жету үшін жат қылықтардан, өрескел әдеттерден алыс жүруге тиіспіз. Әркім өзінің ата-анасын, бауырын, қарындасын, туып-өскен жерін, ана тілін, дінін жақсы көргені үшін айыпты бола алмайды. Жақсы көрмеген адам сатқын, екіжүзді болып есептеледі. Мен Отанымды сүйемін. Бұл пәннің берері көп болды, – дейді Арман.

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар