Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыланның «тілін» тапқан қыз

Жыланның «тілін» тапқан қыз
ашық дереккөз
Жыланның «тілін» тапқан қыз
Жылан – көру түгіл, айтуға да қорқынышты жәндіктердің бірі. Тропикалық ормандарда, саванналар мен батпақты аймақтарда тіршілік ететін жыланның бір түрі Тараз қаласының тұрғыны Дилана Жорабектің үйінде мекен етіп жатыр дегенге сенесіз бе? Үйінен кездейсоқ жылан шығып жатса, одан қауіптенбейтін қазақ кемде-кем. Оның келгенін жақсылыққа, байлыққа жорып қойып, одан құтылғанша асығамыз. Тіптен басына ақ құйып, нәрестедей күтіп-бағуымызға тура кеп жатады. Ол да жыланды сыйлағанымыздан емес, қорыққанымыздан... Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жыландармен достығы бала күнінен басталған. Ерекше өнер иесі – облыстық филармониядағы «Балауса» циркінің өнерпазы. Жыланың өзін арбаған ару мұнан бөлек Сэмми есімді ит пен көгершіннің «тілін» тауып, көрерменнің көзайымына айналып жүр. Диланаға бұл қасиет қанмен дарыған. Әкесі Талғат Альчикенов – есімі облысқа кеңінен танылған азамат. Облыстық «Балауса» циркінің көркемдік жетекшісі. Өңірімізге цирк өнерін алғаш әкелген өнерпаздардың бірі деуге келеді. Ол Тбилиси, Ашхабад цирктерінде жұмыс істеген. Тіпті бірнеше жыл Мәскеуде Юрий Никулинмен әріптес болып бір сахнада өнер көрсеткен. Оның қол астынан қаншама танымал цирк өнерінің жұлдыздары тәрбиеленіп шыққан. Т.Альчикенов сахнаға елімізде тұңғыш болып «Дала еркелері», «Арқанмен секіру ойыны», «Ақтолқын» үйретілген көгершіндер, «Икариика ойыны», «Буынсыз дене» нөмірлерін шығарды. Өнерлі әкенің отбасында тәрбиеленген Дилана бүгінгі таңда 3 метрлік питон тұқымды жыланымен билеп, тойсүйер қауымды таңғалдыруда. Амазонка жерінен 2014 жылы 5 жасында әкелінген ерекше жыланға Ақниет деген қазақша есім берген. Келген кезінде питонның ұзындығы 2 метр 20 сантиметр болған. Қазіргі кезде жыланның жасы 14-те. Дилананың ең алғашқы үйреткен жыланы – осы Ақниет. Білгеніміздей, бұл жыланмен билеу құны 20 мың теңге екен. Ал, екі жыланмен өнер көрсету – 35 мың теңге. Өзге аудандар мен облыстарға шықса, жолын есептегенде өнерінің құны 100 мың теңгеге жуықтайды. – Өнерлі жанның отбасында өскеннен кейін бұл нәрсе маған таңсық емес. Өзім ит, жылан мен көгершінді қолға үйрете аламын. Бірақ көгершін мен жылан жабайы болғандықтан көп тер төгуге тура келеді. Жыланмен би билеу, оны мойныңа жай асынып алу деген сөз емес. Ол өзінен адамдар не күтетінін түсініп, соны жасауы керек. Бұл – бишінің «әріптесі» ғой. Ал «әріптес» белгілі бір қозғалыс жасап, өз партиясын орындауы тиіс. Қазақстанға кішкентай ғана питон нағыз жабайы болып келді. Ол айналасында ойда жоқта тап болған адамдардың одан не қалайтынын түсінбеді. Басында үрейленген Ақниет мені тістелеп, тұншықтырғысы да келді. Бастапқы кезде оны қолыма алуға өзім де қорқатынмын. Қанша дегенмен түсі суық жануар ғой. Питонды ақырындап қолға үйреттім. Таңның атысы, кештің батысы қасында болып, қолыммен көтеріп, сипалап, мінезін түсініп, «тілін» таптым. Осылайша біртіндеп бір-бірімізге бауыр баса бастадық. Ал бүгінде біз тек биші «әріптестер» ғана емес, үлкен достармыз. Ақниеттің өзіне тән көңіл күйі мен мінезі бар. Ол мейірім мен нәзіктікті жақсы көреді. Егер ол өзі қаламаса, бір нәрсе жасату мүмкін емес, сондықтан да мен одан келісім алуды үйрендім. Біздер бір-бірімізді белгілі бір энергетикалық деңгейде түсінеміз. Айтпақшы, Ақниет адамдардың мінез-құлқын айыра алады. Жақсы адамдарға жақындап, жаман пиғылды адамдардан бойын аулақ салады. Бұл тойларда билеген кезімізде анық байқалады. Бірде мынадай оқиға болған. Тойда өнер көрсетіп жатқанымызда масаңдау бір ер кісі жыланның басын қатты қысып ұстады. Жаны бар жәндік қой. Ауруды сезініп ашуланған жылан әлгі адамды тістеп, тұншықтырғысы келді. Бірақ мен дер кезінде тыныштандырдым. Осындайда кейбір жандардың мәдени орындарда, рухани ләззат алатын концерттерде дұрыс демала білмейтініне, шын өнерді бағалай алмайтынына қынжыламын, – дейді Дилана Талғатқызы. Ақниеттің арнайы үлкен шыны аквариумы бар. Ішінде қыздырғыш лампасы болады. Питон сол жерде жатады. Тамақтандыру үшін оған арнайы коян береді. Жылан 2 айда 4 қоянды жұтады екен. Қоректенген соң тамағын 2-3 апта қорытып жатады. Ақниет ерекше күтімді ұнатады. Сол үшін питонды уақытылы шомылдырып тұрады. Ал жаз мезгілінде көк шөпке жібереді. Жылан күн сәулесін, ыстықты жақсы көреді. Сондықтан тек жылы, ыстық жерде жатады. Суықта денесі мұздап, жыбырламағандықтан қатып қалып, жүрек қағысы тоқтайды екен. Ондай жағдайларда Дилана жыланын ыстық етіп толтырылған суға жібереді. Ыстық суға түскен жылан 30 минутқа жетпей қайта тіріледі. Питонның мазасы болмайтын уақыт – терісін тастайтын сәттер. Ол кездерде кейіпкеріміз жыланының қасына жақындамауға тырысады. Өнер иесінің айтуынша, питон терісі түлегенде артық нәрсе жақтырмайды, тыныштықты қалайды. Сонымен қатар Ақниет басынан және құйрық жағынан ұстағанды ұнатпайды екен. Кейіпкеріміз өнер көрсететін «Балауса» циркінің жетістіктері жетерлік. 2004 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Дала еркелері», «Ақтолқын», «Буынсыз дене» қойылымдары бойынша лауреат атанды. Мұнан кейін де бұл ұжым аталған фестивальда екі рет сәтті өнер көрсетті. Сондай-ақ шығармашылық ұжым 2008 жылы Қытай Халық Республикасында, 2010 жылы Арменияда өткен цирк фестивальдарында жетістіктерге жетті. Үйінің тұңғышы Дилананың артынан ерген бауырлары – сіңілісі Инабат пен інісі Сағадат та цирк әртістері. Дилана Жорабек – екі баланың анасы. Ұлы Алан 3, кызы Хорлан 2 жаста. Екеуі де үйдегі алып жыланнан еш қорықпай ойнап жүреді. Бірақ балалары жыланға жақын келсе, өзі сырттан бақылап отырады. Баланың аты – бала. Байқаусызда жыланның ашуына тиіп алуы ғажап емес. Сондықтан питонның қасында жалғыз қалдырмайды. Әкесінің жолын қуған ол бұл күнде өзі де шәкірт тәрбиелеп жүр. Кішкентайынан циркпен біте қайнасқан ару бұл өнердің шын жанашыры. Болашақта облыстық цирктің басқа да хайуанаттармен толығып, дамығанын көргісі келеді.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ
Алдыңғы мақала
САЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

Ұқсас жаңалықтар